Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕСТАМДА БІЗ БІЛМЕЙТІН БІРАЗ СЫР БАР

БЕСТАМДА БІЗ БІЛМЕЙТІН БІРАЗ СЫР БАР

Қандай да бір елдің, жердің атауы тарам-тарам тарихтың түкпірінен пайда болған. Әлі де құпиясы ашыла қоймаған, қыры мен сыры беймәлім өңірлердің бары да рас. Десе де, құймақұлақ, көнекөз қариялардан естіп, есте қалған мағлұматтарды кейінгі ұрпақ та пайдасына жарататындай етіп білгенімізді жариялап отырсақ, нұр үстіне нұр емес пе? Мен зерттеуші емеспін. Бірақ Бестам ауылының елге жанашыр ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Ыбыраев бұл өлке тарихының бірнеше нұсқасын жинаған екен. Тағдырдың жазғанына шара бар ма, құнды жұмысын аяқтай алмай дүниеден озып кетті. Көзі тірісінде науқастанып жатқан бір күні көңілін сұрай барғанымда, маған «осыны тағы бір жинақтап жазшы» деп бар тапқанын берген еді. Азаматтың аманатын орындауды парызым деп санап, кем-кетігін сұрастырып жариялауды мақсат еттім.
Әркімнің өз қара тасы – кіндік қаны тамған топырағын ешкімнің алтыны мен жақұтына ауыстыруға келмес. Ғасырлар бойы зерттеліп келе жатқан таныс өңірлердің бірнеше нұсқасы бар екені белгілі. Соның ішінде сұлу Сырдың бойында орналасқан іші қаншама сырға толы, қойнауы қайталанбайтын шежіреге бай Бестам елді мекенінің тарихына үңілсек.
Бестам ауылының арғы тарихы – жалпы Сыр бойының тарихымен өзектес, бөле-жара қарауға болмайтын біртұтас тарих. Тарихшылар мен археологтардың ой-пікірі жинақталған жазбаларға қарағанда, Сыр бойы, оның ішінде Бестам ауылының тарихы әріде жатқаны даусыз. Сонау адамзат жаратылғалы Сырдария (Сейхун) өзенінің бойын адамдар қоныстанған болса, Бестам ауылында бұдан мыңдаған жылдар бұрын, тіпті біздің дәуірімізге дейін-ақ халық болғаны ақиқат.
Ертеректе Қорқыт қобызының сарынын Шиелі жерінен бастаса, Бестамның тұсынан дарияның үстіне кілем төсеп, қобызын сарнатып, «Қазыбек-Қорқыт» станциясына жеткенде дүние салған деген аңыз бар. Белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Сейілдің ұлы Қораман, Қазан, Алпамыс молаларын Сыр бойындағы көп Мортықтардың бірінде жатса керек деп, оларды Бестаммен байланыстырады.
650-670 жылдар шамасында Бестам ең үлкен қала болған. Сол кезде құйылған қыш нақыштарының сыры әлі күнге дейін ашылмай келеді. «Бестам» қаланың ежелгі аты емес, оны жергілікті халық солай атап кеткен. Кейбір деректерге сүйенсек, Бестамнан он үй соғылған, барлық үйдің ыдыс-аяқтары алтыннан жасалған деседі. Зерттеушілер бес үйге кіріп, қалған бесеуіне кірмегендіктен, бұзып тастайды. Өңірдің атауы осы себепті «Бестам» деп аталған екен. Оған дейінгі атауы «Гүлбаршын» болған.
(Ел аузынан) Соғыс жылдары Бес - там қорғанынан 800-900 метрдей жерде, арақашықтығы 20 метр аралықта Бестамның төрт дуалы тұрғызылған. Қышы сарғыш, Яссауи мазарының қышына ұқсас, өте берік болған екен. Ал айналасында көгілдір түсті бояуы бар керамика көп болған. Бұл орайда «Баршынкент Бестам ба?» деген болжам ойға оралады. Негізгі тарихқа көз жүгіртсек, Бестам қалашығын ХV ғасырда пайда болған деседі.
Бестам қалашығы Жиделі ауылының солтүстік-батысында, үлкен канал жағасында орналасқан. Жерден биіктігі – 4-5 метр, ені – 80 метр, ұзындығы – 120 метр. Бестам – ортағасырлық қала орны. XI-XII ғасырларда өркендеген қаланың ауданы – 390х300 метр, айнала екі қатар дуалмен, терең ормен қоршалған. Ішкі қорғаныс дуалының биіктігі – 3 метр, мұнаралар мен ауызғы бөлмелері жақсы сақталған. Мұнаралардың арасын жалғастыратын жұмбаздар соғылған дуалдың биіктігі – 1,5 метр, қалыңдығы – 2 метрге жуық, биіктігі – 3,5 метр. Қала ішінде төртбұрышты үйлердің орындары сақталған. Қорғанға сырттан, солтүстік және оңтүстік қабырғалар арқылы кіретін орын болған. Екі үйдің орны мен ерекше ошақтың қалдығы ашылып алынған. Бұл жерден сырланған қыш ыдыстар, металдан жасалған дөңгелек қалқанның, тас ыдыстардың, көгілдір моншақтың сынықтары, жебенің сабы мен ұштары, темір қорытпалары табылған.
Бестам елді мекенінен солтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым қашықтықта Мортық мазары орналасқан. Көлемі – 12х8 метр. Кесене 2 бөлмелі болып соғылған. Қабырғалары жергілікті топырақ пен қыш кесектен өрілген. Қабырғасының қалыңдығы – 1,50 метр. Кесектің көлемі – 23х45х7 см. Кесененің жерден биіктігі – шамамен 8 метр. Төбесі бұрын күмбез болғанға ұқсайды. Бүгінде күмбезі құлап, ортасына түскен. Алдыңғы жақ қабырғасы да қирапқұлаған.
Бестамның колхоз болып қалыптасуы 1920 жылдардан басталған көрінеді.
1929 жылы Артель ондық семья болып құрылады. Онда 11 қарттың колхозды құруы, дамытуы жайлы естеліктер бар. (Сәрсенбай Бегімов, Смайыл Тоқсанбаев, Шығанбай Досбергенов, Пәтеш Рыспамбетов, Досанбай Бегалиев, Сыздық Омаров, Сәрсенбай Әйменов, Медетбай Әйменов, Боранбай Шоманов, Әбдіраман Ахметов, Нысанбай Сүтемгенов, Әбу Нысанбаев, Оспан Омаров).
Боранбай Шомановтың естелігінде 1929 жылы Артель ондық семья болып құрылған, 1930 жылы ТОЗ болып іріленіп, Танабай, Тасқұдық, Бозкөл елді мекендерінен 30 үй біріктірілген. ТОЗ-дың бастығы Смайыл Омаров болған.
1932 жылы аталмыш мекен «Еңбекші Дихан» колхозына ұйымдастырылды, төрағалыққа Жүсіп Майбасаров сайланды. Колхоз қорында 20 бас қой, 1 бас жылқы, 3 бас түйе болды. Сиыр, ешкі болмаған. Халықта мал болмады, себебі кәмпескелеу кезінде малдарды құртып жіберген болатын. Жұмыс істеген колхозшыға 1 кг ғана астық берген, халық сол азықпен күн көрген.
Аталған жылы халықты сауаттандыру үшін кешкі мектеп ашылады. 1937 жылы май айында колхоздарды қосып, ірілендіре бастайды. Мысалы, Аққұм, Кеңес, Еңбекші дихандары біріктіріледі. Орталығы Тартоғай станциясы болды. Бұл кезде колхоздың қолында 250 қой, 70 ешкі, 15 сиыр, 50 түйе болған еді. Осы уақытта ел Тартоғайдан қышқылдыққа қоныс тебеді. Колхоздың төрағасы Рахым Досболов, ауыл совет Үдербай Әлиев болды. Тартоғайдан келген аздаған үй қоныстанған жерде су болмаған соң, сол жерден құдық қазып, оны Тартоғай қышымен шегендеген. Содан кейін бұл жер «Қышқұдық» деп аталған. Елді мекенге Тартоғайдан өгіз арбамен қыш тасып, фундаменттің орнына қыш өріп, 1941 жылға дейін 30 үй тұрғызылған. Бұдан соң жастардың көбі соғысқа кетіп, құрылыс тоқтап қалады. Осы кезде колхоздың төраға-орынбасары болып Боранбай Шоманов сайланады.
1940 жылы колхоздың Ленин колхозына тиесілі малдарын, түйесін, Досман Мақұлбеков, қой-ешкілерін Өксінбай Қошқаров, Сақтапберген Бекаралов, Ысқақбай Асамұратов, Наурызәлі Асамұратов бақты. Осы жылдан бастап бұнда күріш егілді. Мемлекет колхоздан 3 жылға дейін астыққа салық алмайтын болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, әскерге кеткен ер адамдардың орнына әйелдер, кәмелетке толмаған балалар мен қария кісілер қалды. Енді трактор тізгініне елде қалған әйел азаматтар Айша Дәулетова, Мария Авлайева, Д.Қалымбетова, З.Фазылова мен Құдайбергеновалар отырды.
1951 жылы СССР-дің Үкімет қаулысы бойынша колхоздарды біріктіріп, бір жерге топтастыру басталды. Қызылдиқан, Алғабас, Ленин колхоздары біріктіріліп, орталығы Алғабас болып бекітілді. 1944-1945 жылдары бұл жер Ленин колхозы аталып, елді мекенді Смайыл Оразов, одан кейін Шайых Қалқаев, 1959- 1973 жылдары Әзімхан Исмаилов, 1977-1995 жылдар аралығында Мұхаметжан Рахметов, Төлес Аппасов, Сайлау Әбішевтер басқарды. Әзімхан Исмаиловтың басшылығы тұсында елді мекен «миллионер колхоз» атанды. Ол кезде шаруашылықта 800 жылқы, 8 000-дай сиыр, 36 000 қой, 600-дей түйе болды.
Ауылда бір фельдшерлік медпункт болды. Онда Қалмен деген кісі жұмыс атқарды. Кейін 1950 жылдардан бастап, беріге дейін бұнда Шәки Сарбалаев қызмет етті. Сонымен қатар «Қызыл Отау» кітапханасы ашылып, жұмыс істей бастады. 1944 жылы колхозға шешендер жер аударып келді. Ауылдың өміріне үйренісе алмаған олар 1953 жылы өз қоныстарына қайтарылды.
1946-1947 жылдары Сунақата каналы қазылды. Ауылдың алғашқы мұраптары Қарғабай, Ыбырай ақсақалдар болды. Қазылуы 45 күнге созылған канал қыстың қатаң болуына байланысты аяқталмай, 1947 жылға дейін созылды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде ауыл тұрғыны Алтынкүл Шоманова атқарған еңбегі үшін Ленин орденімен наградталды. 1959-1979 жылдар аралығында Ленин бөлімшесін бригадир әрі меңгеруші болып Пәтеш Рыспамбетов басқарды. 1974-1975 жылдары ауылда механизатор қыз-келіншектердің қозғалысы қолға алынып, трактор рөліне ауыл жастары Қазима Дүрімбетова, Сәрсенкүл Ертаева, Зәбира Бабирова, Наурызкүл Жетібаева отырды.
Әбікен Тоғызбаев 1968-1979 жылдары бригада есепшісі, өндіріс бригадирі, 1979-1980 жылдары Ленин бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1980-1986 жылдары ірі қара мал меңгерушісі, 1987 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Балтабай Қошқаров 1993 жылы егін саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған Құрмет грамотасының иегері болды. Бестам ауылының әлеуметтік-шаруашылық жағдайын көтеруде әр жылда 9 адам «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген колхозшылар түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ленин атындағы колхоз күріштен мол өнім алып, экономиканың дамуына жағдай жасаған. Сайыпназар Төлебаев, С.Сыздықов, Жанайдар Қайықбаев, Жорабек Қайбұлдаев, Бөпіш Шауқабаева, Зейнеп Жүзбаева, Жүсіпназар Сағындықов, Асыл Үсенов, Сәнтай Байдарбеков, Бөрібай Рысдәулетов, ардагер ана Палдықыз Смайылова, механизаторлар ВДНХ-ның «Алтын медалімен» наградталған Қ.Қыпшақбаев, Б.Түменов, М.Киікбаев өз еңбектерімен ел алғысына бөленді.
Одан кейінгі жылдары ауылдағы егін шаруашылығымен айналысатын өндіріс бригадаларын Мұханбетияр Сатанов, Мұстафа Төлегенов, Нұргелді Назарбаев, Балтабай Қошқаров басқарып, ауылдың әлеуметтік жағдайы көтерілді. 1995 жылы ауыл бұрынғы Ленин атындағы колхоздан бөлініп, өз алдына дербес «Ленин» өндірістік кооперативі болып құрылып, оның төрағасы ретінде Әшірбай Түменбаев сайланды. 1996 жылы жекешелендіруге байланысты ауылда 3 шаруа қожалығы құрылып, басшылары Нағмадхан Досманов, Нұргелді Назарбаев, Анарбек Абызбаев болып, қазіргі кезде Жанарбек Биімбетов, Асылхан Қарғабаев, Мәлік Өткелбаев және жеке шаруа қожалықтар жұмыс атқаруда.
Заман ағымына байланысты ауылдың керегесі кеңейіп, егіс көлемі ұлғайып, 3 өндірістік бригада құрылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.Тоғызбаев шаруашылық жетекшілері М.Сатанов, М.Төлегенов, Н.Назарбаев, Б.Қошқаровтар ауылдың абыройын асқақтатып, ауданның, облыстың қатарынан үнемі көріне отырып, экономикалық салада көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Ауылға 2006 жылы ауыл азаматы Кенжебек Қыпшақбаевтың ұйымдастыруымен мешіт тұрғызылса, 2014 жылы азамат Шәутай Тілеубергеннің демеушілік жасауымен жаңа мешіт үйі салынып, пайдалануға беріліп, ауыл халқының рухани орталығына айналды. Сақ молда, Күзер молда, Жарылқасын молда, Әбдіразақ молдалар совет өкіметі кезіндегі атеистік идеологияға қарамастан, ауыл халқына имандылық тәрбиесін жүргізіп отырды. Кейіннен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Мінуар молда, Бигелді молдалар иман ісін атқарса, қазіргі таңда ауылдың бас имамы Серікбай Бегалиев халық арасында ислам дінін уағыздап, жастардың иманды болып қалыптасуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Бестам ауылы 2005 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысына сәйкес өз алдына дербес территориялық негізде «Бестам» ауылдық округі болып құрылып, оның алғашқы әкімі ретінде осы ауылдың азаматы Балтабай Қошқаров қызмет атқарды. 2006 жылдың тамыз айынан бері ауыл әкімі қызметінде Асхат ¬Ермаханов, Айеке Бегалдиновтер болды.
Ауылдың алғашқы ошағы 1941 жылы В.И.Ленин атындағы мектеп болып ашылды. Алғашқы білім ордасының меңгерушісі Көлдей Көдебаев, одан кейінгі жылдары Зухра Әбдірахманова, Кәкім Күнтуов, Нұрмағанбетов, Бекжігіт Момышев, Дүйсенкүл Палманова, Қазыбек Шәмшиев, Мәшрәп Бижігітов, Әлібек Ерназаров, Нағмет Оразымбетов, Тахир Махамбетов, Тоқа Әбілдаев болды. Мектеп мұғалімдері болып 1950 жылға дейін 7-класты бітірген ауылдың оқушылары қызмет етті.
1966-1967 оқу жылынан бастап мектеп сегізжылдық болып құрылды. Мектеп директоры Драхмет Фазылов, орынбасары қызметін Құрманәлі Оразымбетов, мұғалімдері Тоқа Әбілдаев, Әбілаш Әбуов, Жүніс Шәмшиев, Дүйсенбек Рысманов, Дәрмен Қозыбаев, Мұхамбетияр Сатанов, Аманкүл Нұрмағанбетова, Күлпаш Тобажанова атқарды.
1975 жылдан бастап мектеп директоры Дүйсенбек Рысманов, оқу ісінің меңгерушісі Әбіләш Әбуов, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметін Апуза Алтынбекова атқарды. Республикаға танымал әнші, термеші, Нартайдың ізбасары және әндерін насихаттаушы Әбіләш Әбуов мектепте басшы-ұстаз бола жүріп, өзінің бүкіл саналы өмірін облыстың мәдениетін көтеруге, болашақ ұрпақ тәрбиесіне арнап, ерен еңбек сіңірді.
1989-1993 жылдар аралығында мектепті Гүлхадиша Нысанбаева басқарды. Сол кездегі орынбасарлары Еркін Ақпейілов, Дәрмен Қозыбаев, Үрлай Оспанова болды. Осы жылдар аралығында мектеп «Шығармашылық ізденіс – сапалы сабақ негізі» тақырыбында жұмыс істеді. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық семинарлар ұйымдастырылды. Сол кездегі «Миллионер мектеп» бағыты ¬бойынша ұйымдастырылған оқушылардың шағын кәсіпорны мен пайдалы өнімді еңбек пәндері тиімді өткізіліп, өз нәтижесін берді.
1993-2008 жылдар аралығында мектепті Базаркүл Ерназарова басқарды. Орынбасарлары Үрлай Оспанова, Дәрмен Қозыбаев, Ақтай Рыспамбет, Үрипа Басығараева.
Мектепте «Халыққа білім беру ісінің үздігі» атағына ие болған Ақтай Рыспамбетов, Кенжегүл Қыпшақбаевалар жемісті еңбек етуде.
2014 жылы 300 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Жалпы Бестам ауылы – қазақи дәстүрді берік сақтаған, толымды тірлік пен береке-бірліктің нәтижесінде біраз жұмыс атқарған еңбекшіл ауыл.
Тарихы терең Бестамның болашағы да зор екені айдан анық. Бұл өңірде өмір сүріп, тіршілік етіп жатқан жандардың келешегі кемел болары сөзсіз.

Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудандық Ардагерлер ұйымының алқа мүшесі
15 сәуір 2024 ж. 2 561 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031