Геннадий Головкин Данияр Елеусіновтің орнына өзбек боксшысын таңдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов 8 маусымда өтетін Геннадий Головкин мен канадалық Стив Роллс арасындағы жекпе-жектің андеркардына шықпайтын болды.
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің промоутері мен Головкиннің командасының арасында алдын-ала келісім болған. Алайда, GGG өзінің жекпе-жегінің аясындағы андеркардтардан Елеусіновті алып тастады. Оның орнына өзбекстандық Исраил Мадримовты қосты. Әзірге Геннадийдің өзі бұған қатысты пікір білдірген жоқ.«Кәсіпқой боксқа ауысқанымнан бері Головкин менімен сөйлескен емес. Ол жақында өзгеріп шыға келді. Оның туған қаласының азаматтары, достары, жалпы таныстары Генаға жете алмай жүр. Кейде адамдар өзгереді», - дейді Елеусінов Boxing Monthly берген сұхбатында.
Ал Даниярдың менеджері Зия Алиевтің айтуынша, бұл Геннадий Головкиннің қалауы болған.
«8 маусымдағы бокс кешіне Данияр Елеусінов қатыспайтын болды. Шыны керек, тіпті, не болғанын біз түсінген де жоқпыз. Өйткені, жекпе-жектің өтетіні туралы промоутерімізден хабарлама келген. Әрдайым кездесу алдында промоутеріміз осындай қол қойылған хат жіберіп отырады. Онда 8 маусым күні «Мэдисон Сквер Гарденде» өтетін Головкин – Роллс кездесуінің андеркарды, 10 раундтық жекпе-жек деп жазылған. Біз бұл кездесуге өз келісімізді бердік. Бірақ аяқ астынан Даниярдың жекпе-жегі алынып тасталды. Түсінгеніміз бойынша, бұл Геннадий Головкиннің жеке қалауы болған тәрізді», - дейді Зия Алиев.
Данияр Елеусінов енді 25 мамырда АҚШ-тың Мэрилэнд штатындағы Оксон-Хилледе өтетін бокс кешіне қатысады.
BAQ.KZ