Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТА-АНАМНЫҢ ҮМІТІН АҚТАҒЫМ КЕЛЕДІ

АТА-АНАМНЫҢ ҮМІТІН АҚТАҒЫМ КЕЛЕДІ

Арманы асқақ, мақсаты биік азамат, Ақмая ауылының тумасы – Бекарыс Қайырбекұлы. Ұлттық жекпе-жек спорт түрінен халықаралық турнирдің екі дүркін чемпионы, Қазақстан кубогінің екінші орын иегері Бекарыстың спортпен айналысқанына биыл бес жыл. Осы арада білім мен спортты қатар ала жүріп, Қазақстанның түкпіртүкпірінде өткен бәсекеде бағы жанған спортшы.

Жақында Қызылорда қаласында өткен «Орда жекпе-жек» облыстық іріктеуінде жақсы нәтиже көрсетіп, алтын белбеуді қанжығалады. Жарыстың шарты бойынша Алматы қаласында өтетін жекпежектен Қазақстан чемпионатына жолдама алды.
– Спортқа бала күнімнен қызығамын. Бұл жарыс мен үшін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, артымда ата-анам мен облыстың абыройы тұр. Мені осы жарысқа тыңғылықты дайындап жатқан Нариман Елупанов пен Мұстафа Төлеген ағайыма ризашылығымды білдіремін. Осы жарыста бар күшқайратымды салып, ата-анамның үмітін ақтағым келеді, – дейді спортшы. Бекарыс бүгінде байрақты бәсекеге дайындықты күшейтіп, білек сыбана кірісті. Әрине, кіл мықтылар қатысатын чемпионат оңай болмасы анық. Дегенмен де, біз де жерлесімізге алдағы сыннан сүрінбей өтуіне сәттілік тілейміз. Жеңісті күндер көп болғай!
Мейіржан Ибрагимов
18 ақпан 2024 ж. 201 0