Зұлмат күндердің зобалаңы. Қанша қазақ құрбан болды?
1937-38 жылдары Қазақстанда 118 мың адам сотталды. Олардың 25 мыңы ату жазасына кесілді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады. 1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Qamshy.kz ақпарат агенттігі қазақтың басына төнген зұлмат жылдардың зардаптары туралы қысқаша мағлұматтар тізбегін ұсынады. 1.1921-1922 жылдардағы аштық кезінде 1 млн 700 мың адам қаза тапты. 2.1932-1933 жылдары 2 млн 200 мың ашаршылықтан көз жұмды. 3.1920-1930 жылдар аралығында аштықтан, кәмпескелеуден, қуғын-сүргіннен қазақтар 4 миллионға жуық адамынан айырылды. 4. Аштықтан қырылған халық сарышұнақтың етін жеп, түрлі шөптерді тамаққа пайдалана бастады, өлген жануарларды қазып алып жеу оқиғалары да болды. Тіпті сол жылдардың күәсі болған қариялар "адамдар бір-бірінің етін жеді" деген деректі де жоққа шығармайды. 5.1930 жылдың көктемінде Ораз Исаев бастаған мемлекеттік комиссия мал басының 30 пайызға кемігенін анықтады. 1929-1930 жылдары байлар мен кулактар малының 40 пайызға жуығын колхоз-совхоздардың тартып алуы мал басының кемуіне тікелей себепкер болды. Нәтижесінде, Қазақстандағы мал басы 1929 және 1933 жылдар аралығында 16 есеге азайып кетті. Совхоздардағы малды есепке алмағанда Қазақстандағы мал басы 1929 жылы 39 млн 394 мың бас болса, ал, 1933 жылы 2 млн 428,2 мыңды құрады. Жалпы алғанда, Қазақстанда 40 миллионға жуық малдан 1933 жылдың ақпан айында 4 млн бас қана мал қалды.
6.Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқының бір ғасырда үш бірдей ашаршылықты бастан кешкенін байқаймыз. Оларды 1919-1922 жылдардағы аштық (1,5 млн адамды алып кеткен), 1931-1933 жылдардағы аштық (2,5 млн адам) және 1946 жылдары болған аштық деп қарастыруға болады. Осылайша, қазақтар іс жүзінде 15-20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылған. Біз үшін ашаршылықтың зардабы өте-мөте ауыр тиді. Ғалымдар оның қазақ халқының дамуын 110 жылға кейін шегергенін айтады. 7. Ал 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылыққа келер болсақ, ғалым Талас Омарбеков 2 миллион 300 мың адамның опат болғанын айтады. Ол мұрағат құжаттары негізінде жалпы қырылған қазақтың санын 4 млн 836 мың деп тиянақтап берді. Кейбір тарихи деректерде, 1932 жылғы ашаршылықта жалғыз қазақ емес, Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің бәрі, яғни 250 мыңға жуық өзге ұлт өкілі қырылған делінеді. Соның көпшілігі орыстар болған. Ел басына нәубет төнген жылдары Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Ғ.Тоғжанов, Б.Айбасов, О.Жандосов есімді алаш ардақтылары 1933 жылдың 24 ақпанында Сталинге хат жазып, барлық ауыр халді баяндап берген. Тарихта бұл «Алтаудың хаты» деген атпен әйгіленген. Өкініштісі, осы «Алтаудың хатын» көп адам әлі біле бермейді. Осы хатта: «800 мың қазақ шаруашылығынан, яғни 4 млн 800 мың адамнан 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылығы, 2 млн 25 мың ғана қазақ қалды» деп жазылған. Ал 1932 жылдың 4 шілдесінде республиканың Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев сынды қайраткерлері қол қойған әйгілі «Бесеудің хаты» жазылды. Ол БК(б)П өлкелік комитетіне, тікелей Ф.Голощекинге жолданды. 8. Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары Қазақстанда 118 мың адам сотталды. Олардың 25 мыңы ату жазасына кесілді. 9. Карлагта 1 миллионнан астам тұтқын болды. Сондай-ақ АЛЖИР – дегі Ақмола лагерінде жан жолдасының саяси қылмысы үшін әйелдер жазасын өтеді. 10. 1937 жылы күзде жүз мыңдаған корей, түрік, иран, күрд және әзірбайжандар Қазақстанға жер аударылды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы жылдары елімізге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа ұлттар депортацияланды. Олардың жалпы саны 1 миллион 200 мыңды құрады.
Ұсынған: Маржан Сәбет
"Қамшы" сілтейді