Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАЙЫҚ

ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАЙЫҚ

Бәйтіков Мұханбет екеуміз 2-сынып оқып жүргенде-ақ, колхоздың қойын бағатын әкесі Қасым атамның жеркепесінде «Батырлар жырын» заулататын едік. Міне, осыдан басталған әдебиетке қызығушылық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген, Ұлы Отан соғысының ардагері Машраф Бижігітов ағайдың арқасында арта түсті. Әрбір тақырыпты жан-тәнімен беріле түсіндіретін. Терезеге әнтек көз тастап, оқта-текте көзілдірігін алып, әйнегін беторамалымен мұқият сүртетін, жаңа тақырыпқа қатысты мысалдарын бір сөйлемнен кейін міндетті түрде «яғни айтқанда», — деп, екінші сөйлеммен нықтап, мәнін аша түсетін. Баламыз ғой, кейде осы «яғни айтқандасын» бір сабақта қанша рет қолданғанын санайтынбыз. Үй тапсырмасын өзі ұнататындай, мақалдатып, мәтелдетіп, әсірелеу сөздерімен жандандыра, сыни тұстарында сарказм, ащы мысқылмен тұздықтай айтсақ, балаша қуанып, кеңк-кеңк күлетін, бағаны да көтеріңкі қоятын.
Әлі есімде, аудандық «Өскен өңір» газетінің 1971 жылғы сәуірдегі нөмірінде колхоздың маңдайалды жүргізушісі, майдангер Шайхы Қайырбаев туралы «Бейбітшілік туралы баллада» деген тақырыппен тырнақалды очеркім жарық көрді. 10-сыныпта оқитынмын. Мұғалімімнің жүрегі жарыла қуанғанын көрсеңіз! Оны айтып жеткізе алмаймын. Үйінде бірнеше қайтара оқып, көңілі толған-ау шамасы, үлкен үзілісте мектептің екі жағы дәлізге жалғасатын, кең кіре беріс бөлмесінде бірінші ауысымдағы барлық оқушыны сапқа тұрғызып, менімен кездесу өткізді. Мұндай құрметті күтпеген әрі бірінші рет көрген менің төбем көкке бір-ақ елі жетпей қалды.
Машраф ағай ұйымдастырған осы кездесу жұрналшылдыққа қызығушылық жалынын алаулатты. Атақты ақын Нартай Бекежановтың бригадасы құрамында өнер көрсеткен жезтаңдай әнші Мырзабай Әділов туралы «Жаралы бұлбұл» (инсульттен бір аяқ, бір қолы істемей, тілі күрмелген еді) аталатын очеркім дүниеге келді. Мектепті бітірген соң, өзіміздің «Өскен өңір», Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары» газеттерінде 42 жыл тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары лауазымдарында абыроймен қызмет атқардым. Жуырда ғана жоғарыда аталған кітабым жарық көрді. Осының барлығында мені әдебиет әлеміне әкелген ұлық ұстазым, бүгінде марқұм, жаны жәннатта болғыр Машраф ағайымның қолтаңбасы бар.
Николай Островский «Құрыш қалай шынықты» романының эпиграфын «Ұшқыннан жалын лаулайды» деп бекер қоймаған. Жұрналшылдықтың алаулаған жалынының ұшқынын жүрегіме алғаш тастаған — осы кісі. Жақында естідім: «Сүйікті ұстазым» деп қанша айтсам да, қадірі кетпейтін, қайта арта түсетін, жүзінен мейірім-шуағы төгіліп тұратын мейірбан мұғалімімнің есімі бүгінгі ұрпақтың есінде қаларлықтай игі іс қолға алыныпты. Жылқайдар Машрафұлы Алғабас жастарының өтінішін жерде қалдырмай, ауылдың дәл ортасынан Машраф Бижігітов атындағы спорт залы кешенін тұрғызуда екен.
Сыныптасымның игі ісіне сәттілік тілей отырып, мен де көкейімдегі пікірді білдірмекпін. Өзі тұрған Жамбыл көшесін, Амангелді, Әзімхан Смайылов атындағы, Абай көшелерін қиып өтетін аты жоқ көшеге Машраф Бижігітов есімі берілсе, нұр үстіне нұр. Ұлы Отан соғысының қанды қырғынынан 2-топ мүгедегі болып оралғанына қарамастан, Қызылорда пединститутын үздік бітіріп, педагогика саласына жарты ғасырға жуық, дәлірегі 45 жыл ғұмырын арнаған, зайыбы Гүлбаршын апамызбен сегіз ұл-қыз өсіріп, тәлім-тәрбие беріп, жоғары білім алуына жағдай жасаған, бір-бір шаңырақ етіп, әулетінің әлеуетін арттырған тау тұлғалы майдангер-мұғалім қандай құрметке де лайықты. Аруағының да разы болары анық. «Мадақтасаң ұстазыңды мадақта, Сол емес пе сені қосқан санатқа» демекші, бұл пікірімді мұғалімін қадір тұтар барша азаматтың қолдарына сенемін.
Ұлық ұстазды ұлықтайық!

Бақберген ӘБІЛДӘ.
21 қараша 2017 ж. 1 433 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930