Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектердің тартқан тартуы

Түлектердің тартқан тартуы


Мектеп – біліммен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырған киелі шаңырақ. Сонымен қатар, балалық шақ пен қызықты күндердің куәсі. Сол себепті де, мектепке қадам басқан әрбір жан жастық дәуренін еске алып, бір жасаратыны бар.

Өткен сенбі күні Ы.Жақаев ауылындағы №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектепте көркейту және көгалдандыру айлығы аясында «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» атты қылқан жапырақты ағаш егу акциясы өтті. Оған түрлі салада қызмет ететін мектеп түлектері мен ата-аналар қатысып, отызға жуық шырша ағашы мен түрлі гүлдер отырғызылды. «Қысы-жазы жасыл кейіпте тұратын шырша ағаштары секілді көңілімізде әрдайым жас болып, мектептен түлеген әрбір жас елдің елеулі азаматы бола берсін» деп шараға қатысушылар тілектерін білдіріп жатты. Сонымен қатар, балғын балалы шақтың қайта оралмас сәттерін еске алып, жылы жүздерге шынайы күлкі ұялады. Он бір жыл әлпештеген мектепте осы секілді шаралар қолға алынса, көмек қолын созуға әрдайым дайын екендігін айтып тарқасты.

Е.ДАТКЕНОВ.
09 сәуір 2019 ж. 1 951 0