Ұлттық спорттың жанашыры
Ұлттық спорт түрлерінің тигізер пайдасы ұшан теңіз. Соның ішінде «қойшылар алгебрасы» аталып кеткен тоғызқұмалақ ойынының алар орны ерекше. Ол – адамның логикалық ойлау мен зияткерлік қарым-қабілетінің артуына, есептеудің сан түрлі тәсілдерін меңгеруге, күрделі істің күрмеуін жылдам шешуге таптырмас мүмкіндік. Тіпті мінез-құлықтың қалыптасуына да өзіндік үлесін қосады. Зерттеушілердің пайымдауынша оның тарихы 4 мың жылды қамтиды. әмбеге аян өнерді өскелең ұрпаққа ұлықтап, кезең-кезеңге өтуі үшін тер төгіп жүрген жандар қаншама?! Сондай тұлғалардан кентіміз кенде емес. олардың қатарында Салтанат Лекерова да бар. Кейіпкеріміз өзінің еңбек жолы туралы былайша сыр шертеді:
– Бестам ауылындағы мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезде тоғызқұмалақ ойынын үйретіп, шаршы топқа қосылуыма өзіндік қолтаңбасын қалдырған алғашқы ұстазым – Манат Сейітова. Одан кейін Қызылорда қаласында жоғары оқу орнында оқып жүргенімде облысқа танымал тоғызқұмалақ шебері Еркетай Иманбаевтан одан әрі білімімді жетілдіріп, жарыста көш бастап жүрдім. Бұл ойын түрі терең білімді, ұшқыр ойды, асқан жылдамдықты талап етеді. Ол кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бірнеше жылдан бері жас ұрпақты спорттың осы түрімен баулып келемін. Бастапқыда Алғабас ауылындағы №157 Б.Пәрімбетов атындағы қазақ орта мектебінде арнайы үйірме ашып, одан әрі «Машрап ата» атындағы спорт кешенінде тоғызқұмалақтан сабақ беруді қолға алдым. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үйреткеніңді тез қағып алады. Соның арқасында асығымыз алшысынан түсіп, түрлі жетістікке жетіп жүрміз. Тоғызқұмалақ – ең бастысы есептен тұрады. Сондықтан бұл спортты меңгерген бала математикадан еш қиналмайды, – дейді Салтанат Бердәулетқызы.
Ұлттық ойынды насихаттап жүрген спорт шеберінің айтуынша, тоғызқұмалақ сабағына Алғабас ауылы бойынша 70-ке жуық жасөспірім қатысады. С.Лекерованың шәкірттері – ауданда алдына қара салмайтын кіл мықтылар. Солардың бірі – Ернар Елтай. Ол осы жылдың маусым айында Павлодар қаласында тоғызқұмалақтан өткен жасөспірімдер арасындағы облыстық чемпионатта жүлделі 2 орынмен оралған. Біз тек біреуін ғана айттық, одан бөлек қолы қалт етсе тоғызқұмалақ ойынын ойнайтын оқушылары аудандық, облыстық, республикалық сайыста жеңімпаз атанып, абырой биігінен көрінуде.
Тоғызқұмалақ ойынын ойнау қарапайым көрінгенімен, қызық пен тартысқа толы. Сондықтан спорттың бұл түрі адамзатты түрлі шыңға шығарады.
Фариза КЕНЖЕШОВА