БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАУ АЛДЫ

Кеше сәуір айының сегізінші жұлдызы, аудандық спорт мектебінде Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Ә.Шорабаевты еске алуға арналған 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Х республикалық турнир бастау алды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін турнирдің ашылу салтанатына Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов бастаған зиялы қауым өкілдері, жас спортшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Болат Ысмағұлов:
– Құрметті спортсүйер қауым, турнирге қатысушы жас спортшылар. Елінің елеулісі болған, ауданның «Құрметті азаматы» Әбдіманап Дүйсенұлын еске алуға арналған республикалық турнирге қош келдіңіздер. Бүгінгі республикалық турнир биылғы жылы 10-шы рет ұйымдастырылып отыр. Бір қуантарлығы, спорттық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен командалар қатысып, жарыстың кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Киелі мекен саналатын шежірелі Шиеліге ат басын бұрып келулеріңізді – елге құрмет деп білеміз. Бүгінгі байрақты бәсекеде оза шапқан спортшыларымыз елдің ертеңіне айналып, әлем елдері алдында байрағымызды көкке желбіретеді деп сенеміз, – деді.
Ә.Шорабаевтың үлкен әпкесі Әтіркүл Шорабаева мен ағасы Оразәлі Байділдаев естелік сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Иә, жыл өткен сайын құлашын кеңге жайып келе жатқан турнирге биыл 9 облыстан 250-ге жуық спортшы қатысуда. Жоспарланған жарыс үш күнге созылып, марапаттау рәсімі 10 сәуір күні өтеді.
М.ИБРАГИМ