Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылды технология – алқаптағы шығынды азайтады

Ақылды технология – алқаптағы шығынды азайтады


– Кеше ғана біз Мәскеуден келдік. Республика премьер-министрі делегациясының құрамында Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барған едік. Сол сапарда қызылордалық жастарға басқа да мамандықтар бойынша федерация есебінен оқытудың қосымша гранттарын алу келісілді. Құдай қаласа, талпынған таудай талабы бар, елінің, халқының әл-ауқатының артуына, дамуына үлесін қосамын дейтін жастарға қосымша оқу гранттары арқылы жағдайлар жасалады. Сіздерге де кадр жағынан үлкен көмек болады деп сенемін, – деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев ауданда өткен облыстық «Дала күні» дәстүрлі семинар-кеңесінде.

Иә, өткен сенбіде сырбойылық шаруалар Шиелі ауданындағы Ақмая шаруақожалығының егіс алқабында ұйымдастырылған алқалы жиында бас қосты. Шараға аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, облыстық басқармалар, салалық мекеме, ұйым басшылары, сонымен қатар, Қазақстандағы іргелі республикалық маңыздағы ғылыми зерттеу институттарының жетекшілері, ғалымдары, алпауыт агротехника компанияларының өкілдері де қатысты.Семинарда күріш егісінде алғашқы дән себу рәсімі өткізіліп, шаруашылықтағы «Akmaya Smart Farm» жобасының жұмыстары таныстырылды. «Ақылды ферма» дегенді білдіретін бұл жоба бойынша егіс алқабы түгел цифрландырылып, жердің бедері, егістіктің жай-күйі, оның ауруы, арамшөптер мен зиянкестердің таралу аумағы, топырақ құрамы, минералды тыңайтқыштар көлемі арнайы компьютерге автоматты түрде енгізіліп, сақталып, есептеліп, сол арқылы деректер базасы жасақталып, арнайы мониторингке сәйкес жұмыстар жасалатын болады. Бұл облыста алғаш қолға алынған пилоттық жоба болып саналады. Семинар қонақтары шаруашылықтың осынау жаңа жобасымен танысып, оң бағасын берді.
Шаруалардың дүбірлі шарасында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы қызылордалық жастар үшін алдағы уақытта агрономия саласы бойынша қосымша оқу гранттары бөлінетіндігін меңзеп, осы арқылы келешек Сыр бойында диқаншылықтың одан әрі дами түсетіндігін жеткізді. Диқаншылықтың дами түсетіндігі дегенде, біз бұрынғыдай қара күшпен қаржыға емес, ақыл мен сандық технологияға арқа сүйейтіндігіміз сөз болды. Сонымен бірге, сала мамандары, ғылыми зерттеу институттары мен агротехника компанияларының өкілдері ауылшаруашылығын цифрландыру, егіншілікте агродрондарды пайдалану, ауылшаруашылығын әртараптандыру, суландыру жүйелерін жаңғырту, үнемді пайдалану мәселелерін қозғады. Онда аймақтың алдағы жұмыс міндеттемелері, ұсыныс-кеңестері тыңдалып, жоспарлары пысықталды.– Биылғы дән себу рәсімін өткізу үшін Шиелі ауданы, Ақмая ауылын бекер таңдаған жоқпыз. Себебі, күріш өсіру тарихына үңілсек, осы ауылдың топырағы кезінде 16 Социалистік Еңбек Ерін шығарған қасиетті мекен. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша елімізде аграрлық салада маңызды жобалар іске асуда. Сыр өңірінде де бұл бағытта нәтижелі жұмыстар жасалып, жыл сайын ел қамбасына жарты миллион тонна сыр астығын құйып келеді, – деді аймақ басшысы Қ.Елеуұлы өзінің алғы сөзінде.
Семинарда баяндама жасаған облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Б.Жаханов:
–Биыл облыс бойынша 178,6 мың га ауылшаруашылығы дақылы, оның ішінде 93,5 мың га дәнді дақыл 7,2 мың га майлы дақыл 17,2 мың га картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілетіндігін ал, сыр салысын 83 мың га жерге егу жоспарланғандығын сөз етті. 2019 жылға бекітілген ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес тұрақты суғаруға 4,2 млрд текше метр су қажет. 2019 жылғы 18 сәуірдегі жағдай бойынша, Шардара су қоймасында 5,1 млрд текше метр, Көксарай су реттегішінде 2,1 млрд су жиналуда, – деді басқарма басшысы.
Кеңесте Жалағаш, Қазалы, Шиелі аудандарының әкімдері де баяндама жасап, көктемгі дала қосындағы тірліктің қызу жүріп жатқандығын, техника, жанар-жағар май, тұқымдықтардың мәселесі түбегейлі шешімін тапқандығын атап өтті.
Жалпы қай салада болсын, ғалымдармен бірлесіп, өндіріске, шаруашылыққа ғылыми жаңалықтарды үйлестіре енгізген тиімді болмақ. Бұны өмірдің өзі дәлелдеп бергені қашан.
Семинарда баяндама жасаған Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтының басшысы Бақытжан Әлішерұлы егіс көлемін әртараптандыру мәселесі бойынша құнды ұсыныстарын айтып өтті. Ол:
– Түйежоңышқаға аса назар аударайық. Себебі бұл екі жылдық дақыл. Топырақтың тұздылығын жояды. Жырту қабатында 15-18 тоннаға дейін органикалық қалдықтар қалдырады. Көптеген арам шөптердің өсіп жетілуіне шектеу жасайды. Қалған қалдықтары топырақта минералды формаға ауысады. Одан кейін өзіне егілген күрішке көп мөлшерде қорек болады.
Бұрынғы жылдары аймақта егілген түйежоңышқа сорттарының жапырақ үлесі өте төмен болатын. Уақытылы жиналмаса, сабақтары сояу болып қалатын. Оған қосымша құрамында формалин қышқылы көп мөлшерде болғандықтан мал сүйсініп жей алмайтын. Кейінгі жылдары Сарайшық және біздің институттың бірігіп шығарған «Алаулы» сорттарында жоғарыда көрсетілген теріс қасиеттер жоғалған. Керісінше, жапырақтарының үлесі 48-50 пайызға жеткізілген. Әсіресе, жергілікті «Алаулы» сорты табиғи климаттық және тұзды топырақты жағдайға өте жақсы бейімделген. Күріштің ауыспалы егіс түрінің көлемін келешекте 37-50 пайызға дейін қысқартқан жағдайда біз әртараптандырылған дақылдардың үлесін 50-62 пайызға дейін арттыруымызға болады. Өздеріңізге белгілі Қызылорда облысында құрама жем зауыты салынған. Оны қайда өткіземін демейсіздер, соя, мақсары секілді кез келген дақылдарды өсіру арқылы өткізетін жеріміз бар. Экономикалық жағынан ұтылмаймыз. Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты өзіміздің Алматыдағы өсімдік қорғау институты және егіншілік ғылыми зерттеу институтымен, Тараздан келіп отырған су шаруашылығы ғылыми зерттеу институттары барлығымыз біріге отырып, осы өңірдің проблемасын шешуге біздің ғалымдар сіздерге қызмет етуге және өнімділіктеріңізді 50 пайызға дейін арттыруға кепілдік беру үшін жұмыс істеуге дайынбыз, – деді ғалым.
Цифрлық технологияны енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру күн тәртібінен түскен емес. Соңғы жылдары еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бағытында «Джондир» компаниясының ақылды техникаларын қолдану, заманауи техникаларға шаруалардың қолжетімділігін арттыру бағытында мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Семинарға аталған компанияның еліміздегі серіктесі «Еуразия групп Қазақстан» компаниясының агроменеджмент бөлімінің жетекшісі А.Ақжолбаева қатысып, баяндама жасап, техникаларын ұсынды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан бойынша компанияның15 мың техникасы диқандарға сатылып, дала төсінде ел ырзығының артуына септігін тигізіп, жұмыс жасап жатқан көрінеді.
– Сіздер облыстың суармалы егістік көлемін 300 мың гектарға жеткізу туралы облыс әкімінің шешімі қабылданғанын білесіздер. Бүгінде арнайы топ құрылып, жұмыс істеп жатыр. Мамандардың зерттеулері бойынша бізде қосымша 95 мың гектар суармалы егістік жерлерін іске қосуға мүмкіндік бар. Бұған қосымша су көздері қажет болады. Дегенмен біз бұл жерлерге күріш пен бірге суды аз қамтамасыз ететін өнімділігі жоғары сұранысқа ие дақылдарды орналастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Күміскеткен, Қараөзек су қоймаларына үкімет қолдау жасады. Жақында Қызылорда облысының әлеуметтік экономикалық дамуының кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бектіледі. Аталған су қоймаларына 1,5 млрд текше метр су жинау, «Қызылордагидроузелінің» күрделі жөндеуі, «Саратс» жобасының екінші кезеңі басқада мәселелер осы жоспарға кірген. Бүгінгі таңда Күміскеткен су қоймасының жоба сематасына қаржы бөлінді. Дегенмен Сырдария өзеніндегі судың шектеулі екендігін ескере отырып, жерасты сулары мен су үнемдегіш технологияларды тамшылатып, жаңбырлатып, суғару жүйесін пайдаланатын уақыт келді, – деді аймақ басшысы Қ.Елеуұлы.
Семинарға арнайы шақыртылған «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының директоры Н.Балғабаев:
– Қазақстандағы суармалы егістік жерлерінің 96 пайызы оңтүстік өңірлердің еншісінде. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында суды тұтыну көлемі жылына 20,8 текше шақырымды құрайды. Бұның 60 пайызы ауылшаруашылығы егісінің еншісінде. Ал, өз кезегінде оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жеткен. Қазақстан Республикасында 2028 жылға дейін жалпы суармалы егістік көлемін 3,5 млн гектарға арттыру жоспары бар. Дегенмен, бүгінгі таңдағы өзіміздегі бар жерге су жеткізе алмай отырғанда бұл қосымша ашылатын гектарларға қалай су жеткіземіз деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл үшін біз осы семинар барысында қайталап айтып отырған суды үнемдеу технологиясын ендіруіміз керек. Су ресурстарын тиімді басқару және есепке алуды, су өлшеу құралдарын пайдалануды бастағанымыз жөн. Ондай құралды біздің институт өндіріске енгізген. Бұл құрылғылар көршілес Түркістан облысындағы 21 гидроузелге орнатылған. Қызылорда облысында осыдан 1 жыл бұрын Қарауылтөбеге орналас­ты, – деді.
Семинар барысында аймақ басшысы Сыр өңірі диқандарының, ауылшаруашылығы саласының алдағы жұмыс жоспарларына тоқталды. Тиісті сала, мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне міндеттемелер жүктеді.
Осы орайда ауылшаруашылығы дақылдары көлемінің бекітілген сызбаға сәйкес орналасуын бақылау, шаруашылық каналдары мен гидротехникалық құрылыстарды жөндеуді қамтамасыз етуді ұйымдастыру міндеттелді. Егіс көлемдерін әртараптандыруды жалғастырып, майлы дақылдар мен мал азығы дақылдарының көлемін ұлғайту, картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуде тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдістерін қолдану арқылы сауармалы егіс көлемін ұлғайту шараларын одан әрі жалғастыру ұсынылды. Сонымен қатар, өндірісті жылыжайларды салу, көпжылғы жеміс ағаштарын отырғызу көлемін ұлғайтуға байланысты жасалған жоспар өзінің жалғасын табу керектігі пысықталды. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына инвесторлар тарту, экспортқа бағытталған өндірістерді құру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру, әсіресе, өсімдік майы, көкөніс, бақша, картоп өңдеу зауыттарына байланысты жобаларды облыс әкімдігінің қолдайтындығы айтылды. Пилотты шаруашылықтарды анықтап, ауылшаруашылығы саласының тиімділігін арттыру үшін ғылыми жетістіктерді, сандық технологияларды өндіріске енгізу, осылайша жоспарлау және нақты егін шаруашылығын жүйелі жүргізуді аудан әкімдеріне тұрақты түрде қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Семинардан облыс бойынша келген шаруашылық жетекшілері мол тәжірибемен қайтты. Әсіресе, отандық өнім «Қарлығаш» атты дронға жиналғандардың қызығушылығы жоғары. Салмағы 9 келіні құрайтын бұл құрылғы 20 келіге дейінгі жүкті көтеріп ұшып, көлемі 5 гектар алқапқа дәрі-дәрмекті еркін себе алады. Бұдан бөлек түрлі тыңайтқыштар, минералдар, зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмектер көрмесінен көпшілік диқан өздеріне қажетті ақпараттарға қанықты.

Нұрболат ПІРІМБЕТ.
30 сәуір 2019 ж. 1 004 0