ТУҒАН ЕЛІ АРДА АЗАМАТЫН ЕСКЕ АЛДЫ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Өздеріңізге белгілі, сәуір айының сегізінші жұлдызында аудандық спорт мектебінде Ә.Шорабаевты еске алуға арналған 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Х республикалық турнир бастау алды. Ал оның марапаттау рәсімі 10 сәуір күні қорытындыланды. Қолғапты бәсекегеде 9 облыстан 250-ге жуық спортшы бақ сынасты. Финалдық бәсекеде кіл мықтылар жарысты. Қарсыластың мүмкіндігін дәл анықтап, оған тойтарыс бере білген, өзі сенімді әрі әдіс-тәсілі жетілген боксшылар жарыс жеңімпазы атанды. Ендеше, тартысты турнир қорытындысына шолу жасап шығайық. Турнир нәтижесінде, қарсыласқа қарсы тұрып, жеңімпаз атанғандардың қатарынан Алихан Зайып (№5 Тасбөгет, 42 кг салмақ), Диас Алпысбай (№5 Тасбөгет, 44 кг салмақ), Мадияр Адрисов (Атырау облысы, 46 кг салмақ), Тәңірберген Абдилдаханұлы (№10 Шиелі, 48 кг салмақ), Сұңқар Әутен (Түркістан облысы, 50 кг салмақ), Ильнус Төремұратов (Сәтбаев қаласы, 52 кг салмақ), Ерасыл Мейрамхан (Түркістан облысы, 54 кг салмақ), Мейіржан Хусайнов (Сарыағаш ауданы, 57 кг салмақ), Оңдасын Асылбеков (Түркістан облысы, 60 кг салмақ), Оразалы Көбей (Жамбыл облысы, 63 кг салмақ), Думан Анарбек (Сарыағаш ауданы, 66 кг салмақ), Фараби Ақылбек (№15 Қармақшы, 70 кг салмақ), Алдияр Рахатұлы (№12 Сырдария, 75 кг салмақ), Мұхамедали Тортай (Қызылорда облысы, спорт-интернаты 80 кг салмақ), Ерасыл Бақытжан (Түркістан облысы, 80+ кг салмақ) көрінді.
Жеңімпаз және жүлдегер атанған жас спортшылар салтанатты түрде арнайы дипломмен, медальмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Осылайша, республикалық турнир жоғары деңгейде мәресіне жетті. Бір қуантарлығы, спорттық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен командалар қатысып, жарыстың ұлғайып келе жатқанын көрсетті. Әдемі күн мен тарихи сәтке толы болған жарыс үш күнге созылып, нәтижелі аяқталды.
ЖАҚСЫ АДАМНЫҢ ШАРАПАТЫ – ӘР ЖҮРЕКТЕ
Әбдіманап Дүйсенұлының Шиелі ауданы үшін еткен еңбегі ерен. Өйткені ол ауданның орталық базарын республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы ірі сауда орындарының біріне айналдырды. Алайда елім деп еміренген ердің ғұмыры қысқа болды. «Жақсы адамның шарапаты – әр жүректе» демекші, оның інісі Әбдіғани Шорабаев 10 сәуір күні «Әбдіманап» орталық базарында ағасына арнап ас берді. Құран бағышталды. Ораза айт мерекесімен тұспа-тұс келген бұл күні ауа райы жылы болып тұрды. Жүрегі кең, мейірімге толы адам болатын. Сауданың сиқырлы жақтарын тоқып, күндізтүні әкесінің жанында жүретін. Адамдардың сан қырлы қарым-қатынасын түйіп, жан-жақты аңғарып, әке жолымен алға ұмтылды. Өмірдің өзі бір тіршілік екенін бірден ұғынды.
Байқасаңыз, Шиелі жұртшылығының жарты өмірі осы орталық базарда өтеді. Құжынаған халық. Қайнаған өмір. Күйбең тіршілік. Жапырлаған адам. Сауда-саттық. Бәрі осында. Керегіңізді осы жақтан таба аласыз. Ерекшелігі – тап-таза. Базар ішінің тазалығын сақтау – бірінші кезектегі талап. Сатушылардың тұрақтылығы – базардың кені, жергілікті халықтың азығы, салықтың қайнар көзі. Осының бәрін көріп-біліп, байқаған орталық базардың директоры болған Әбдіманап Шорабаевқа қандай сый көрсетсек те жарасады. Халық құрметіне бөленген, ел үшін туған, елім деген абзал азаматтың есімі мәңгі жүректе. Ол туралы көп айтылды, әлі талай айтылады. Тау алыстаған сайын биіктей беретіні сөзсіз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ