Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ қойы Иранға экспортталды

Қазақ қойы Иранға экспортталды


Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мақсатында еліміздің сырт елдермен жасаған меморандумдар нәтижесін шиелілік шаруалар да көре бастады. Егін мен мал шаруашылығын ежелден кәсіп еткен Сыр өңірінде бүгінде бұл салада игілікті істер қолға алынуда. Кооперативтер құру, мал бордақылау алаңдарының салынуы мен шаруашылық кешендеріне көңіл бөлінуі сөзге дәлел. Ауыл шаруашылығын ілгерілету үшін жаңа жобалар жүзеге асырылып, жарқын істерге жол ашылуда.
Жалпы ауданымызда бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен қарқынды түрде айналысуда. Себебі, еті де, терісі де бағалы қой үлкен сұранысқа ие екені айтпаса да түсінікті.
Қаракөл шаруашылығы – Қазақстанның қой шаруашылығындағы келешегі мол саланың бірі. Оның бас­ты өнімі эстетикалық жағынан құнды болып есептелетін қаракөл елтірісі, сондай-ақ қой еті, ірі талшықты жүн өндіру болып табылады. Ал, бұл қой тұқымы ұзақ қашықтықта, тәулігіне 10-15 шақырымға дейін жайыла алады. Ішілген судың жоғары минералдануын және ауа температурасының күрт ауытқуын жақсы көтереді. Оның үстіне қаракөл қойы әлемдегі ертеден келе жатқан мал тұқымдарының бірі болып табылады. Сол себепті де сала мамандары көзiн тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған жергілікті кәсіпкерлердің қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөнiндегi жұмыстары өз нәтижесiн бере бастады.
Жуырда ғана Гигант ауылдық округіне қарасты «Тұлпар» шаруа қожалығы жергілікті жердің сұранысынан артылған қойларын Иран мемлекетінің нарығына жөнелтті. Үш көлікке тиелген 525 бас ұсақ мал алдымен Тараз қаласына жеткізіледі. Сол жерден сойылып, арнайы ет сақтайтын құрылғыларға орналастырған соң, Иран Ислам республикасының Мазандаран қаласына жөнелтілетін болады.
– Экспорттау жұмыстары әлемдік нарықтағы сұраныс талаптарына сай жасалды. Аса қауіпті ауруларға қарсы ветеринарлық тексерістерден өткізілді. Жергілікті ветеринарлар малдың клиникалық саулығына, жұқпалы аурулардан ада екендігіне көз жеткізді, – дейді «Тұлпар» шаруа қожалығының төрағасы Әбдіғани Шорабаев.
«Тұлпар» шаруа қожалығы 2013 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Мұнда 120 бас мүйізді ірі қара, 2200 бастан аса қаракөл қой малын өсіруде. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен қой малынан тұқымдық түрлендіруге қатысып, мал басын асылдандыру жұмыстарын жандандыруда. Жалпы, «Тұлпар» шаруа қожалығы аудандағы ауыл шаруашылығы саласының экономикалық өсіп өркендеуіне және дамуына үлес қосып келеді.
Айта кету керек, экспортталған тоқтылар қаракөл тұқымды. Қойдың дәл осы түріне шетелдіктердің сұранысы жоғары. Бұған дейін Иранға Майлытоғайдағы «Асан» шаруа қожалығынан 200 бас қой жеткізілген болатын.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.
15 желтоқсан 2018 ж. 2 481 0