Колледж мақтанышы
Таэквондо – корей халқының ұлттық спортының бір түрі. Біздің елге жекпе-жектің бұл түрі тәуелсіздікпен бірге келді десек болады. Дәл сол жылдары әлемге әйгілі таэквондошы Мұстафа Өзтүрік атажұрты Қазақстанға келіп таэквондо жоғары мектебінің негізін қалаған еді.
Бүгінгі мақаламыз Мұстафа Өзтүріктің жолын қуып, таэквондодан спорт шеберіне үміткер, Шиелі индустриалды аграрлық колледжінің білім алушысы, республикалық, облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпазы Иманбек Ақан Ерғалиұлы туралы болмақ. Ақан Бала би ауылындағы спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Қазіргі таңда Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде «Ұсату қондырғысының машинисі» оқу тобының II курсында білім алады. Ақан колледжіміздің одан әрі ауданымыздың, облысымыздың мақтанышы десек артық айтпаймыз. Оған дәлел Ақанның аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын алуы. 2018 жылы Райымбек батырды еске алуға арналған, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын орындауға арналған ашық республикалық турнирінде І орын алып, Қазақ елі Тәуелсіздігінің 27 жылдығы, Қызылорда облысының 200 жылдығы, Шиелі ауданының 90 жылдығы, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің 60 жылдығы қарсаңында Ақан өз туған жеріне, білім алып отырған оқу орнына үлкен сый тарту етті. 60 жылдық тарихы бар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі ұжымы, ұстаздары, студенттік өмірдің қызығы мен қиыншылығын бірге бөлісіп жүрген достары Ақанмен мақтана отырып, болашақта қазақ елінің әнұранын өзге елде орындатып, еліміздің көк туын желбірететініне кәміл сенеді.
Г.ЖОЛЫМБЕТОВА, Г.ӘБДІРАХМАНОВА,
Шиелі индустриалды-аграрлық
колледж ұстаздары.