Тартысты турнир үстел теннисінен өтті
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында үстел теннисінен облыстың ашық біріншілігі Қызылорда қаласының спорт мектебінде өтіп, оған ауданнан 12 мүмкіндігі шектеулі тенисші қатысты.
Тағдыр тауқыметін тартқан жандар арасындағы шараға талас қызықты һәм тартысты өтті. Мұнда көрермен көзайымына айналған ойыншылардың қатары көп болды. Иә, қазір көшеге шығып қайыр тілеп, не болмаса, ата-анасының тапқан табысына жатып ішуге машықтанған он екі мүшесі сау, басы аман, тепсе темір үзетін азаматтарымыз жетерлік. Міне сол жігіттер Құдай басына сынақ беріп, денсаулығына кінәрат берсе де соған сабыр етіп, мына өмірді сүюге құштар осындай жандардан үлгі алса екен деген ойға келесің.
Жарыс қорытындысы бойынша I орынды А.Смайлов, Ұ.Амангелдиев, Ш.Абенова, А.Жұмаділова иеленсе, II орын Ә.Әлімбетов пен Е.Жалғасбайға бұйырды. III орынға Е.Сәрсенов, Ұ.Сейтенов, М.Жолдасов, Б.Жүсіп ие болып, жеңімпаздар жаттықтырушылары – А.Қалманов пен Е.Зермұхамедовке ризашылығын білдірді. Турнир жеңімпаздары облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломымен және медальдарымен марапатталды.
«Өскен өңір» ақпарат