Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СПОРТ АРҚЫЛЫ НЫҒАЯР, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ БІРЛІГІ

СПОРТ АРҚЫЛЫ НЫҒАЯР, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ БІРЛІГІ

Қоғам дамуының діңгегі саналатын мемлекеттік қызмет – жанкешті еңбек пен зор жауапкершілікті талап ететін аса маңызды сала. Бұл қызметті таңдаған әрбір жан – ел мүддесін өз мүддесінен биік қойып, адалдықты серік еткен тұлға. Мемлекеттік қызметкер – тек кабинетте отырған қызметкер емес, ол – қоғамның қай саласында болсын белсенділік танытып, халықпен етене жұмыс істейтін азамат. Сондықтан да бұл қызмет иесінің бойында кәсіби шеберлікпен қатар, сергектік, шымырлық, ­рухани төзімділік және қайрат-жігер қатар жүріп отыруы тиіс. Осындай қасиеттердің қалыптасуының бір тетігі – салауатты өмір салтын ұстану.
Қазақ халқы ежелден-ақ денсаулықты ­басты байлық деп білген. «Тәні саудың – жаны сау» деген нақыл сөз осының айғағы. Қазіргі жаһандану дәуірінде түрлі дерттің алдын алу мен дене белсенділігін арттыру – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Бұл орайда салауатты өмір салтын насихаттау мен спортты өмірлік әдетке айналдыру – заман талабы ғана емес, ел болашағына салынған берік негіз.
Осы бағыттағы ізгі бастамалар Мемлекеттік қызметшілер күні аясында кең көлемде қолға алынып келеді. Мәселен, 23 маусым – кәсіби мерекеге орай ауданда мемлекеттік қызметкерлер арасында ерекше мазмұндағы спорттық жарыс ұйымдастырылды. Мақсат – мемлекеттік қызметшілердің дене дайындығын нығайтып қана қоймай, ұжымдық бірлікті бекемдеу және спортқа деген қызығушылықты арттыру.

ДӘСТҮР МЕН ЗАМАНА ҮНДЕСКЕН САЙЫС
Аудан көлемінде өткен бұл ауқымды спорттық іс-шара мемлекеттік қызметтің тек ресми саласы ғана емес, рухани, мәдени тұрғыда да маңыздылығын айқындап берді. Атап айтқанда, денешынықтыру-сауықтыру кешенінде мемлекеттік қызметкерлер арасында шағын футбол, волейбол, үстел теннисі және бильярдтан турнир ұйымдастырылып, қатысушылар жоғары белсенділік танытты. Бұл жарыстар барысында қатысушылар тек шебер ойын көрсетіп қана қоймай, бір-бірін қолдап, ортақ мақсат жолында күш біріктіре алатындарын көрсетті.
Ұлттық болмысты ұлықтаған игі іс-шараның тағы бір ерекшелігі – қазақтың төл спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөлінгені. Шиелі Индустриалды-аграрлық колледжінің алаңында өткен «Спорт – жан серігің» атты сайыс аясында қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойын түрлері ұйымдастырылды. Бұл жарыстар қызметкерлердің тек дене қуатын емес, рухани төзімділігін де сынаған тартысты бәсекеге айналды.

ҚҰРМЕТ ПЕН ҚОЛДАУ – МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ АЙҒАҒЫ
Шара барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр, сондай-ақ аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекіш арнайы келіп, мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі. Бұл – еңбек иесіне көрсетілген құрметтің жарқын үлгісі болды.
Спорттық жарыстың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар аудан әкімінің алғыс хатына ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл бір жағынан, марапат иелерінің мерейін үстем етсе, екінші жағынан, өзгелерге үлгі боларлық стимул ретінде әсер ететіні сөзсіз.

БҰЛ – ТАБЫСТЫ ҚЫЗМЕТТІҢ КЕПІЛІ
Ұйымдастырылған бұл іс-шара – мемлекеттік қызметшілер арасындағы ынтымақ пен бірлікті арттырып қана қоймай, олардың денсаулығына, сергек өмір салтына көңіл бөлудің қажеттілігін айқын көрсетті. Себебі, елдің ертеңі – еңбекке қабілетті, жан-жақты, дені сау мамандардың қолында. Сондықтан да мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мемлекеттік қызметкерлер үшін дәстүрлі мерекелік іс-шаралардың бір бөлігіне айналатынына сенім мол.
Қорыта айтқанда, бұл шара – қызмет пен спорттың үндесуінің жарқын көрінісі. Мемлекеттік қызметтің биік абыройын арқалаған жандардың спорттағы жігері мен жеңіске деген құштарлығы – қоғамға беріліп жатқан үлкен үлгі. Тек қағазбен емес, қайратпен де үлгі бола білген бұл қызметкерлер – ел ертеңінің кепілі.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
28 маусым 2025 ж. 37 0