12 жастағы қазақстандық қыз джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанды
ҚазАқпарат - 12 жастағы Жібек Құлымбетова «Abu-Dhabi World Jiu-Jitsu Championship-2019» жарысында бразилиялық джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жібек 32 келіге дейінгі салмақта сүр белбеу иегері болатын. Жалпы алғанда қазақстандық балуан қыз Испания, БАӘ сияқты мемлекеттердің ең мықты деген 5 спортшысымен белдесті. Олардың барлығында таза жеңіске жетті. Финалда ол Біррікен Араб Әмірліктерінің атынан өнер көрсеткен қарсыласын ауырту әдісімен жеңді. «Мен екі дүркін әлем чемпионы атандым. Маған қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Әсіресе, «Sagadat Batyr - QTT» клубының бапкерлеріне алғысым шексіз. Олар маған осындай мүмкіндік жасады. Жеңісімен әрине, қуаныштымын. Алға, Қазақстан!»,-деп жазды Жібек өзінің Инстаграм парақшасында. Айта кететін мәселе, Жібек Құлымбетова бір жыл бұрын Абу-Дабиде өткен осы чемпионатта «алтын» алған болатын. Жас спортшы джиу-джитсумен Алматы облысында Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Sagadat Batyr залында екі жылдан бері айналысып келеді. Бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров. Осы уақыт арлығында ол көптеген республикалық және халықаралық жарыстарды жеңіп үлгерді.
inform.kz