Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматыда «Асыл мұра» бағдарламасының жаңа маусымы ашылды

Алматыда «Асыл мұра» бағдарламасының жаңа маусымы ашылды


Бүгін барша мұсылмандардың мейрамы Ораза айттың бірінші күні. Осыған орай Орталық мешітте таң намазынан кейін «Асыл мұра» бағдарламасының ресми ашылу салтанаты өтті. Шараға  3000-нан аса қала тұрғыны қатысты.
Ашылу салтанатында қала қонақтары мен осы мешітке келуші жамағат акробат өнерін тамашалады. Сонымен қатар Алматы тұрғындары ұлттық спорт түрлері: қошқар көтеру, асық ату, бағанаға шығу, арқан тарту, гір көтеруден күш сынасты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне шара ұйымдастырушыларының атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, мешітке келушілерге айт мейрамының мерекелік дастарханы жайылды.
Қошқар көтеру өнері бойынша бас жүлдені еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Ілияс Жұман иеленді. Ол 40 келіден асатын қошқарды 205 рет көтеріп, рекорд орнатты.
Ал, ертең яғни, маусымның 16-і күні сағат 09:00-де мешітке келуші жамағаттар арасында Almaty Arena жанындағы жеңіл атлетикалық стадионда футбол лигасы өтеді. Лиганың жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайды. Қатысу тегін.
Сонымен қатар, осы күні футболдан бөлек барша көрермендерге арналған тамақтану және белсенділік пунктары да қызмет атқарады. Олар леңгі теуіп, бамперболдан өз бақтарын сынауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді деп күтілуде.
Еске сала кетсек, өткен маусымда осы футбол лигасының жеңімпазы «Төле би» (Алмалы ауданы) мешіті атанған болатын.
Жалпы, мерекелік шараны ұйымдастырушы Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен діни басқармасының мақсаты қалалық мешіттерге келуші жамағаттар арасында бұқаралық спортты дамыту.
baribar.kz

15 маусым 2018 ж. 957 0