Ер есімі – ел есінде!

Мерекелік шараны аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болатхан Мұханов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил ашып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
Шағын футболдан өткізілген турнирге полиция бөлімі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі, аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімі, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі бөлімі, аурухана бөлімі, полиция бөлімінің ардагерлері және Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің ардагерлері қатысты. Тартысты өткен теңбіл доп додасында бірінші орынды Шиелі ауданы полиция бөлімінің командасы қанжығасына байласа, екінші орынды аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау бөлімі иеленді. Ал үшінші орынға аудан әкімдігінің командасы қол жеткізді.
Сонымен бірге жақсы ойын өрнегін көрсеткен Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің ардагері Бауыржан Сопбеков «Үздік ойыншы ардагер» номинациясымен, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Батырхан Усембаев «Үздік қорғаушы», аудан әкімдігінің қызметкері Берік Ермағанбетов «Үздік ойыншы», аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Жігер Амангелдиев «Үздік шабуылшы», аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі бөлімінің қызметкері Рамазан Торғынғали «Үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталды. Осы орайда жарысқа қатысушы командалар мен жергілікті құзырлы органдар басшылары аудандық полиция бөлімінің басшылығына өз алғыстарын білдірді.
Шара соңында полиция бөлімінің жас қызметкерлері, Тартоғай елді мекенінде қызмет бабында ерлікпен қаза болған полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевқа арналған ескерткіш тақтасының айналасын тазалап, әктеп, сырлап, гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштап, қызметкер рухына құрмет көрсетті.
Саптық байқау – ұқыптылық кепілі
Әр аптаның дүйсенбі күні Шиелі ауданы полиция бөлімінде саптық байқау өтеді. Саптық байқауда қызметкерлердің нысанды киімдер мен айырым белгілері, сырт келбеті, тазалығы, ұқыптылығы тексеріледі.
А.Бақытжанұлы