ГІР КӨТЕРУ СПОРТЫ ТҰРАЛАП ҚАЛМАСА
Гір тасын көтеру спортынан сырбойылықтардың айтарлықтай нәтижесі бар. Республика көлемінде алтыннан алқа тағынып, жарыстардан жүлделі қайтуы – соның дәлелі. Шардара ауданы қол күрес спортын қалай дамытса, сол секілді әр аудан, ауыл бір спортқа бейімделсе, жақсы жетістік болатыны анық. Осы сарындағы пікірдің айтылып, жазылып келе жатқанына көп болды. Десе де, жаттықтырушылар мен спортшылар кедергіге тап болып жатады. Мысалы, Шиелі ауданы, Бала би ауылындағы гір тасын көтеру спортының жаттықтырушысы Шерхан Бекмұхамед талантты спортшылар өзге облыстың намысын қорғауға мәжбүр екенін айтып отыр. Басты себеп – кәсіби қызметі үшін штаттың жоқтығы.
– Шәкіттеріміздің ел чемпионаттарында мерейі үстем. Кішкене ғана мектебіміздің спорт залынан шыққан спортшыларымыз үлкен қалаларда бақтарын сынап жатыр. Гір спортынан арнайы штаттық үйірме болмаған соң мықтыларымыз Астана қаласында өзінің дайындығын шыңдауға мәжбүр. Атап айтсақ, Қыдырәлі Дарын бүгінде Астана құрамасымен биік шыңдарды бағындыруда, – дейді ол.
Гір спортынан жаттықтырушы ауыл балаларының спортқа деген құмарлығы басым екенін жеткізді. Нәтиже де бар. Енді тек қолдау керек.
– Жастардың гір спортына деген қызығушылығы артып жатыр. Кішкене ғана мектебіміздің залында 20-ға жуық оқушы салауатты өмір салтын ұстанып, гір спортының қыр-сырын үйренуде. Жуырда Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде гір спортынан облыс біріншілігі өз мәресіне жетті. Аталған жарыста 58 кг салмақта Бағдәулет Бақытжанұлы І орын иеленсе, 68 кг салмақта Мейіржан Абдуллажан мен 53 кг салмақта Жансерік Жанболат ІІ орын, 48 кг салмақта Абдулла Ертісұлы IІІ орынға ие болды. Одан бөлек осы жылдың өзінде 2 спортшымыз Астана қаласында өткен жарыста бағын сынап келді. Наурыз айының 7-сі күні Бағдаулет Бақытжанұлы Тараз қаласында өтетін жарыста спорт шеберіне үміткер, – дейді Шерхан Бекмұхамед. Жалпы, Бала би ауылындағы гір спортының дамуына үлес қосқан аға жаттықтырушы Қабланбек Назарбековты жерлестері ерекше мақтан тұтады. Мінеки, осындай тәжірибелі бапкердің тәлімін, тәрбиесін, тәжірибесін көрген шәкірті де осы Шерхан Бекмұхамед болатын. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Шерхан 85 келі салмақ дәрежесінде облыс жеңімпазы, 2023 жылы «Алтын күз» спартакиадасында ІІ орынды жеңіп алды. Оның мұндай жетістіктері көп. Бұған дейін «Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері №50 Абай атындағы орта мектептің спорт залында кешкі сағат 18:30-20:30 аралығында жаттығу жұмыстарын жүргіземіз» деген спортшы әрі бапкер осы күні штаттық бірлік болмағандықтан, жаттығу жұмыстары тоқтап тұрғанына налиды. Әйтпесе, «ауыл спортын дамытамын, ауыл балаларынан чемпион шығарамын» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жаттықтырушының шәкірттері өте көп. Мысалы, Бекбол Тасболатов, Дарын Қыдырәлі, Мейіржан Абдуллажан, Бағдәулет Бақытжанұлы, Думан Балтабек, Нұрмат Нұржанұлы, т.б. секілді жігіттер намысты қолдан бермей, ауыл, аудан, тіпті облыс атынан кез келген додада топ жаруға ниетті.
Ш.ТІЛЕУБАЕВ