350-ге ЖУЫҚ ЖАНДЫ ОРТАҚ МАҚСАТ БІРІКТІРДІ
Жуырда ауданда бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен «Марафон Шиелі – 2026» жаппай жүгіру жарысы өтті. Спорттық шараға 350-ге жуық аудан тұрғыны қатысып, бір мақсат жолында бас қосты. Олардың қатарында жалынды жастар, мемлекеттік қызметшілер, мекеме қызметкерлері мен спортсүйер қауым болды.Марафонның ашылу салтанатында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысушыларға ақжарма тілегін арнап, спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, бүгінде Шиелі ауданында спорттың 28 түрімен 38 мыңға жуық тұрғын тұрақты түрде айналысады. Аталған көрсеткіш аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығы артып, бұқаралық спорттың кең қанат жайып келе жатқанын аңғартады.
Жалпы ұзындығы 3 шақырымды құраған марафон А.Ясауи көшесіндегі аспалы көпірден басталып, И.Құтпанұлы атындағы орталық стадионда мәресіне жетті. Әр қатысушы үшін бұл қашықтық жай ғана жүгіру жолы емес, өзін-өзі сынап, жігерін жанып, жеке мүмкіндігін бағамдайтын ерекше белеске айналды.
Жарыс барысында жүйріктер де анықталып, әр санат бойынша үздіктер жеңіс тұғырынан көрінді. Ерлер арасында жастар санатында Бақдәулет Молдақараев топ жарып, І орынды иеленсе, Нұрасыл Ахметханұлы ІІ, Сырым Бағдат ІІІ орынға тұрақтады. Ал 35 жастан жоғары ерлер арасында Ақжүрек Сәрсенов жеңімпаз атанып, Нұрлыхан Омаров пен Ақниет Сәрсенов жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Қыздар арасында жастар санатында Інкар Оспанова мәреге І болып жетсе, Ақтолқын Ибашқызы ІІ, Асылзада Айдархан ІІІ орыннан көрінді. Әйелдер арасында 35 жастан жоғары санатта Нұргүл Маханова жеңіс тұғырынан көрініп, Самал Маликова ІІ, Гауһар Утарбаева ІІІ орынды иеленді.
Жарыс қорытындысында аудан басшысы Айтбай Насриддинұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, оларға арнайы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ марафонға қатысқан барша азаматқа белсенділіктері үшін алғыс айтып, спорттық бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








