Тамырымызды іздеуге төте жол

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025» жобасы да дәл осы бағытта жүзеге асса, ұтарымыз көп. Әр мемлекеттің мұрағатында жатқан қазақ тарихы туралы деректер өз тілімізде көрініс тауып, ғылыми айналымға енсе, нұр үстіне нұр. Ұлт тарихын санаға сіңірудің бастапқы баспалдақтары да осы болмақ. «Ұлы даланың ұлы есімдері» аталатын тақырыпшада көтерілетін мәселе де – кезек күттірмейтін іс. Бұл алдымен әл-Фараби, Ясауи, Қорқыт, Абай, Шәкәрім шығармаларын әлемдік әдебиет нарығына сапалы аударма арқылы қосудан басталмақ. Бұл тұста Елбасы сөзіндегідей: «Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр».
Сонымен қатар,Елбасының елімізді шартарапқа танытуға тырысу үшін шетелдік мамандарды қызмет қылуға шақыруы құптарлық жайт. Олай дейтініміз, мақаладағы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» тақырыпшасында Президент халық тарихын көрсететін фильмдерді көбірек шығаруға, түсіруге тапсырма берді. Бұған дейін елімізде қаншама кинотуындылар дүниеге келді. Дегенмен, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, тарихтан сыр шертетін «Сүлеймен сұлтан» сынды телехикая түсіре алмай келеміз. Осы тұста кино өнеріндегі тәжірибелі мамандардың керектігі көрініп-ақ тұр.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.