Дін – білімді талап етеді
Бодандықтан босап, тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқы шөлдеген тамыр секілді, ислам нұрымен сусындау мақсатында ақиқатты алға тартып, білім жолында шекара асып, шет елдерге жырақтады. Ілім жолында жасалған бұл қадам, жат ағымдардың шаңырағымызға келуінің бір себебі болды. «Намаз оқымағандар – кәпірлер» дегендер мен өзін әулие санағандардың осы жылдары саны арта бастады.
Мейірім. Бұл – кез келген жүректің төрін мекен ететін асыл қасиет. Бұл қазақ халқы үшін таңсық дүние емес. Себебі, ислам шапағаты қазақ шаңырағына шуағын шашпай тұрып-ақ, бабаларымыз ақ пен қараны ажыратып, обал мен сауаптың жігін айыра білген. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған. Содан болар, тарихтан білетініміздей қазақ елі ислам дінін ешбір соғыссыз-ақ қабылдап, туралығын түсіне білген.
Ал, жат ағымдарды кейбір шетел асқан шәкірттеріміз алып келді десек, бүгінгі жастар олардың қармағына қалай ілініп жатыр?
2001 жылдың 11 қыркүйек күні АҚШ-та мұсылманның бетпердесін киінгендердің ұйымдастырған террорлық оқиғасынан бастап, жұрт санасындағы ислам діні адам өлтіру, жауыздықты сипаттайтындай болды. Жат ағым талай жанның көз жасына қалды. Талай ата-ананың қартайғандағы қорғанышым деген балалары үмітін ақтамады. Ана мен баланың арасын ажыратты. Ананың разылыған алудың орнына, оны кәпірге теңеп, қолынан ас ішуден де бас тартты. Бір өкініштісі, мұның ызғары елге, тіпті, ауданға да жетті. Соның нәтижесінде сақал қойған ер «бахабистке» орамал таққан қызды «террористке» теңеді. Намаз оқыған адамды періштедей көретін халқымыз қазір қай ағымның жетегіне кетті екен деген күмәнмен қарайтын болды.
Елбасы Н.Назарбаев «Ағымдармен күресеміз деп ата дінмен күресіп кетпейік!» – деген еді. Иә, осы тұрғыда біз өзіміздің тұнық, таза дінімізбен күресіп кетпеуіміз қажет. Аудандағы отыз мешітте ҚМДБ-ның арнайы оқып келген имамдары халыққа қызмет көрсетуде. Аурудың алдын алу мақсатында ектірген екпеміз секілді, үйдегі балаларымызға имамның тәрбиесін алдырып, ақ пен қараны үйретуіміз қажет-ақ. Сонда туған жердің топырағынан асып, өзге қалаға бет алған бүлдіршіндеріміз жат ағымдардан бойын аулақ ұстайтын болады.
Жастардың өзге ағымға еліктеуіне діни білімсіздік басты себеп болуда. Ауылы мен отбасында исламды танымағандар, өзгеден дінді үйренбекші болып, күлімдеп, құшақ ашқанның соңынан оңай ереді. Ал, керісінше жастайынан отбасында діни тәрбие алып, ақ пен қараны ажыратып жатса, дәстүрлі дініміздің құндылықтарын қадірлей білетін болады.
Ислам діні жамандықтан тыйып, жақсылыққа үндейді. Исламтанушы Арман Қуанышбаев «Намазсыз азан, азансыз намаз» деген сөздің мағынасын айтқанда «Адам дүниеге келгенде азан айтылып, намаз оқылмайды, керісінше, қайтыс болғанда азан айтылмай намаз оқылады. Демек, мұсылманның өмірі азанмен басталып намазбен аяқталады», – деп сөзін тәмамдаған болатын. Яғни, өміріміздің өзі – дін. Сондықтан, отбасымызға туралықты ту еткен дінімізді таныстырып, жат ағымнан сақтандырғанымыз абзал.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.