Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты ғұмыр иесі (видео)

Ғибратты ғұмыр иесі (видео)

Жұмыр басты пенденің маңдайына жазылған тауқіметтің кермек дәмін көп тартқан Серғара Ізтілеуұлы ерекше болмыс иесі. Сонау өткен ғасырдағы зілі басым зұлматты кезеңдерді көзбен көріп, жоқ пен бардың салмағын ерте сезінген жан. Өткенге орала қалса түйір нанның бағасын ұқтырған ашаршылықтан жаны түршігеді. Не керек, ат төбеліндей ғана қазақ 1916,1919,1929 жылдары үш бірдей ашаршылықты бастан өткерді. Қазақ даласының етегіне жармасқан бұл нәубет халықты қынадай қырды. Бұдан бөлек 1937-1940 жылдары орын алған саяси қуғын-сүргін де өткен дәуірдің ең ауыр қайғысы атанғаны мағлұм. Есін жиып, енді ғана еңсесін тіктей бастаған қазақ халқын қайта-қайта сынақ күткен кез еді бұл. Қуғын-сүргін аяқталып, көпшілік енді демін ала бастағанда қазақ аспанын тағы да бұлт торлады. 1941 жылы  әлемнің 62 миллион адамын ажал құштырған Ұлы Отан соғысы басталды. Осы сәтте мүлгіген тыныш тіршіліктің шырқы бұзылып, бейғам жатқан ел дүрбелеңге түсті. Әке күңіреніп, ана аңырап, бала жылап қала берді. Алайда, елім деген ерлер қабырғасы қайыспай, жау алдында жеңілмей, еңсесін тік көтере білді. Олар ереуіл атқа ер салып, толарсақтан су кешіп, күндіз отырмай, түнде ұйықтамай тәуелсіздіктің таңы ату үшін атсалысты. Мойымады, жасымады. Осындай ерліктің арқасында қаншама майдангерлер тәуелсіздіктің куәгері болып, бүгінгі таңда татулықты сақтауға үлес қосып келеді. Әңгіменің әлқиссасында айтқандай нәубетті еңсеріп, жеңісті жақындатқан жандардың бірі Ұлы Отан соғысының тыл ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Серғара Ізтілеуұлы.
Көргені молдың әр лебізі өнеге, тәрбие, алдағы күнге бағыт-бағдар екендігіне шүбә болмаса керек. Шүкір, елімізде жамағатына қадірлі, жастарына үлгі көрсете білген ескінің сарқындылары үзілген жоқ. 1925 жылдың 24 маусымында Шиелі ауданындағы «Ошақтыкөл» деген жерде дүние дидарына келген С.Ізтілеуұлын тірі тарих десек те жарасады. Ол 1932-1933 жылдары елде ашаршылық белең алғанда небәрі 7-8 жаста  еді. Бүгінде нағыз ойын баласы саналатын балалық шақ оның есінде басқа картиналармен сақтаулы. Қолына ілінген сайманмен аң аулап, қоянға тұзақ құрған бала Серғараның бұл ісі қызық үшін емес еді. Бұл жан бағып, отбасын сақтаудың амалы. Ол аш құрсаққа ас боларлық әлі келер аңды сұлатып, ауыр тұрмыстың салдарынан ерте есейді. 1934 жылы Ортақшыл мектебіне оқуға барып, оның 7 сыныбын 1941 жылы бітірген. Орта білімді тәмамдағаннан кейін колхоз басқармасының хатшысы, өндіріс бригадирі болып жұмыс істейді. 1943 жылы Ащықұдық аталатын колхозда колхоз мүшесі ретінде қара жұмыспен де айналысады. Кез келген шаруаны шашағын шығармай орындап, сан түрлі қызмет сатысынан өтеді. Ес жиғалы етжеңді іске кіріскен С.Ізтілеуұлының қанатын ерте қатайтқан сындарлы жылдар онымен бітпейді.
Он сегіз жасында әскер қатарына шақырылғанында неміс басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңістің де төбесі көрініп қалған секілді еді. Жау өз ініне қайта тығылып, жаралы аяғын жалап жатқандай шарасыз күйге түсе бастағанды. Сол 1944 жыдың жазында әскерге алынған бір топ жас Алматы қаласындағы әскери училищеге қалдырылды. Сол үш жүз өрімдей жастың бірі Серғара ағамыз еді. Бір жылға жуық әскери дайындықтан өткен олар ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауына жіберілді. Кешегі мидай араласқан сұм соғыста елге залал әкелетін қаншама жансыз кірмеді дейсіз. Олардан арылу жолында қажырлы да, қайратты да мамандар керек еді. Не керек, осы азаматтық ұстанымды бойтұмар еткен офицер қырық жылдан астам уақыт осы салада тапжылмастан еңбек етті. Полковник шеніне көтерілді.
Бүгінде Қызылорда облысының абыз ақсақалына айналған ардагердің айтуынша, оның қайнаған қазандай өмірі әскерге барған сәтінен басталған екен. Ол бір емес бірнеше жерде абыройлы еңбек етіп, бедел биігінен көріне білген. Нақтырақ айтар  болсақ, 1944-1945 жылы КСРО Алматы офицерлер даярлайтын НКВД мектебінде оқып, оны бітіргеннен кейін 1945 жылы сәуір айында Қызылорда қаласына келіп орналасқан. Сырдария аудандық НКВД бөлімінің жедел уәкілі болып тағайындалған. Бір жылдан кейін аға жедел уәкіл, 1950 жылы сол ауданның МГБ бөліміне өз қызметі дәрежесінде ауыстырылған. 1953 жылы ақпан айында Қызылорда облыстық МВД басқармасында әуелде аға тергеуші, кейін аға жедел уәкіл болып 1962 жылға дейін қызмет атқарған. НКВД-МВД-МГБ-КГБ құрамында жұмыс істей жүріп кешкі мектептерде сырттай оқып, орта және жоғары білім алған. Сырдария аудандық партия мектебін, Қызылорда марксизм-ленинизм университетін, Қызылорда ауыл шаруашылық техникумын, Н.Гоголь атындағы пединститутты, Киев және Ташкент қалаларындағы КГБ-ның жоғары курстарын тәмамдаған. «Өткір қылыш қынабында жатпас» демекші білімді әрі іскер, сегіз қырлы бір сырлы Серғара Ізтілеуұлы одақтық, республикалық КГБ тарапынан көптеген мақтау грамоталары мен сыйлықтарына ие болған. Екі рет «Жауынгерлік үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» және басқада 19 медальмен марапатталған.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей Серғара Ізтілеуұлының арғы ағалары да ақыл парасаты мол, дара талант иесі екені мәлім. Әкесі Ізтілеу Елупанұлы бәйгеге ат ұстап, жиын тойларда бәйгенің алдын бермеген. Сондай-ақ тақымы мықты, білегі күшті көкпаршы болған. Ол ел аймағына белгілі атсейіс, көкпаршы Ізтілеу атанған балуан денелі кісі көрінеді. Ал аузынан тастамайтын ағасы Жорабектің де тектілігіне ешкім күмән тудырмайды. «Ата көрген оқ жонар» дегендей Жорабек Есенұлы еліне қорған, халқына айбар болған өз дәуірінің алғыр, білімді азаматы  болса, ұлы Шахмардан Есенов өз заманының ғұлама ғалымы, көрнекті қоғам қайраткері болып тарих бетінен орын алды. Міне, осындай тектілік қуған әулетте дүниеге келген Серғара ағаның да тектілігін айтпай кеткенді өзімізге мінәсіп көрмедік.
Сан тарау жолдан сыналып, жоқ пен барды, аш пен тоқты, соғыс пен бейбіт күнді байланыстырып тұрған ортадағы мамыражай күннің себепкері саналатын Серғара ағаның ендігі серігі қаламы. Тұрмағанбет Ізтілеуов, Қадыр Мырза Әлиев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін торқалы тоқсан жастан асса да жатқа оқитын кейіпкеріміз өлең жазудан қара жаяу емес. Өзінің айтуынша, абыз ақсақал өлең жазуды зайыбы қаза тапқаннан кейін бастаған. Ғасырға жуық ғұмыры шытырман оқиғаға толы ақын жүрегінен туған жырлар том-том кітапқа арқау. Оның жыр жинағы 2015 жылы «Тоқсанның толқынында» деген атаумен қатталып шықты. Өмірде жүріп өткен жолдарын өлеңмен өрген ол кітап мұқабасына «Сөз құрап кітап жаздым ескерткішке, жүрсін деп ұрпақтарым салып еске, сексен мен тоқсан жастың арасында, қорытып өз ойымды ерте кеште» деп қолтаңба қалдырған. Мемлекет мүддесін, заңдылықты сақтауға қатысты табиғаты қатал қызметте 40 жыл белсенді еңбек еткен ақсақал жинаққа өлең ғана емес баталар мен қазақы әзіл-қалжыңды да кірістірген.
Бұл күндері жасы 95-ке келіп өмір белесінің тағы бір биігіне шыққан Серғара ақсақал туралы айтқанда елдің ағасы, халықтың панасы болған ғибратты ғұмыр иесі елестейді. Ол отбасында ғана емес, халық арасында да абыройлы, сыйлы. Мұны ҚР Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаилдың «Көп жылдар бойы Шиелі аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық игі жұмыстар атқарған салмақты, сабырлы, байыпты ақсақал. Ол ардагерлер қозғалысының ұйытқысы да, алға қойған мақсаттарын ел ішінде ұйымдастырушы да бола білді. Аудан әкімдігі мен халық арасын байсалдылықпен байланыстырған алтын көпірдей көрінді. Жөнді қартая білуді де ерлікке балаған қайсар мінезді Серғара осындай жан» деген сөзі қуаттай түседі.
«Ауылыңда көп жасаған қартың болса, жазып қойған хатпен тең. Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең», дегенді дана халқымыз текке тәмсілдемесе керек-ті. Расында, көнекөздердің көргені мен түйгені тарих пен тәжірибе, ал келешек ұрпаққа өшпес өнеге. Осы үдеден табылып, қоғамға қолғабыс етуден таңбаған әскери қызметкердің әр күні бізге рухани азық сыйлауда. Өткенге салауат айтып, болашаққа бағдар беретін С.Ізтілеуұлының ғибратты ғұмыры ұзақ, берер тағылы таусылмағай!

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
06 мамыр 2020 ж. 16 943 0