Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ КЕПІЛІ

ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ КЕПІЛІ

Орта Азия және қазақ топырағы сонау көне заманнан мәдениет пен өркениет ошағы болғандығы баршамызға мәлім. Ежелгі сақ-ғұн дәуірлерінен қалған «Алтын адам» сынды құнды жәдігерлерді айтпаған күннің өзінде Күлтегін, Орхон-Енисей жазулары мұның бірден-бір дәлелі. Сонымен қоса, әлем мәдениеті мен өркениетін байланыстырған Ұлы Жібек жолының қазақ даласы арқылы өтуі де оның ары қарай ілгерілеп дамуына зор ықпалын тигізді. Бұл тұста VII-VIII ғасырларда осы өңірлерге келіп жеткен Ислам дінінің рөлін тілге тиек етпеу мүмкін емес. Ислам діні келісімен түркі халықтарының көп бөлігі оны қабылдап қана қоймай, өз салт-дәстүрле­рімен ұштастырып, ұлттық саналарының қазығы етті.
Ислам дінінің кеңінен етек жаюы Орта Азия мен қазақ дала­сынан ғалым-ғұламалардың көптеп шығуына тікелей әсер етті. Ислам дін ретінде, мәдениет ретінде бұл өңірлерде кең тарауы­мен қатар, ғылым ретінде, ғылым­ның кілті ретінде де көпшілік назарын аударды. Ғылымға бет бұру арқасында Орта Азия мен қа­­зақ даласында өзіне тән ғылы­ми мектеп, ғылыми орта қалыптасты. Тіпті Ислам діні мемлекеттік дін статусына да ие болды. Қалыптас­қан ғылыми мектеп доктрина­лары осы мемлекеттердің Ата заңы қызметін атқарды. Сол ханафи-матуридилік доктриналар Орта Азияда саманилерден кейін би­лік құрған қараханидтер (389-607/999-1211) мемлекетінің діни идеологиялық платформасын құрады. Қараханидтердің билігі Орта Азиядағы Мәуренахр мен Түркістан аймақтарын қамтыды. Мемлекеттің рухани-мәдени орталығы Самарқан мен Бұхара болды. Қараханидтер кезеңінде Самарқан, Бұхарамен қатар, Орта Азия аймағының Өзгент, Ахси­кент, Касан, Марғинан, Қашқар, Баласағұн, Тараз және Испиджаб сынды өзге өңірлерінде де оты­рықшыл қала мәдениеті дамыды. Қараханидтер мемлекетін түркі қағанаттарының ішіндегі ислам дінін мемлекеттік ресми дін ретін­де қабылдап, өте сауатты діни саясат жүргізген алғашқы мем­лекет деп бағалауға болады. Қараханидтер кезеңінде көптеген ортағасырлық шығыс ханафи ғалымдары арасынан имам Матуридидің ілімі ерекше мәнге ие бола бастады.
Енді сол имам Матуриди ілімі­нің қара шаңырағы Мәуренахр мен Түркістан жерлеріне тоқталсақ:
«Мәуренахр» араб тілінен аударғанда «өзеннің арғы жағы» деген мағынаны білдіреді, яғни Амудария өзенінің арғы жағын мекен еткен халықтарға айтыла­ды. «Мауараннахр» деп аталуы және кейін де осы атпен тарихта қа­луы­ның түпкі мәні мынада жатса керек:
Біріншіден, географиялық тұр­ғыдан алғанда Ислам хали­фатының негізгі орталықтары саналатын Бағдат, Басра, Дамаск қалалары тарапынан қарағанда Амудария өзенінің шығыс жаға­лауы өзеннің арғы жағы болып есептелуі.
Екіншіден, этнологиялық тұр­ғы­дан алғанда бұл өңірді мекен ет­кен халықтардың көпшілігі түркі және парсы тектес халықтар бо­луында.
Үшіншіден, саяси-әкімшілік тұрғыдан алғанда өзеннің бер жағындағылар Аббаси халифаты­ның толығымен қол астында болса, өзеннің ар жағындағы­лардың жартылай немесе кейбі­рінің толықтай тәуелсіз болуында.
Төртінші себебі әрі ең маңыз­дысы – ғылыми тұрғыдан алғанда Мәуренахр өңірінің тұтастай ханафи құқықтық мектебімен қоса, Мәтуриди сенімдік мектебін ұстануында. Мәтуриди сенімдік мектебінің негізгі ерекшелігі: Ислам дінінің басты қайнар көздерімен қоса, өз зерттеулерінде рационалдық әдісті кеңінен қол­дануларында, бұл дегеніміз – ақыл мен нақылдың әрқайсысын өз орнымен, өз ретімен қолдана отырып, екеуін бір-біріне қайшы келмейтіндей етіп ұштастыру.
Үлкен ғылым мен мәдениет орталығы болған Мәуренахр жерінің біршама бөлігі қазіргі Қазақстан территориясының оңтүстік аймағына тиесілі екені мәлім. Алайда араб әдебиеттерінде Мәуренахр деп тек шектеулі тер­ри­торияны ғана емес, кері­сінше, Амударияның солтүстігінде ор­наласқан барша ислам мемле­кеттеріне берілген атау. Бұл тұстан қарағанда Қазақстан террито­риясының барлығын жатқызуға болады. Өйткені Мәуренахрда ғылым өте үлкен қарқынмен дамып отырған болса, еліміздің басқа өңірлері осындағы ғылым­нан сусындап, нәр алып отырған.
Мәуренахр жерінен шық­қан ғалымдар санының көптігі сонша, ешкім олардың санын кесіп айта алмайды. Тек Түркістан мен Фараб қалаларының өзінен қаншама әл-Фарабилер мен ат-Түркістанилер шыққан.
Араб тілінде жазылған көп­теген қолжазбаларда және басы­лып шыққан кітаптарда «ат-Түркістани» немесе «ат-Тарази» есімдері көптеп кездеседі. Есімізді жиып, іргемізді көтергелі сол ғалымдар мен олардың еңбектерін іздеп тауып, зерттеп, зерделеп, оқырман назарына ұсыну ‒ біздің бабалар алдындағы асыл боры­шымыз. Бұл зерттеулердің басы, Құдайға шүкір басталып та үлгерді. Мысалы, «Хибатулла ат-Тарази және оның рухани мұрасы» деген ат­пен жарық көрген Ә.Дербісәлі ата­­мыздың еңбегін атап өтуге болады.
Хибатулла ат-Тарази – Тараз қаласынан шыққан ханафи-ма­туриди ғалымы. Ол кісі ‒ Хазіреті Әбу Ханифа мен оның шәкірт­терінің ақидасын, яғни діни сенім-көзқарастарын жеткізген «Тахауи ақидасы» атты мәтінді кеңінен түсіндіріп жазып қалдыр­ған әйгілі матуриди ғұламасы.
Әл-Фарабилерге тоқталар болсақ, ғалымдарымыздың ай­туын­ша, қазақ топырағы 30-дан астам әл-Фарабилерді тарту еткен екен. Олардың кейбірі қазіргі таңда зерттеліп, еңбектері қайта өңделіп қолымызға жетіп жатса, қолжазба күйінде архив­терде шаң басып жатқаны қан­шама?! Әл-Фараби сөзі «Фараб» қаласынан, яғни «Отырар» қала­сынан шыққан деген мағынаны беретінін ес­керсек, Отырар қаласының қан­шалықты үлкен ғылым ордасы болғанын аңғару қиын емес. Бұған қоса, Отырарда алып кітапхананың болғаны да сөзіміздің айқын дәлелі. Сол ғұламалардың бірі әрі бірегейі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби.
Әбу Насыр әл-Фараби – Ислам философиясының негізін қалау­шылардың бірі, үлкен ойшыл, энциклопедист ғалым. Оның қалам түртпеген саласы кемде-кем. Әсіресе, оның әлеу­меттік және саяси тақы­рыптарда жазған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» сынды трактаттары бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қазіргі таңда Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы өзінің тарихи Отанына оралып, Егемен Қазақ­станның ұлттық брендіне ай­налып отыр.
Байқағанымыздай, Орта Азия мен қазақ даласында ғылым мен мәдениет қоса дамып, әлемдік өр­кениеттің ілгерлеуіне үлкен үлесін қосқан. Ислам дінін то­лыққанды түсініп, тағылым­дарына дұрыс амал етудің арқа­сында ешқандай діни теке­тірес орын алмаған. Керісінше, Ислам өркениетінің аясында қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман тудырып, тыныштық пен бейбіт­шілік сая­сында ғұмыр кешкен ата-баба­ларымыздың ойларына діни ала­уыздық, экстремизм, терроризм, радикализм сынды теріс пікірлер кіріп те шықпаған. Өйткені олар Ислам дінінің ақиқатын терең түсініп, салғырт, үстіртін ойлаудан барынша аулақ-тын.
Біз де өз кезегімізде еліміздің іргесін биік қалап, өсіп-өркен­дейміз һәм елімізде орын алып жатқан түрлі қақтығыстардың алдын аламыз десек, міндетті түр­де ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұстанған Ислам мәдениетін толық зерттеп, оны барша әлеуметке, әсіресе, жат ағымның ықпалына көнуге бейім жастар қауымына кеңінен наси­хаттауға тиіспіз. Сонда ғана еліміз­ді ради­кализм, экстремизм, терроризм үрейлерінен аман алып қалмақпыз. Бейбітшілік пен ынты­­мақ орнаған жерде ғылым да, мәдениет те дамы­мақ. Ата-бабала­рымыз ұстан­ған жолды мықтап қармансақ, арамыздан Ибн Сина­лар, әл-Фарабилер, ат-Түркіста­нилердің шығуы да еш ғажап емес.
Сондықтан рухани жаңғыруы­мыздың кілтін алыстан емес, төл тарихымыздың қойнауынан іздеуге тиіс екенімізді жадымыздан шығармағанымыз абзал.«Бәрін айт та бірін айт» демекші, мәту­риди сенім мектебі мен ханафи құқық­т­ық мектебі сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі Исламның негізін құрай­тын­дық­тан, Ислам дінінің құнды­лық­тары мен оның әдептерін бұхара ха­лыққа таныстыру ‒ тәуелсіз Қазақ­станның рухани жаңғыру кепілі екен­дігін нық сеніммен айта аламыз.
Есдәулет ЕРГЕЛДІ,
әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дың
ғылыми қызметкері
30 желтоқсан 2017 ж. 1 556 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930