Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІ СПОРТЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

ШИЕЛІ СПОРТЫНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Уақыттың таразысына салғанда, адам ғұмырының салмағы оның атқарған қызметімен ғана емес, артында қалдырған өнегесімен, ел жүрегінде қалған ізімен өлшенеді. Кейбір жандар бар – олар тыныш еңбек етіп жүріп-ақ тұтас бір өңірдің тарихына айналады. Садық Ермағанбетов – сондай тағылымды тағдыр иесі, елдің еңсесін тіктеген, ұрпақтың рухын көтерген ардақты азаматтардың бірі.
Оның өмір жолы алыстағы Тәжік ССР-інің Қорғантөбе ауданында бастау алады. 1955 жылдың мамыр айының 30-ында ұстаздар әулетінде дүниеге келген ол бала күнінен-ақ білім мен тәрбиенің қадірін бойына сіңіріп өсті. Ұстаздық ұлағатты ұстанған ата-анасының өнегесі оның өмірлік бағытын айқындап бергендей болды.
Жастық шағы Сыр бойындағы Шиелі топырағында жалғасты. Ол осы топырақта есейді, осы жерде армандады. 1973 жылы №45 «Октябрьдің XIV жылдығы» атындағы қазақ орта мектебін тәмамдап, сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына түсіп, ән-музыка факультетінде білім алды. Осы жылдар оның тұлға ретінде қалыптасқан, өнер мен тәрбиені қатар ұштастырған кезеңі еді. 1977 жылы жоғары білім алып шыққан жас маман өмірдің үлкен жолына нық қадам басты.
Алғашқы еңбек жолы Тараз қаласындағы А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернатта басталды. Мұнда ол тәрбиеші әрі мұғалім ретінде жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбие нәрін сіңірді. Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған Садық үшін әр шәкірт – бір әлем, әр сабақ – бір тағдыр болатын.
Кейін туған жерге оралып, өзі оқыған мектепте еңбек етуі – оның елге деген адалдығының белгісі. 1980-1983 жылдары СПТУ-97 училищесінде қызмет атқарып, дене шынықтыру пәнінен сабақ берді. Бұл кезеңде ол тек ұстаз емес, жастарды шынықтыратын, жігерлендіретін тәлімгерге айналды.
1983 жылдан бастап Шиелі аудандық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Үш онжылдыққа жуық уақыт бойы ол аудан спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол басқарған жылдары спорт тек жарыс алаңы ғана емес, халықты біріктіретін, жастарды тәрбиелейтін үлкен әлеуметтік күшке айналды. Ауылдағы қарапайым балалардың арманына қанат бітіріп, олардың үлкен спортқа жол ашуына ықпал етті. Әрбір ұйымдастырылған жарыс, әрбір өткізілген кездесу – болашақ чемпиондардың алғашқы қадамы болды.
Садық Ермағанбетов жаңашылдыққа да жаны жақын басшы еді. 1986 жылы Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы мемлекеттік университеттің дене шынықтыру және спорт факультетін тәмамдап, білімін жетілдіреді. Ол алған білімін туған жердің игілігіне жұмсап, спорт саласына тың серпін берді. Оның бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі кездесулер аудан тарихында ерекше орын алады. 1999 жылы Оңтүстік ­Африка Республикасының футболшыларын шақырып, жолдастық кездесу өткізу – сол кезең үшін үлкен жаңалық болды. Осы жерде аудан құрамасының бас бапкері Нұрмағанбет Аманқұловтың еңбегі орасан. Бұл тек ойын емес, мәдени және спорттық байланыстың жарқын үлгісі еді.
Ал 1987 жылы Совет Одағының атақты футболшысы Р.Досаев бастаған ардагерлер командасының келуі, Шиелі жұртшылығы үшін ұмытылмас оқиға. Кейін 1998 жылы Қазақстанның ардагер футболшылары – Т.Сегізбаев, С.Байшақов, Қ.Ордабаев, В.Масудов, О.Квочкин сынды спорт саңлақтарының қатысуымен өткен кездесулер аудан жастарына үлкен рух берді.
Осы жұмыстың барлығы – бір адамның ұйымдастырушылық қабілеті мен елге деген жанашырлығының нәтижесі. Спорт – тек дене шынықтыру емес, ол – ұлттың саулығы, рухтың биіктігі, болашақтың кепілі. Садық Ермағанбетов басқарған кезеңде Шиелі ауданы облыстық «Алтын күз» ауыл спортшылары спартакиадасында 17 мәрте чемпион атанды. Бұл – жүйелі еңбектің, дұрыс бағыттың айқын дәлелі. Аудан спортшыларының жетістіктері де көз қуантарлық. Қазақ күресінен Ғабит Тәжбеновтің үш дүркін Қазақстан чемпионы атануы, 1995 жылы жасөспірімдер арасындағы футболдан Шиелі ауданының Қазақстан чемпионы болуы – осы еңбектің жемісі.
2012 жылдан 2018 жылға дейін аудандық оқушылар үйін басқарып, жас таланттардың дамуына жағдай жасап, ұрпақ тәрбиесіне деген адалдығын тағы бір дәлелдеді. Ал 2018 жылдан бастап зейнеткерлікке шықса да, елдің ақылшысына айналып, қоғам өміріне белсене араласып келеді.
Садық Ермағанбетовтің еңбегі елеусіз қалған емес. 2003 жылы аудан спортын жоғары деңгейге көтеріп, бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. 2010 жылы ҚР Туризм және спорт министрінің «Құрмет» грамотасына ие болды. Сонымен қатар 2016 жылы Ы.Жақаевтың 125 жылдық мерекелік төсбелгісімен, 2019 жылы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы С.Имашевтің алғыс хатымен және «Қазақстан мәслихаттары 25 жыл» төсбелгісімен, 2022 жылы Шиелі ауданының құрметті азаматы атағымен, 2024 жылы «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» төсбелгісімен марапатталуы – оның ел алдындағы еңбегінің айқын дәлелі. Бұдан бөлек, облыс және аудан әкімдерінің көптеген құрмет грамотасына ие болды. Бүгінде ол спорт және сайлау саласының ардагері.
Ол басқарған жылдары ұлттық және бұқаралық спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе, ауданның атбегілері – Әуезхан Қыдырбаев, Орынбай Ахметов, Елтай Қамысбаевтар баптаған жүйріктер облыстық және республикалық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатты.
Өмірдің мәні – тек қызметте емес, отбасында да. Садық Ермағанбетов – ардақты жар, өнегелі әке. Жұбайы Тұрсынай Қалекеевамен бірге берекелі шаңырақ құрып, ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Қызы Назира – ұстаздық жолды таңдаса, ұлы Беркінбай – әке жолын жалғап, спорт саласында еңбек етуде. Кіші ұлы Еркін – елордада журналистика саласында қызмет атқарып жүр. Бұл – әке тәрбиесінің жемісі, өмірлік ұстанымының жалғасы.
Садық Ермағанбетовтің ғұмыры – бір ауданның ғана емес, тұтас елдің рухани қазынасына айналған өмір. Ол айқайламай-ақ әсер еткен, бұйырмай-ақ баураған, мақтанбай-ақ мойындатқан жан. Осындай азаматтар барда елдің ертеңі нық, болашағы берік. Еңбегі елеулі ел ағалары – ұлттың тірегі, уақыттың шежіресі.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
13 сәуір 2026 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (9393)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (9392)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930