Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » мемлекеттік қызметшілерге өзін көрсетуге мүмкіндік көп

мемлекеттік қызметшілерге өзін көрсетуге мүмкіндік көп

Еліміздің ертеңі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданы және кәсібилігіне байланысты. Осы орайда Шиелі аудан әкімі аппаратының персоналды басқару кадр қызметі бөлімінің басшысы Ратова Құттықыз Артыққызымен сұхбаттасқан едік.

– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру басым бағыттардың бірі болып белгіленген болатын. Осы ретте мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру реформасының қоғамға пайдасын айтып өтсеңіз?
– Елбасының бастамасымен жасалып жатқан реформалардың негізгісі «Ұлт жоспары – 100 нақты қа­дам­ның» алғашқы 15-і мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруден басталуының өзі қазіргі таңда мемлекеттік қызметке аса көңіл бөлініп отырғанының айғағы. Осы іс-шаралар аясында, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңартылып жатқандығы мемлекеттік қызметке – өз ісіне берілген білімі мен біліктілігі жоғары, Отансүйгіш азаматтардың мемлекеттік қызметке келуі өз кезегінде экономикалық бағдарламалар мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапалы іске асырылуын қамтамасыз ететін, халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге арнайтынына сенімім мол. Мұндай мемлекеттік аппарат мемлекет пен ұлттың ұзақ мерзімді мүдделерін басшылыққа алады.
Елбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын құру турасында «осылайша мемлекеттік қызметтің ғана емес, сонымен қатар, барынша сыбайлас жемқорлық көріністерін ескертуге бағдарланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі де жаңғыртылды» деп атап өтті.
– Мемлекеттік қызмет туралы заң жаңадан бекітілгенін білеміз сол жөнінде өзгерістер қандай болмақ?
– Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Бұл елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру кезеңі бастау алғанын білдіреді. Заңдарды әзірлеу кезінде Германия, Сингапур, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея және т.б. сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі ескерілді. Заң ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, біліктілік негізінде мансаптық өсуге, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауға бағытталған. Мемлекеттік қызмет жүйесінде тамыр-таныстық, ағайынға бұрушылық және қамқоршылыққа жол беретін шарттарды барынша жоюға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл қоғам талаптарына толық сәйкес келеді.
– Мемлекеттік қызметке алғаш рет келгендер қандай кезеңдерден өтуі қажет?
– Мансаптық модель аясында мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушылар кәсіби қызметтерін тек төменгі сатыдан бастайтын болады. Бұл үшін олар мынадай айналым сатыларынан өтеді: заңнаманы білуден тестілеу; жеке қасиеттері мен негізгі құзыреттерін бағалаған уәкілетті органның қорытындысы; мемлекеттік органда бейінді білімі бойынша конкурстық әңгімелесу.
Сондай-ақ, мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген азаматтарды, сондай-ақ, мемлекеттік әкімшілік қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілерді олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарына сәйкестігін тексеру үшін 3 айға сынақ мерзімі белгіленеді, яғни, алғаш рет қабылданушылар үшін міндетті сынақ мерзімі белгіленеді.
Олар үшін белгілі бір дағдыларды білу талаптары мен сынақ тапсырмаларын қамтитын 3 айға жеке бейімделу жоспары жасалады. Жеке бейімделу жоспарын орындаушыға көмектесу мақсатында тәжірибелі қызметкерлер арасынан тәлімгер бекітіледі. Жоспарды орындау нәтижелері жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшінің басшылығымен бағаланады.
Егер жоспар орындалмаса, мемлекеттік орган басшысы бейімделу жоспарын қайтадан орындауға мүмкіндік беріп, оны тағы үш айға ұзарту не болмаса босату туралы шешім қабылдауға құқылы болады. Ұзартылған үш ай сынақ мерзімінде де теріс нәтиже көрсетсе, мемлекеттік қызметші міндетті түрде босатылады. Бұл ретте, жұмыстан босату агенттікпен немесе оның аумақтық бөлімшелерімен келісіледі.
– Мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуі қалай жүзеге асырылады?
– 80 мыңға жуық тұрғыны бар Шиелі ауданында бүгінгі күні 208 мемлекеттік қызметші мемлекеттік міндеттерді атқаруға өз үлестерін қосуда.
Мемлекеттік қызметшінің қызметтік жоғарылауы оңтайландырылған тәртіппен және қысқа мерзімде ішкі конкурс арқылы жүргізіледі. Ішкі конкурс екі кезеңді қамтиды. Біріншісі бос қызмет орнын толықтыратын мемлекеттік орган ішінде қызметкерлер арасында іріктеуді көздейді.
Мемлекеттік орган ішінде ыңғайлы үміткер болмаған жағдайда, екінші кезең жарияланып, онда барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында іріктеу жүргізіледі. Конкурстарға төменгі қызметтерде жұмыс тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшілер қатысуға құқылы.
Ішкі конкурс өткізу туралы хабарландырулар мемлекеттік органның және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурстарында жарияланады. Оларды өткізу мерзімі екі еседен астам қысқартылды (бұрын ол кем дегенде 25 жұмыс болса, қазір 7-ден 10 жұмыс күніне дейін). Хабарландыру жарияланған ішкі конкурстарға үміткерлер қатыспаса, басқа қызметкерлер, азаматтар еңбек өтілі бар азаматтардың арасында жалпы конкурс өткізіледі. Бұл дегеніміз, енді әрбір мемлекеттік қызметші үшін өзін көрсетуге барлық мүмкіндік бар және сәйкес құзыреттілігі болған жағдайда талаптанған лауазымға тағайындала алады.
– Өзгертілген тестілеу форматының ерекшелік­теріне тоқталсаңыз...
– Мемлекеттік қызметке іріктеуде білім, дағды және іскерлік маңызды. Бірінші бағдарлама – 155 сұрақтың кем дегенде 95-не, екінші бағдарлама – 130 сұрақтың кем дегенде 78-не, үшінші бағдарлама - 100 сұрақтың кем дегенде 50-не, әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беру керек.
Заңнаманы білуге арналған тестілеуден өткеннен кейін шекті мәннен жоғары нәтиже көрсеткен үміткер 20 минуттың ішінде автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау тестілеуіне жіберіледі. Автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау шеңберінде кандидаттардың даму деңгейлері, атап айтқанда, жігерлілігі, коммуникативтілігі, талдамалылығы, ұйымдастырушылығы, мінез-құлқы, сапаға бағдарлануы, тұтынушыға бағдарлануы және сыбайлас жемқорлыққа шыдамсыздығы анықталады.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша сертификат, жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беріледі. Олар бір жыл ішінде қолданылады және мемлекеттік органдармен әңгімелесу нысанында өткізілетін үшінші сатыға – жалпы конкурсқа қатысу құжаттарының ажырамас бөлігі болып табылады.
– Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін басқа қандай шаралар қолданылады?
– Мансаптық модельдің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда көрсетілген іріктеу тетіктерімен қатар, шетелдік менеджерлерді тарту да ұсынылды. Олар кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен келісім-шарттық негізде жалданып жұмыс істейді және арнайы тексеруден өтеді.
Жалпы, мемлекеттік қызмет саласында ең маңызды мәселе – персоналдың жетік білімді, әрі білікті болуы.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігін дамыту үшін кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыру заңды түрде бекітіліп, мемлекеттік қызметшілерді өзекті және тиімді оқытуды қамтамасыз ету үшін қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламалары тәжірибеге енгізілді.
Шиелі ауданы әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру бойынша 2017 жылдың қаңтар-қазан айларында қайта даярлау­дан – 15, біліктілігін арттырудан – 54 қызметкер білімін жетілдірді.
Қорытындылай келе, еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар- ождан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, өз ісіне берілген білімі мен біліктілігі зор, Отансүйгіш азаматтар болып «Біздің міндет – кәсіби мемлекеттік аппаратты құру» – деп елге деген адалдықтың ақ туын абыроймен ұстансақ, еліміздің болашағы жарқын болады деп ойлаймын.
– Талапты жастар үшін қажетті, мазмұнды сұхбатыңызға рақмет, еліміздің келешегі де солардың қолында.

Әңгімелескен
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
14 қараша 2017 ж. 2 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930