Жат ағым жастарды жаңылтпасын
Қой терісін жамылған қасқыр секілді, Ислам дінінің жамылғысын жамылып, елді дүрліктіріп, дінді қаралап жүрген жат ағымдар тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселе. Олар жақсылыққа шақырып, қамқорлықты үгіттеудің орнына, қан төгіп, Исламды қатыгез қылып көрсетуде. Жат ағымның жетегі жақын болмағанымен, еліміздің қаншама азаматы оған жегіліп, шекара асып, отбасыларынан жырақтады. Тура жолды табамыз деп, туыстарынан айырылды. Бақытқа кенелеміз деп, бастары қайғыға ұшырады.
Тән тазалығымен қоса жан тазалығын сақтауға, бауырмалдылықты арттырып, кішіпейілділік көрсетуді, ата-ананы құрметтеумен бірге, ағайын-туыспен жақын болуды үйрететін, білім мен еңбекті насихаттайтын Ислам дінінен арамызда қорқатындар да бар. Әлеуметтік желілерде тараған бейнебаяндар халықты үрейлендірді. «Мешіт», «намаз» десе жат ағым жармасатындай қорқыныш ұялады. Онымен қоса, жат ағымның құрығы ішінара аудан азаматтарына да жетті.
Еліміздегі ауызбіршілік, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан сақтап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ ұтылмасымыз анық.
Осы орайда, бірнеше жыл бұрын облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ашылған еді. Оған білікті теолог мамандар тартылып, аймағымыздағы діни тұрақтылықты сақтап, елді адастырып жүрген жат ағымдардың алдын алу мақсатында жұмыстар бастап кеткен болатын. Олар жыл көлемінде қоғамдық орындарда акциялар, түрлі форматтағы кездесулер өткізіп, облыс тұрғындарының жат ағымға қарсы имунитеттерін көтеруде.
Сондай жиындардың бірі бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында өтті. Жиынға қатысқан мектеп мұғалімдері мен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары Аралбек Боранбаев жат ағымның алдын алу жолдарын көрсетіп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, бүгінгі күні жастардың уақытын ұрлаумен қатар, түрлі жаман қылықты үйретіп, жат ағымның дәнін сеуіп отырған бәзбір әлеуметтік желілерден сақ болуға шақырды. Балаларын бақылауда ұстап, діни білім алғысы келгендерді тек мешіт имамдарына тапсырғанды жөн деп көрсетті. Сондай-ақ, өзі қызмет етіп отырған мекеменің жұмыстарымен таныстырып, кез келген сұрақтар бойынша білікті теологтардың көмегіне жүгінуге болатынын ескертті.
Дәл осы сарындағы жиын ауданның орталық мешіттінде жалғасты.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.