Жетістікке жетелеген жемісті жоба
Шиелі өңірінде соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытып, ет экспортын еселеуге ерекше ден қойылып келеді. Соған сай, төрт түлік санын көбейте түсуді көздеген келелі бастамалар молынан қаржыландырылып, ұнамды көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасын айталық. Оның ауылдағы ағайынға берер жәрдемі мол. Жетістікке жетелеген жемісті жобаның тиімділігін аудан жұртшылығы да сезініп, қазіргі күні ынталы азаматтар табысты кәсіпкер атанып отыр.
Биылғы жылы аталған бағдарлама аясында ауданға 325 бас мүйізді ірі қара малының аналығын шет елден алдыру жоспарланған. Қазіргі күні Ақмая ауылдық округіне қарасты «Әсет» шаруа қожалығы «Қалмақ» тұқымды мүйізді ірі қараның104 басын жоспар бойынша, одан бөлек 16 басын өз қаражаты есебінен Ресей елінен әкелген.
Қой малына қойылған меже
Ал, ауданға алдыратын асыл тұқымды қой малына қойылған меже – 7800. Осыған орай «Жұма-Д», «Жұман ата», «Заңғар», «Құрбанәлі» шаруа қожалықтарының иелері «Сыбаға» бағдарламасы аясында мемлекеттен қажетінше несие алып, қой басын көбейту жұмыстары жасалуда. Одан бөлек «Төңкеріс К» және «Ақмая» шаруа қожалықтары да әрқайсысы мың бастан қой сатып алуға ниетті.
Инвестиция
Соңғы жылдары елімізде шикізаттан гөрі дайын өнімді өндіруге басымдық берілуде. Оның жергілікті бюджетке келтірер пайдасы да орасан болмақ. Осы орайда ауданда атқарылып жатқан қарқынды жұмыстарға тоқталмасқа болмас.
Биылғы жылы іске қосуды межелеген ірі агроөнеркәсіптік жоба – «Сыр агро и К» ЖШС болып отыр. Жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орнының негізгі мақсаты – 1100 басқа арналған тауарлы сүт фермасын құру. Дәл қазір аумағы 20 га жерге электр сымдары тартылып, арнайы ұңғымалары қазылып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Жыл соңына қарай нысан іске қосылған кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 5,3 мың тонна сүт өндіріледі деп жоспарлануда.
Одан бөлек Сұлутөбе ауылындағы «Әбдірәсіл» шаруа қожалығында асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін репродуктор шаруашылық құру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Бұл мақсатта Арал ауданынан 70 бас қазақы ақбас тұқымды сиыр мен элита сыныпты 3 бұқа алынған. Осы орайда жоғарыда айтқан Ақмаядағы «Әсет» шаруашылығында да жоспар белгілі. Бұған дейін ауданда мал бордақылайтын алаң жоқтың қасы болатын. Үстіміздегі жылы ондайдың үшеуі салынбақ. Мұның өзі өңірдегі мал шаруашылығының қарқынды дамып жатқанының көрінісі болса керек. Солардың бірі Төңкерістегі құны 270 млн теңге болатын 1000 басқа арналған «Жылқайдаров» мал бордақылау алаңы. Нысанды жыл соңына қарай іске қосу жоспарланып отыр.
Далаға дән себілді
Биыл аудан бойынша егістік көлемін 27 мың гектардан аса аумаққа жеткізу жоспарланған. Ал, негізгі дақыл – күрішті 12 мың га жерге егу жоспарланып,қазіргі таңда 7670 га жерге тұқым себілген. Одан бөлек әртараптандыру бағдарламасы аясында күздік және жаздық бидай, тары, жүгері, мақсары, жаңа және ескі жоңышқа, мал жемдік асқабақ, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары жасалып жатыр. Жалпы даладағы дүбір қарқынды.
Цифрландыру
Сан саланы қамтыған цифрландыру жұмыстары ауылшаруашылығын да айналып өтпеді. Бұл ретте «Ақмая» шаруа қожалығындағы өсімдік шаруашылығын цифрландырудың басым элементтерін енгізу жұмыстары биылғы жылдың басты жаңалығына айналып отыр. «Өндірістегі инновациялық даму» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асатын жобаға облыстық бюджеттен 52,9 млн теңге қаралған. Бүгінде Алматы қаласындағы Ж.Жиенбаев атындағы «Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу» институты мен Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғалымдарымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 800 гектар егістік жерінің топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізіліп, қоректік бөлудің картограммалары жасалған. Бұл платформа егіс алқабындағы барлық деректерді яғни, егу мерзімін, сорттары мен будандардың кезеңін, топырақтың құрамын, тыңайтқыштарды ұтымды пайдалану жолдарын бақылауға мүмкіндік береді. Аталған шаруа қожалығында соңғы үлгідегі сенсорлық технологиямен жабдықталған қос комбайн қолданылуда. Осылайша жуық арада «Ақмая» шаруа қожалығын «Ақылды ферма» басқаратын болады.
Алмаға амал айрықша
Ауданда тамшылатып суару әдісімен 50 гектар алма бағы өсірілуде. Оның 15 гектары биыл егілген. Жеміс ағашы негізінен Ақтоған, Тартоғай, Гигант, Талаптан, Сұлутөбе ауылдық округтерінде орналасқан. Суды үнемдеп пайдалану мақсатында Жаңатұрмыстағы «Байсын» шаруа қожалығы ашық топырақта тамшылатып суару әдісімен 13 гектар жерге, ал Ақмая, Алмалы, Ақтоған, Талаптан ауылдарында пленка қолдану әдісімен 155 гектар жерге көкөніс дақылдары егіліп, өсірілуде. Одан бөлек жыл басында 1 га жерге егілген жылыжайдың қазіргі уақытта алғашқы өнімдері жемісін беріп жатыр.
Басқарманың жаңашыл
бастамасы
Бүгінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастамасымен шаруашылық құрылымдары мен тауар өндірушілерінің өнімдерін, тұқымдық, қажетті қызметтер мен ауыл шаруашылығы техникаларын, тыңайтқыштар мен химикаттарды тұрақты жерден немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ тиімді бағада сату, сатып алу және айырбастау мақсатында «агробиржа» атты электронды сауда сайты іске қосылған. Оған аудандағы 98 шаруа қожалық тіркеліп, өз өнімдерін жарнамалап, игілігін көруде. Ал, qoldau.kz веб-порталында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқабының электронды картасы енгізіліп жатыр.
Дән мен төлдің қадірін қазақ білген
Мемлекет басшысы бір кездері егістікке пайдаланылған, кейіннен қараусыз бос жатқан жерлерді инженерлік жүйеге келтіріп, ауылшаруашылығы өндірісіне пайдалануды тапсырған болатын. Мұндай алқап ауданда 28 мың гектарды құрайды. Жыл басынан бері оның 4,5 мың гектары қалыпқа келтіріліп үлгерген.
Халқымыз мал шаруашылығы мен егіннен несібе мол болатынын бұрыннан білген. Алқаптағы әрбір дән мен қорадағы әр төлін көзінің қарашығындай күтіп баптап, адал еңбек, маңдай термен тапқан пайданың берекелі болары сөзсіз.
Гүлхан ЯХИЯ.