Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БИДАЙКӨЛДЕ БІЛЕКТІЛЕР БӘЙГЕСІ ӨТТІ

БИДАЙКӨЛДЕ БІЛЕКТІЛЕР БӘЙГЕСІ ӨТТІ

Жуырда Бидайкөл ауылының қауымдастығының ұйымдастыруымен ауылдың атшабар алаңында жастарды спортқа тарту мақсатында «Ұлттық спортты ұлықтау» атты іс-шара өтті.
Ұлттық спорт дегенде – ұлттық рух, ұлттық намыс, тарих, мәдениетіміз бен дәстүріміз еске түседі. Ал ауылдарда спортты дәріптеу мен дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Соның бір парасы Шиелі кентімен жалғасып жатқан жақын ауылдың бірі Бидайкөлде көрініс тапты. Бұл ауыл әлеуеті артқан, мәдениеті өркендеген, табыстары тасыған, ынтымағы берік мекен. Ауданның гүлденіп, өсіп-өркендеуіне, биіктерден көрінуіне осы ауылдың азаматтарының қосқан сүбелі үлестері шаш етектен. Мінекей, сол күні өткізілген шара да көпке үлгі деп білеміз. Себебі шарада ұлттық ойындар ұлықталды. Атап айтсақ, қошқар көтеру, арқан тарту, теңге алу, тай бәйге, тоқты бәйге сынды ойындардан сайыс өтті. Қатысушылар өздерінің мықты екенін дәлелдеп, бақ сынасты.
Алғашында көрермен-жанкүйерлер «Қошқар көтеру» ұлттық ойынын тамашалады. Нәтижесінде, ең көп рет 35 келілік қошқарды көтерген ауыл тұрғыны жеңімпаз атанып, көпшілікті таңғалдырды. Екінші кезекте «Арқан тарту» ойынында ауылдың азаматтары өз ептілігі мен тапқырлығын танытып, күш сынасты. Әрмен қарай шара «Теңге алу» ойынымен қыза түсті. «Аттың құлағында ойнаған» жігіттер атшабар алаңында бірдей арақашықта ақ орамалға түйілген теңгені шауып келіп, іліп алу керек. Бірі жарыстың ережесін орындай алса, екіншілері аттың жетегінде кетіп, түйіншекті ұстай алмай жатты. Келесі «Тай бәйге» мен «Тоқты бәйге» сайысы да тартысты әрі қызықты болды. Бұл ойындардың барлығы да жас ұрпақты шабандоздыққа баулып, ұлттық өнерге баулиды. Шара соңында жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сонымен, ұлттық спорт ұлттық сананы, ұлттық рухты қалыптастырудың ұлттық коды саналады. Сол себептен бұл саланы дамыту аса маңызды. Ал осы ұйымдастырылған шара соның бір дәлелі.

Айнұр ИБРАШЕВА
09 сәуір 2024 ж. 257 0