Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚМАЯЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

АҚМАЯЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырып, ел мерейін асырып, абыройын тасытатын үлкен сала. Қызылорда облысында ұлттық жекпе-жек спортын дамыту және нашақорлыққа қарсы күрес мақсатында, 28-29 қаңтар күндері Қызылорда қаласы, Евразия спорт кешенінде «Жекпе – жек» ұлттық спорт түрінен облыстық чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындалған 400-ге жуық білекті де, жүректі спортшылар бақ сынады. Бабы мен бағы қатар шапқан жеңімпаздарға алтын белбеу және «Жекпежек» ұлттық федерациясының президенті Б.Тұрсыновтың дипломы табысталды.


Жарысты ұйымдастырушы жекпе-жектен аға жаттықтырушы С.Қалжанов пен «Орда жекпе-жек» жауынгерлік клубының негізін қалаушы Е.Байназаров жарысқа қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Екі күнге жоспарланған облыс біріншілігіне аудан намысын қорғап, Ақмая ауылынан барған №9 спорт мектебінің оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетейік, облыс чемпионатында ерекше көзге түсіп, алтыннан алқа таққан Рамазан Оразмаханов пен алтын белбеу иегері Бекарыс Мырзағали шеберлігін көрсете білді. Шаршы алаңда өздерін еркін сезініп, төккен тер мен еткен еңбектің арқасында қарсылас шақ келтірмеді. Дәл осы жекпе-жекте бітімі бөлек, қайсар, жігерлі жас Нұрлыбек Елеусіз де ел үмітін ақтады. Жас чемпион Нұрлыбектің жаттықтырушысы Қасымхан Сәдуовтың қуанышы қойнына сыймай, бөркін аспанға атты. «Ұстазсыз шәкірт – тұл» демекші, осы кіл мықтылар қатысқан додаға шәкірт дайындап, тақымын қысып отыратын Нариман Елупанов пен Мұстафа Талғатұлының да еңбегі орасан зор. Иә, сонымен жарыс қорытындысы бойынша қоржынға 5 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлде салынып, аудан мақтаныштары ел мерейін өсірді. Облыстық біріншілікте көзге түсіп, спортты жанына серік еткен жеңімпаздарға Қазақстан чемпионатына жолдама берілді. Жеңісті күндер көп болғай!

М.ИБРАГИМОВ
30 қаңтар 2024 ж. 210 0