Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекзат болмыс

Бекзат болмыс


Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінде «атқа міну мәдениеті Ұлы даладан, яғни, қазақ жерінен бастау алған» деп атап көрсетті. Еліміздің Солтүстік бөлігіндегі «Ботай» аумағында жүргізілген қазба жұмыстардан жылқының алғаш рет Қазақстанда қолға үйретілгені белгілі болды.

Жылқыны қолға үйретіп, пайдалану арқылы ата-бабаларымыздың осыншама ұлан-ғайыр даланы астындағы байлығымен ұрпағына тарту еткен. Сондықтан да Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамытуға мән беріп келеді. Естеріңізде болса, Н.Назарбаев Жақсылық Үшкемпіровке еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосып, тұтастай бір ауылды өз қамқорлығына алып, бүкіл қазақ еліне үлгі боларлықтай еңбегін ескеріп, омырауына Қазақстанның Еңбек Ері алтын жұлдызын тағып жатқанда:
– Менің еңбегімді ескеріп құрмет көрсеткеніңізге рахмет. Қазақстанда 5000 ауыл бар екен. Елімізде бес мың жігіт табылып, қамқорлық көрсетсе, бүкіл ауылдың келешегі гүлденеріне сенімдімін, – деген еді. Ж.Үшкемпіровтің осы сөзі бүкіл қазақтың жүрегінен орын алды десек артық емес. Себебі, қазақтың алтын бесігі ауыл болғандықтан, ауылдардың жағдайы нашарлап, елімізде жаппай урбанизация етек алғаны жасырын емес. Сондықтан, ауылды гүлдендіру, ауылға қамқорлық, ауылдағы жұмыссыздықты жойып кәсіпкерлікті дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы өзекті мәселенің орайын тауып, ауылын гүлдендіріп жатқан азаматтар қазақта баршылық. Алыстан іздемей-ақ, өзіміздің ауданнан осындай аптал азаматтардың үлкен шоғыры бар екені бізді қуантады. Ақмая ауылын сол ауылдың түлегі, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков өз қамқорлығына алып гүлдендіріп жатса, Нартай ауылын Халық, Төңкерісті Бауыржан, Еңбекшіні Бағлан, Жақаевты Асқар, Бәйгеқұм өңірін Бегман Қауысұлы, Бала би ауылын Пернебай т.б. азаматтар «Ауылым – алтын бесігім» деп өз кәсібін ауылына арнап, туған жерін түлетуге бет бұрып жатқаны қуантады. Осы азаматтардың қатарында ауылын көркейтуге атсалысып, өз кәсібін дөңгелетіп, шар­уа қожалығын құрып, балабақша, дүкен ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысып келе жатқан азаматтар әр ауылда баршылық. Міне, аудандағы осындай азаматтардың бірі – көз алдымызда өскен, білім алған шаруашылыққа араласқан, өзінің іскерлігінің, парасат-пайымының арқасында абыройға жеткен еңбекшілік кәсіпкер «Аруана» шаруа қожалығының төрағасы Абамүсілім Өмірәлиев туралы айтсам деймін. Өйткені, Абамүсілім өзінің жаратылысымен, мінез-құлқымен де жұртқа үлгі болатын азамат. Бойынан қазаққа керекті қасиеттің, мінез-құлықтың бәрі табылады. Өзі әнші, домбыра тартып, ат құлағында ойнайтын шабандоз, сұлу, сыпайы күлкісі, ағайынды айналасына жинай алатын, адаммен тіл табыса білетін қарапайым жан. Үндемей жүріп іс тындыратын іскерлігі, бәрі оның сұлу да сыпайы жан-дүниесіне жарасып тұрады. Айсұлу келін екеуі балабақша ашып айналасын жұмыспен қамтып отыр. Балабақшаның тазалығына, тәрбие жұмыстарына, тамағына ағайын дән риза.
Абамүсілімнің алғырлығы, келешегінің кемел болатыны бала кезінен-ақ байқалатын. Мектепті үздік бітіріп, сол кездегі совхоздың жолдамасымен Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шықты. Совхозда ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1996 жылдары совхоз тарап, жекеге бөлінгенде бірден «Аруана» шаруа қожалығын құрып, жылқы, түйе өсірумен айналысты. Нәтижесі жаман болған жоқ. Малына мал, жанына жан қосылып, ішсең тіл үйіретін сапалы шұбатымен ел құрметіне бөленуде. Әкесі Сүлеймен Өмірәлиев ағамыз көп жыл шопан болып еңбек етті. Төл алудан шопандардың алдыңғы легінде болды. Тұрақты түрде аналықтың әр жүзінен 140-150-ден төл алды. Мен қойдың туғанын беремін, өтірік айтып көргенім жоқ – деп айтатын. Анасы Күлдан 4 ұл, 6 қыз өсірген батыр ана. Абанмүсілімнің бойындағы жоғарыда айтқандай бекзаттық болмыс осы атасы мен анасынан келгендей, себебі, екеуі де өзгеше жаратылыстағы адамдар еді. Ағамыз Сүлеймен турашылдығы басым, өтірік айтпайтын, ғайбат сөйлемейтін, айтса кесіп бір-ақ рет айтатын әділ азамат еді. Өмірімде бір-ақ рет өтірік айттым – деп оны да жасырмай айтып отыратын. Кеңес үкіметінің кезінде 1973 жылдары болу керек, көктемгі қой төлдету науқаны кезінде колхоздарға СПТУ – 97 өзінің курсанттарын жәрдемге жіберетін. Сүлейменге жәрдемшілікке бір неміс бала келіпті. Он шақты күн өткесін апақ-сапақта неміс бала қашып кетіпті. Сүлеймен баланы іздеп ылдиға түссе, колхоздың барлық басшылары ортасында аупарткомның екінші хатшысы Н.М.Ким бар қонақта отыр екен. Баланың қашып кеткенін айтып, қайтып кетіпті. Ертеңіне таңертең таудың ішінен ол баланың мәйіті табылыпты. Ол жайында «Голос Америка» шулап, Мәскеуден бастап дүрлігіп, Коммунизм колхозының мәселесі аупарткомның отырысында қаралатын болады. Сүлейменге келіп, басшыларға хабар бердім, –деп айтайын десе, өтірік сөйлемейтінін біліп, ешкімнің батылы бармайды. Ақырында ферма меңгерушісі Байтілес ағамызға айтқан екен. Мен сендер айтты екен деп, құдайды алдай алмаймын деп шорт кесіпті. Сонымен бәрі бюроға келіпті. Бюро мәжілісін өмірі көрмеген ағамыз былай еске алатын: - Бюроға бәріміз бардық. Бірінші хатшы бәрін шетінен тұрғызып жұмыстан босатып, партиядан шығаратын болып жатыр. О.Бәйімбетовтің сұсы жаман екен. Көзі көкшиіп, адамның өңменінен өтіп кетеді екен. Басшылар төмен қарап тұр. Мен келіп хабар айттым десем бәрін осы жерден түрмеге жіберетін түрі бар. Сонда шариғатта мына жағдайда, яғни, ерлі-зайыптылар ажырасып кетейін деп тұрса, адамға зияны тиетін болса өтірік айтуға болады дегені жері есіме түсті, әрі басшыларды аяп тұрмын. Өздері әдейі өлтіргенмен бірдей болып тұр. Сөйтіп, маған кезек келгенде басшыларға хабар бергенімді айтпай, кінә менен, маған берілген көмекшіге ие бола алмадым, – дедім. Қасымда отырған ферма бастығы Байтілес інімнің «уһ» деп демалғанын байқап қалдым», – дейді.
Ал, Байтілес ағамыз: –Сүлейменге кезек келгенде бәріміздің деміміз шықпай, Сүлеймен не айтар екен деп, көзіміз бақырайып отырмыз. Сүлеймен құдайын ұмытпай, өтірік айта алмай, шындықты айтса, бәріміз партиядан шығып, қызметтен кетеміз. Сүлеймен «барлық кінә менен» деген кезде бәріміз бірдей «уһ» деп дыбыс шығарғанымызды білмей қалдық-деп еске алатын.
Ал, анасы Күлдан: «он бала туғанда бірде-бір рет перзентханаға барған жоқпын. Босанысымен өзім кіндігін кесіп, белімді буып алып, жұмысымды атқара беретінмін», – деп отыратын. Күлдан қазақша қағытпа әзілге де шебер еді. Кездескенде әзілмен қағытып, еркелетіп, өзі еркелеп мәз болып қалушы едік. Көзден бұлбұл ұшқан қайран жеңгем-ай... Абамүсілімнің өзінен кейінгі інілері де бір-бір үй болып, кәсіппен айналысуда. Інісі Батыр бақилық болғанмен, келіні Еркінгүлді балаларымен бауырына басып, інісінің отанының шоғын маздатуда. Ағайынға айналасына қол ұшын беруге дайын тұрады. Бұл да азаматтығының бір қыры шығар. Жыл сайын туысы, ауылдағы күрес өнерін дамытудың көшбасшысы, ұйымдастырушысы болған Мәлкәждар Теміровті еске алуға арналған турнирдің демеушісі болады. Қазақша күрестен өткен турнирге Шымкент, Қызылорда облысынан 360 балуан қатысып, олардың тамағы мен жеңімпаздарға берілген сыйлықтың бәрін Абамүсілім ағайынға бас болып ұйымдастырды. Абамүсілімнің кез келген азаматтың қолынан келе бермейтін ағайынға қамқорлығынан басқа имандылық жолындағы тірліктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Оның бекзат болмысы, азаматтығы туралы қалай айтсақ та жарасады. Ауданда осындай азаматтар баршылық, бірақ, олардың азаматтығын еліне, ағайынға адалдығын айтуға салақпыз. Ауданда жыл қорытындылағанда, мерекелік іс-шараларда осындай азаматтардың аты әр ауылдан жиі аталса, құрметтелсе, деген тілегіміз бар. Өйткені, елдің өркендеуі, қанат жаюы, ауызбіршілігі осындай азаматтардың тірлігіне байланысты.

Е.Шәдібеков,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
02 сәуір 2019 ж. 827 0