БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ АЙТАМЫЗ. АЛ ЖАСТАР ШЕ?
Жастар – елдің болашағы. Бұл сөзді күн сайын естиміз. Жастарды қолдау туралы айтамыз, олардың әлеуетін арттыруды сөз етеміз, түрлі форумдар мен кездесулер өткіземіз. Бірақ бір сәт өзімізге қарапайым ғана сұрақ қойып көрдік пе? Болашақ деп жүрген жастардың бүгінгі өмірі қандай? Олар неге мұқтаж? Бос уақытын қайда өткізеді? Біз жастарға шынымен қандай жағдай жасап жүрміз?Шиелі ауданында бүгінде 27 645 жас тұрады. Демек, аудан тұрғындарының әрбір үшіншісі – жас. Мұндай көрсеткіш жастар мәселесінің тек бір саланың емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі екенін көрсетеді. Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі ұстаз, дәрігер, кәсіпкер, инженер, мемлекеттік қызметкер. Сондықтан олардың білім алуымен қатар, бос уақытын қалай өткізетіні, қандай ортада өсіп-жетілетіні де маңызды. Бүгінгі жас сабақтан немесе жұмыстан кейін қайда барады? Қай жерде кітап оқиды? Қай жерде спортпен айналысады? Қай жерде шығармашылығын дамытып, жаңа идеяларын жүзеге асырады? Әлде оның таңдауы бірнеше дәмхана мен телефон экранының арасында ғана қалып қойды ма?
Әрине, соңғы жылдары өңірде кәсіпкерлік қарқын алып келеді. Жаңа дәмханалар, кофеханалар, сауда орындары мен фаст-фуд орталықтары ашылуда. Мұның барлығы – экономиканың дамуының белгісі. Алайда ауданның дамуы тек кәсіпкерлік нысандарының санымен өлшенбейді. Жастардың мәдени, рухани және шығармашылық тұрғыдан дамуына мүмкіндік беретін қоғамдық кеңістіктердің болуы да маңызды. Осы мәселе төңірегінде тұрғындардың пікірін білу мақсатында «Өскен өңір» газетінің Instagram парақшасында «Шиеліде жастарға қандай орын жетіспейді?» деген сауал жарияладық. Аз уақыттың ішінде жарияланым 8 мыңнан астам қаралым жинап, 40-тан астам пікірге ие болды. Бұл – жай ғана әлеуметтік желідегі белсенділік емес. Бұл – аудан тұрғындарының көкейінде жүрген ортақ мәселенің көрінісі. Пікірлерді зерделей келе, көпшіліктің ойы бір арнаға тоғысқаны байқалды. Бірі кинотеатрдың жоқтығын айтса, енді бірі үлкен саябақтың қажет екенін жеткізді. Кинотеатр бар еді. Өкінішке қарай ол да жабылып қалды. Бұдан бөлек, балалар ойын-сауық орталығы, скейт-парк, заманауи кітапхана, коворкинг орталығы, шығармашылық студиялар туралы ұсыныстар жиі айтылды. Кейбір тұрғындар «Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыратын орта керек» деп пікір қалдырса, өзгелері «Баламен баратын жер жоқ», «Кино көру үшін басқа қалаға баруға мәжбүрміз» деген ойын жазған.Пікірлердің астарына үңілсек, тұрғындардың сұранысы анық байқалады. Жастар тағы бір фаст-фуд немесе дәмхана сұрап отырған жоқ. Олар өздерін дамытатын, білімін толықтыратын, шығармашылығын шыңдайтын, спортпен айналысып, достарымен мазмұнды уақыт өткізетін қоғамдық орта сұрап отыр.
Расында да, жастар тәрбиесі тек мектеп пен отбасының ғана міндеті емес. Олардың өсіп-жетілуіне жүрген ортасы, бос уақытын өткізетін кеңістігі, қоғамдық өмірге араласуына жасалған мүмкіндік те ықпал етеді. Егер жастардың бос уақыты мазмұнды ұйымдастырылмаса, олардың қызығушылығы да басқа арнаға ауысуы мүмкін.
Қазіргі таңда көптеген өңірлерде жастарға арналған коворкинг орталықтары, пікірталас алаңдары, шығармашылық хабтар, ашық кітапханалар, скейт-парктер мен заманауи демалыс аймақтары көбейіп келеді. Мұндай орындар жастардың уақыт өткізуі үшін ғана емес, олардың жаңа идеяларымен бөлісуіне, өзін дамытуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады. Әлеуметтік желідегі қарапайым ғана сауалдың өзі үлкен мәселенің бар екенін көрсетті. Жастар өз пікірін айтты. Тұрғындар өз ұсынысын білдірді. Енді сол ұсыныстардың ескерілгені маңызды.
Жастармен жұмысты тек мерекелік концерттермен, форумдармен немесе есептік іс-шаралармен шектемеуіміз керек. Нағыз жұмыс – жастардың күнделікті өміріне қажетті жағдай жасаудан басталады. Олар демалатын орын, спортпен айналысатын алаң, кітап оқитын кеңістік, шығармашылығын дамытатын орта болғанда ғана жастардың әлеуеті толық ашылады.
Болашақ туралы көп айтамыз. Бірақ болашақ өздігінен келмейді. Ол бүгінгі жастарға қандай мүмкіндік жасап жатқанымызбен қалыптасады. Сондықтан жастардың үнін еститін, ұсынысын нақты іске айналдыратын уақыт келді. Жастарға жасалған әрбір игі іс – Шиелінің ертеңіне салынған ең құнды инвестиция дейік. Ал сіз қалай ойлайсыз оқырман?
Айнұр ИБРАШЕВА








