Жаңа алаң – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік
Ауылдың ажары – оның тыныс-тіршілігінен, елдің ынтымағы мен игілікті істерінен көрінеді. Туған жердің бір бұрышы абаттанып, жастарға жаңа мүмкіндік ашылса, оның қуанышы да көпшілікке ортақ.6 қыркүйек күні тұрғындар үшін ерекше мәнге ие болған «Көркейген ауыл – көркем келешек» атты шара өтіп, жаңадан көгалдандырылып, абаттандырылған спорт алаңы ел игілігіне берілді.
Жаңа нысанның ашылуы ауылдың күнделікті өміріне тың серпін алып келген айтулы оқиғаға айналды. Көгалдандырылған алаң енді балалардың ойын алаңына, жастардың спортпен шұғылданатын орнына, тұрғындардың бас қосып, уақытын тиімді өткізетін ортақ мекеніне айналмақ.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мұндай бастамалардың елді мекеннің дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
– Ауылдың көркеюі – баршаға ортақ қуаныш. Әсіресе, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау – маңызды міндет. Бүгінгі алаң спортпен айналысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жастардың басын біріктіретін жақсы орта болады деп сенемін. Осындай игі бастамалар көбейіп, елді мекендеріміздің ажары арта берсін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Қазақтың айтыс өнерін биікке көтеріп жүрген, алтын домбыраның үш дүркін иегері, «Айтыстың ақтаңгері» атанған Мұхтар Ниязов та шара барысында ақжарма тілегін білдірді.
– Ауыл – елдің алтын бесігі. Ауылдың көркеюі – елдің көркеюі. Бүгін жастарға арналған осындай әдемі алаңның ашылып отырғаны қуантады. Бұл жер талай баланың спортқа қызығуына, талай жастың қанатын қатайтуына себеп болсын. Ең бастысы, осындай игі істер елдің бірлігімен, азаматтардың жанашырлығымен жалғаса берсін, – деді.
Шара барысында ауыл әкімі Мақсұт Парманқұлов та тұрғындарды құттықтап, ауылды абаттандыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Туған жердің көркеюіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі де ескерусіз қалмады. Ауылдың абаттануына қолдау көрсетіп, ел игілігіне бағытталған іске өз үлесін қосқан кәсіпкер Ерғали Егізбаевқа арнайы алғыс хат табысталды.
Жақсылықтың соңы ақ батамен жалғасты. Қазақы дәстүрге сай ауыл ақсақалы жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуін тілеп, ақ батасын берді. Ақ тілектен кейін көпшілік асыға күткен ашылу рәсімі өтіп, жаңа алаңның лентасы қиылды.
Салтанатты шараның шырайын спорттық бәсеке аша түсті. Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында футбол турнирі ұйымдастырылып, командалар өзара бақ сынады. Алаңға жиналған жанкүйерлер спортшыларға қолдау көрсетіп, тартысты ойындарға куә болды.
Жаңа алаң енді ауыл жастарының спорттық шеберлігін шыңдайтын ғана емес, олардың достығы мен ұйымшылдығын арттыратын ортаға айналмақ. Мұнда талай баланың алғашқы добы теуіліп, талай жас спортқа деген алғашқы қадамын жасауы мүмкін.
Ауылдың көркеюі – бір күндік істің нәтижесі емес. Ол – елдің ертеңін ойлаған азаматтардың еңбегі мен көпшіліктің ортақ ниетінен туындайтын үлкен қозғалыс. Бүгін ел игілігіне берілген жаңа алаң да осындай ізгі ниеттің жарқын көрінісі.
Ендеше, ауылдың көркіне айналар жаңа алаңның әр күні баланың күлкісіне, жастың жігеріне, спорттың дүбіріне толсын. Туған жердің ажары артып, елдің еңсесі биіктей бергей!
А.ИБРАШЕВА,
фото автордікі
фото автордікі








