Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортта бағы жанған қыз

Спортта бағы жанған қыз

Елімізді әлемге танытудың бірден-бір жолы – спорт. Талай қазақ баласы спортты өзіне серік етіп, әлемдік аренада Отанымыздың көк туын биікке желбіретіп, әнұранымызды әуелетуге әуес жастардың қатары көбейіп келеді. Оған себеп, мемлекеттің спорт саласына көрсетіп жатқан қолдауын бүгінгі жастар жақсы сезінеді. Бұл қолдау тек жастарды спортқа машықтандырумен шектелмей, олардың бойында патриоттықты қалыптастыруға да септігін тигізіп отырғаны ақиқат.
Жуырда Алматы қаласындағы «Жеңіс» кәсіби спорт клубының кубогіне арналған жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнир өз мәресіне жетті.Аталған чемпионатқа 5 елден 1500 ге жуық спортшы қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Ал, Сыр өңірінің намысын қорғауға Ж.Баһадүр атындағы мектеп интернат колледжінде тәлім алған 10 таэквондошы қатысты. Байрақты бәскеде үміт артқан балғын жастар сенімді ақтады. Нәтижесінде, 3 алтын, 4 күміс, 2 қола медальды қанжығасына байлады. Чемпионат барысында жас спортшы Таңсұлу Шералы таэквондодан алтынан алқа тақты. Елде таэквондоның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жас спортшының бұған дейінгі жеткен жетістіктері аз емес. Спортта бағы жанған Таңсұлу Шералының оқуда озат, өмірде зерделі болуына атасы мен әжесінің ықпалы тиген. Оны атасы Шералы спорт үйірмесіне өзі жетектеп апарған. Жанкүйерлердің қошеметіне бөленген ол чемпионаттарда намыс­ты қолдан бермей, алтыннан алқа тағынып, үздіктер қатарыннан көрініп жүр. Татамиге шыққан қарсыласты шақ келтірмей, тегеурінді қимылының арқасында айқын басымдықпен жеңіс тұғырынан көрінді.
– Спорттың қай түрі де оңай емес, бірақ өзіңнің икемің бар спортқа бейімделсең, үлкен додаларда топ жаруға тез жол ашылады. Менің кішкентай кезімнен таэквондоға қызығушылығым басым болды. Қазір шүкір, салада аз-маз жетістігім бар. Бұйыртса, атаммен әжем артқан сенімді ақтап, мемлекет мерейін үстем етер үлкен сайыстарда топ жаруға күш саламын, – дейді Таңсұлу Берікқызы.
Кейіпкеріміз сырт аймақтарда ұйымдастырылған айтулы жарыстардан да олжасыз қайтпапты. Мәселен, осыған дейін саралай кетсек, 2016 жылы WTF Таэквондодан балалар арасында ҚР чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойына орай Тұңғыш Президент күні мерекесіне арнайы ұйымдастырылған таэквондодан облыстық ашық түрнирде І орынды, 2017 жылы Астана қаласында өткен балалар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында I орын, Алматы қаласында 2017 жылы Олимпиада чемпионы Бекзат ­Саттархановты еске алуға арналған таэквондодан WTF ІІІ-ші Республикалық турнирінде І орынды жеңіп алды. 2018 жылы Түркістан қаласында өткен таэквондодан ҚР чемпионатында 36 кг салмақ дәрежесінде ІII орынды иемденді. 2019 жылы Қызылорда қаласында өткен таэквондодан халықаралық турнирде 34+ кг салмақ дәрежесінде 1 орынмен кубок жеңіп алды. Жалпы, спортта жеткен жетістіктерінің бірнешесін ғана ұсындық. Бұл жағымды жаңалықты естіп, жерлесіміз үшін біз де қуандық.Таңсұлудың алар асуы мен бағындырар белесі алда.

Шапағат Тілеубаев
20 қараша 2021 ж. 886 0