Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан спортшылары жеңіс тұғырында

Аудан спортшылары жеңіс тұғырында

Бүгінде жастар арасында танымалдылыққа ие спорттың түрі – таэквондо. Аталған спорт түрінің тарихы тереңде жатыр. Алайда, таэквондо заманауи күрес жүйесі ретінде ХХ ғасырда қалыптасты. Ал біздің елімізде жекпе-жектің бұл түрі тәуелсіздікпен бірге келді десек қателеспейміз. Сол жылдары аты әлемге мәшһүр таэквондошы Мұстафа Өзтүрік Қазақстанға келіп, таэквондо жоғары мектебінің негізін қалағаны көптің есінде шығар.
Шиелі ауданында да спорттың бұл түрін жетік меңгеріп, байрақты бәсекеде топ жарып жүрген спортшылар баршылық. Олардың басым бөлігі №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері. Қазіргі таңда спорт мектебі 1602 жасөспірімді 14 спорт түрі бойынша дайындауда. Соның ішінде таэквондоға көптің қызығушылығы жоғары. Бұл жөнінде аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Сламбек Мұсатаев айтқан болатын.
– Таэквондоның ауданда дамып келе жатқанына 10 жылдың жүзі болды. Ақан Имамбек, Ботагөз Қапанова сынды спортшылардың ізін жалғағысы келетін жеткіншектер көп. Сол себепті біз аудандағы бірнеше елді мекендерде таэквондо үйірмесін ашуды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ алдағы уақытта таэквондодан аймақты қамтитын турнир өткіземіз, – дейді жаттықтырушы.
Жуырда Алматы қаласы Балуан шолақ спорт кешенінде «Жеңіс таэквондо спорт клубының» республикалық ашық турнирі өтті. Аталған додада бақ сынау үшін Шиеліден 20 оқушы аттанған болатын. Жаттықтырушысының айтуынша, бұл жас өрендердің алғашқы турнирі екен. Алайда, алғашқысы болса да, аудан абыройын қорғаған спортшылардың ішінен 16-сы жеңіс тұғырынан көріне білді. Солардың ішінде ең кішісі №152 мектептің даярлық сыныбында оқитын Жүніс Оразай. Ол 23 кг салмақта жекпе-жекке шығып, ІІІ орынды қанжығасына байлады. Ал ең үлкені Мадияр Байтұрсынов №50 мектептің 7 сынып оқушысы. М.Байтұрсынов 41 кг салмақтық дәрежеде бақ сынап, ІІ орынды қоржынға салды.
Сабырлылық пен сенімділікті талап ететін спортпен айналысқан қыздар да Алматының төрінен бос қайтпады. №251 мектептің шәкірті Гүлсезім Өмірбекова І орынды иеленсе, Мақпал Демеухан ІІІ орынның тұғырынан көрінді. Сонымен қатар №157 мектептің білім алушы қыздары да ауданға олжалы оралды.

М.ҚҰРМАНҒАЛИ

19 қараша 2019 ж. 989 0