Жеңіс жолындағы жігер
Спорт – тек жарыс алаңы ғана емес, ол бірлік пен табандылықтың, жауапкершілік пен қажырлы еңбектің жарқын көрінісі. Осындай құндылықтарды дәріптеген республикалық деңгейдегі дүбірлі додада жерлесіміз өзінің қарымын танытты, Қызылорда облысының абыройын асқақтатты.29-30 шілде күндері Жамбыл облысының Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері арасында Жамбыл облысы әкімінің кубогы үшін республикалық кіші футбол турнирі өтті.
Осы жарыста Қызылорда облысының құрамында өнер көрсеткен Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі, «Ауыл» партиясы Қызылорда облыстық филиалының «Ауыл жастары» жастар қанаты Шиелі аудандық филиалының төрағасы Мейірлан Балабекұлы команда құрамында табысты ойын көрсетіп, өңір намысын лайықты қорғады.
Тартысқа толы кездесулердің қорытындысында «Қызылорда» командасы қарсыластарының барлығынан басым түсіп, Жамбыл облысы әкімінің кубогын жеңіп алып, турнирдің бас жүлдесін иеленді. Екінші орын «Түркістан» командасына бұйырса, үшінші орынға «Әулиеата жастар» командасы тұрақтады.
Жарыс соңында үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қорғаушы» аталымдарының иелеріне ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар жеңімпаз командаларға 500 мың, 300 мың және 150 мың теңгелік сертификаттар, кубоктар мен медальдар салтанатты түрде тапсырылды.
Спорт пен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген белсенді жастардың жетістігі – өскелең ұрпақ үшін өнеге. Жерлесіміз Мейірланның бұл жеңісі – Шиелі жұртшылығы үшін зор мақтаныш. Ел сенімін ақтап, өңір намысын асқақтатқан азаматқа алдағы уақытта да толағай табыстар, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







