Намыс сынға түскенде, жігер жеңіске жетті
Спорт алаңы – тек шеберлік сыналатын орын емес, ол – мінез бен жігер, бірлік пен табандылық таразыға түсетін үлкен дода. Мұнда әрбір ұпайдың артында маңдай тер, әрбір жеңістің астарында үздіксіз еңбек пен асқақ арман жатады. Ал сол алаңда туған жердің намысын арқалап, ел сенімін ақтау – екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе. Осындай жауапты сында Шиелі ауданының спортшылары биіктен көрініп, аудан абыройын асқақтатты.Астана қаласында 3-7 қараша күндері өткен «Ауыл спорт – 2026» республикалық турнирінде аудан намысын қорғаған волейболшыларымыз қарсыластарына дес бермей, І орынды иеленді. Осы айтулы жеңіске орай аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан спортшыларымен кездесіп, жеңімпаз команданы арнайы марапаттады.
Кездесу барысында аудан басшысы спорт саласының бүгінгі даму қарқынына тоқталып, қол жеткізілген жетістіктер мен алдағы міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ республикалық бәсекеде топ жарған спортшыларды жеңістерімен құттықтап, олардың табанды еңбегі мен бапкерлердің кәсіби шеберлігіне алғысын білдірді.
Бүгінде ауданда бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірде 2 спорт мектебі, 2 спорт клубы, 2 стадион, 7 спорт кешені және 70 спорт залы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Аудан халқы спорттың 28 түрімен айналысса, 38 мыңға жуық тұрғын тұрақты түрде дене шынықтырумен шұғылданады.
Спорт нысандарының санын арттыру бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, Жөлек ауылдық округінде құны 597 миллион теңгені құрайтын жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен Бәйтерек ауылдық округінде 622 миллион теңгеге заманауи спорт кешені салынуда.
Аудан орталығындағы Абай көшесінде орналасқан спорт кешені 249 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Ақтоған ауылында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 172 миллион теңгеге салынған 120 орындық спорт кешені ел игілігіне табысталды. Бұдан бөлек, аудан көлемінде 338 миллион теңгеге «Балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубы» ашылды.
Жиында волейбол командасының жаттықтырушысы Өтепберген Әділханұлы да сөз сөйлеп, республикалық жарысқа дайындық барысы мен жеңіске жету жолындағы команданың еңбегіне тоқталды. Жаттықтырушы спортшылардың өзара ауызбіршілігі, тәртіп пен табандылығы нәтижелі ойын көрсетуге негіз болғанын атап өтті. Ол өз сөзінде шәкірттерінің жетістігіне қуанышын білдіріп, командаға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді.
Басқосу соңында республикалық турнирдің жеңімпаздарына арнайы марапаттар табысталып, спортшыларға құрмет көрсетілді. Бір қарағанда, жеңіс тұғырындағы бір сәттік қуаныштың артында қаншама күндік дайындық, маңдай тер мен табандылық жатыр. Шиелілік волейболшылардың бұл жетістігі – соның айқын дәлелі. Туған жердің мерейін үстем еткен командаға алдағы додаларда да сәттілік серік болып, жеңісті жолы жалғаса берсін!
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








