ШӘКІРТ БИІГІ БАПКЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІ
Спорттың қай түрімен болсын шұғылдану – адам ағзасы мен оның өмір сүру сапасына оң өзгерістер алып келетіні жасырын емес. Бүгінде ел арасында бұқаралық спортты дамыту мен жасөспірімдерді спортқа баулуға баса мән берілуде. Ауылдық округтерге де арнайы маман бөлініп, ауыл балаларының өздері ұнатқан спорт түрімен шұғылдануына мүмкіндік жасалған. Осындай үйірменің бірі – ауданға қарасты Бала би ауылындағы гір тасын көтеру үйірмесі.
Жалпы Бала би ауылында спорт саласында серпін бар. Спорттан түрлі үйірмелер жүйелі жұмыс жасап, шәкірттерін шыңға шығару үшін барын салып келеді. Соның ішінде дәстүрлі спорт түрі саналатын гір тасын көтеру үйірмесінің орны ерекше. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап қолға алынған үйірмеге оқушылардың қызығушылығы жоғары, ынтасы зор. Бұл спортпен шұғылдану кез келген жастың қолынан келе бермейді. Тек ерінбей еңбек етіп, тер төгу қажет. Сонда ғана қаншама тер төгілген ұзақ жаттығудан соң адамның бойында шеберлік пен тәжірибе қалыптасады.
Жалпы Бала би ауылында спорт саласында серпін бар. Спорттан түрлі үйірмелер жүйелі жұмыс жасап, шәкірттерін шыңға шығару үшін барын салып келеді. Соның ішінде дәстүрлі спорт түрі саналатын гір тасын көтеру үйірмесінің орны ерекше. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап қолға алынған үйірмеге оқушылардың қызығушылығы жоғары, ынтасы зор. Бұл спортпен шұғылдану кез келген жастың қолынан келе бермейді. Тек ерінбей еңбек етіп, тер төгу қажет. Сонда ғана қаншама тер төгілген ұзақ жаттығудан соң адамның бойында шеберлік пен тәжірибе қалыптасады.
Ауылдағы гір спортына қомақты үлес қосып жүрген аға жаттықтырушы Қабланбек Назарбековтың еңбегі ерен. Оның айтуынша, спортшылар жарыстарда намысты қолдан бермеуге тырысады. Ауыл мерейін асыруда, абыройын асқақтатуда маңдай термен, білектің күшімен сынға түсетін әрбір спортшының еңсесі биік болуы керек. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, біздің міндет аламанға аттанған әр саңлақтың тілеуін тілеу, жігерін жасытпай қайратын қамшылау», – дейді ол. Сонымен қатар ол спорт жанашыры ғана емес, ауыл спортын дамытуға, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға күш салып келеді. Сонымен бірге құрыш білегінен күш саулаған жастарды қол күрес спортына да баулып, биік белестерге шығарып жүргенін ауыл біледі. Міне, осындай тәжірибелі бапкердің тәлімі мен тәрбиесін көрген шәкірттерінің бірі – Шерхан Бекмұхамед. Ол жас болса да, бойына жоғары адами қасиетпен қоса мол тәжірибе жиған, өзі де білікті бапкерге айналды. Бүгінде ауыл мектебінің спорт залынан үйірме ашып, шәкірт тәрбиелеуде. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген бар.
Алдымен спортшының жетістігін сөз етсек. Жалпы Шерхан 85 кг салмақ дәрежесінде сынға түсіп, облыс біріншілігінде алтыннан алқа тағынды. Одан бөлек былтыр Шиеліде өткен «Алтын күзде» ІІ орынды жеңіп алған. Мәселен, 29 қаңтарда өткен облыстық ашық біріншілікте ІІ орын алып, ауыл абыройын тағы бір асқақтатты. Бұл оның жетістігінің бірсыпырасы ғана.
– Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері №50 Абай атындағы орта мектептің спорт залында кешкі сағат 18:30-20:30 аралығында жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Үйірменің ашылғанына бір жылдан асса да шәкірттеріміз аудан мен қалаларда, айтулы додаларда бақ сынап, жеңістерді бағындыруда, – дейді бапкер.
Бүгінде Шерханның ең жас шәкірті 45 келі салмақта Бекбол Тасболатов (6-сынып оқушысы). Сонымен қатар өткен аптада Қызылорда қаласында гір спортынан өткен ашық біріншілікте Дарын Қыдырәлі, Мейіржан Абдуллажан, Бағдәулет Бақытжанұлы, Думан Балтабек, Нұрмат Нұржанұлы секілді жігіттер жүлдемен оралып, ауылдың емес аудан мерейін үстем етті.
«Жолаушының жұмысы жүрсе бітеді» дегендей, спортшының жұмысы да тынымсыз жолсапарлар мен байрақты бәсекелермен етене байланысты. Сондықтан балабилік алапат күш иелері – спортшылардың байрақты бәсекелердегі айы оңынан туып, бағы басым болсын деп тілейміз!
Ш.ТІЛЕУБАЕВ