Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЗИЯДАН ҮМІТ КӨП

АЗИЯДАН ҮМІТ КӨП

Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғап, өнер көрсеткен зілтемір шеберлерінің мақсаты олимпиада ойындарына жолдама алу.
Бұл Азия чемпионатына 30-ға жуық елден 200-ден аса спортшылар қатысты. Олардың арасында Азия ойындары мен Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері де бар. Сондықтан бәсекелестік жоғары деңгейде болды. – Біздің елден келген 5 ерлер және 2 әйелдер құрамасы, алға қойған мақсаттарына жетті деп ойлаймын. Барлығы ойдағыдай жақсы нәтиже көрсетті. Бұл олимпиадаға лицензия қорғау жарысы болып есептеледі. Енді алдағы тағы бір сынақ, наурыз айының аяғында өтетін соңғы іріктеу жарысы, – деді ауыр атлетикадан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсір. Ж а ң а д а н ж а с а қ т а л ғ а н қ ұ р а м а д а болашағынан зор үміт күтіп отырған жастар бар. Солардың бірі – 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сайрамкез Ақмолда. Қазақстан спартакиасында топ жарған спортшы күміс жүлдені қанжығалады. Алғашында 122 келімен бастап, келесі 126 келіге тапсырыс беріп еңсерді. Бұл Сайрамкез үшін ең жоғарғы көрсеткіш болды. 81 келі салмақ дәрежесіндегі сынға түскен тағы бір жерлесіміз Александр Уваров күміс жүлдені қанағат тұтты. Жаттығуда сыр берген жарақатына қарамай қоржынға жүлде салуға бар күш-жігерін салды. Серпе көтеру бойынша 180 келіні бағындырып, 190 келіге тапсырыс берді. Бар күш-жігерін салып, оны да басынан асырды. – Бізге қазіргі уақытта медаль ауадай қажет. Бұл олимпиадалық салмақ дәрежесі болмаса да, жылдың соңында Әлем чемпионаты бар. Енді елішілік жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, әлемдік аренаға шықсам, – дейді спортшы QAZSPORT арнасына берген сұхбатында. 96 келіде жұлқа көтеруден бақ сынаған Кирилл Староверкин кіші қола жүлдеге ие болды. Алғашында 146 келі көтеруден бастаған спортшы, артынша өз көрсеткішін жақсартып 150 келіге тапсырыс беріп, жақсы нәтиже көрсетті. – Жылдың соңында өтетін олимпиадаға ерлер мен әйелдер арасынан үздіктер іріктеліп, жақсы нәтиже көрсеткен зілтемір көтеру шеберлері жолдама алатын болады. Енді дайындықты күшейтіп, лицензияны ұтып алуға жұмыс істейміз, – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов.

М.ИБРАГИМОВ
20 ақпан 2024 ж. 141 0