Рингтегі тартыс
Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет етіп, Шиелі ауданының экономикасы мен кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қосқан азаматтың бірі – Әбдіманап Шорабаев. Көзі тірісінде көмек сұраған адамның қолын қайтармай, атымтай жомарт жан ретінде танылып, халық жадында сақтаулы тұр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, көзі тірісінде мешіт салып, жетім-жесірге қол ұшын созып, аз ғұмырында көпке үлгі боларлық із қалдырған Әбдіманап Шорабаевты халық арасында «Атымтай жомарт еді» деп еске алады.Шиелі ауданының құрметті азаматы, ел дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты тұлғаны еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы бокстан республикалық турнир биыл да өз жалғасын тапты.
Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, мұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы жас спортшыларға шабыт беріп, шыңдалуына септеседі. Ал жарысқа арнайы келген Әбдіманап Шорабаевтың әпкесі Әтіркүл Шорабаева турнирді ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жас спортшыларға жігер берді.
Жарыстың мақсаты – еліміздегі бокс спортын дамытуға, жасөспірімдер арасында отансүйгіштік пен ұлтжандылықты насихаттауға және олардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануына бағытталған.
Айта кетейік, биыл 13-ші мәрте ұйымдастырылып отырған додаға еліміздің 12 облысынан 220-ға жуық жас былғары қолғап шеберлері қатысты. Олар 10 салмақ дәрежесінде шаршы алаңда бақ сынады.
Республикалық турнир жұма күні қорытындыланды. Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев, ауданның зиялы қауым өкілдері мен мәслихат депутаттары арнайы қатысты.
Жарыстың 15 салмақ дәрежесінде үздік шықтан жеңімпаздарға Алғыс хат пен медальдар, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табыс етілді.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ







