Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДЕПУТАТТАР АКТЕРЛЕРМЕН «КИНЕМАТОГРАФИЯ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

ДЕПУТАТТАР АКТЕРЛЕРМЕН «КИНЕМАТОГРАФИЯ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ


Алматыда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Қазақстан Республикасы Мәжіліс Парламенті депутаттары Қазақстан кинематографистері, киностудия қызметкерлері және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
Отандық киноиндустрия өкілдерімен кездесуге Қазақстан Республикасы Мәжіліс Парламенті депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері: Гүлнар Иқсанова, Кәрібай Мұсырман, Бейбіт Мамраев, сондай-ақ, Алматы қалалық маслихаты депутаты Ислам Байрамуков, Алматы қаласының Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева келді.
– Кинематография саласын құқықтық тұрғыда реттеу, ұлттық киноөндіріске қолдау және дамуына ыңғайлы орта қалыптастыру мен ұлттық фильмдердің прокаты және дистрибуциясын қадағалау, отандық киномыздың сапасын көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін заң қажет.  Осы орайда, ортақтасып оң нәтиже шығару үшін біз сіздермен арнайы кездесуге келіп отырмыз, – деген Гүлнар Иқсанова сөзін былай деп жалғастырды, – және ең бастысы, бұл заң жобасын талқылауға біздің сайт арқылы, еліміздің кез-келген азаматы қатыса алады.
– Өткен жылдың аяғында мәдениет және спорт министрлігі парламент отырысында кинематография туралы заң жобасын ұсынған еді. Қазір біз оны жан-жақты талқыға салып отырмыз. Біз сіздер – кинематографистерді – осы талқылауға эксперт ретінде қатысуға шақырамыз. Қатыссаңыздар, біз тек қуанамыз, өйткені заңда отандық кинематография туралы барлық мәселелер қарастырылғанын қалаймыз, – деді Бейбіт Мамраев.
Кездесу барысында депутаттар «Қазақфильмнің» күнделікті жұмысы және техникалық жабдықтарымен, декорацияларымен, костюмдерімен, реквизиттерімен танысты.
Кездесудің басты тақырыбы Парламентте талқыланып жатқан, отандық киноиндустрияның болашақтағы дамуындағы негізгі бағыттары көрсетілген «Кинематография туралы» заң жобасы болды. Сондай-ақ, кездесуде еліміздің әлеуметтік-мәдени өмірінде отандық кинематографияның алатын орны мен мақсаттары, бүгінгі жағдайы мен отандық киноөнердің келешегі сөз етілді.
Отырыста танымал режиссерлер, актерлер және продюсерлер қажетті өзгерістер туралы өз ойларын ортаға салды. Дәлірек айтатын болсақ, режиссер Рүстем Әбдіраш социалистік елдер қатарында болған Венгрия мен Болгарияның ұлттық кинематографиясын сақтап қала отырып, голливудтық студиялармен қарым-қатынас орната алғанын мысалға келтірді. Актер Нұржұман Ықтымбаев «Қазақфильм» киностудиясын бірыңғай және бірегей кинематографиялық комплекс ретінде сақтап қалу керектігін айтты. Ал кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов пен жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай отандық әлеуметтік маңызы бар киноның көптеген елдерде мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетіні туралы және идеологиялық маңызы бар фильмдердің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор екенін баса айтты.
– Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясы  – ұлттық бренд және Қазақстан киноиндустриясының қозғаушы күші. Біз – Қазақстанның кинематографистері еліміздің «Кинематография туралы» заңын күтіп жүргенімізге көп болды. Бұл заң: кинематографистердің, кино өндірушілердің, прокатчиктердің, дистрибьюторлардың жұмысын реттеп отырады, кино индустрияның экономикалық тетіктерінің дамуын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар салықтық артықшылықтар, кедендік жеңілдіктер және мемлекеттік субсидиялау механизмі сияқты нарықтық механизмдер арқылы жағымды инвестиялық климат қалыптастырады, – деді жиынның соңында сөз алған Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Бақыт Қайырбеков.
Еркін ҚАЛДАН
15 қаңтар 2018 ж. 1 196 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930