Жастар саясаты: атқарылған іс пен алдағы міндет
Жақында өңірде аудан әкімінің төрағалығымен жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңеске дербес бөлім басшылары, мекеме жетекшілері, кент және ауылдық округ әкімдері қатысып, аудан көлемінде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы талқыланды.Жиында бірқатар баяндамашылар жастарды қолдау, жұмыспен қамту, шығармашылық бағыттағы жұмыстар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама оқыды.
Кеңесте Алмалы және Ақтоған ауылдық округтерінде жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Мәліметке сәйкес, Алмалы ауылдық округінде 16-35 жас аралығындағы жастар саны 503-ті құрайды. Қазіргі таңда округ бойынша 82 студент білім алуда. Оның 52-сі жоғары оқу орындарында, 30-ы колледждерде оқиды. Сонымен қатар жастар практикасымен 5 жас маман еңбек етуде.
Жастарды кәсіпкерлікке баулу бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік грант арқылы бірнеше жас өз кәсібін бастаған. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Гүлжаухар Жолдыбаева 1 млн 572 мың 800 теңге көлеміндегі грант алып, тамақ өнімдерін өндіру ісін қолға алса, Еламан Марданаев қой шаруашылығын дамытуда. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында омарта және мал шаруашылығына жеңілдетілген несиелер берілген.
Ал Ақтоған ауылдық округінде 18-29 жас аралығындағы жастар саны 255-ке жетеді. Биыл нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында екі азамат 13 млн теңге көлемінде несие алып, бірі асыл тұқымды жылқы өсіруді, енді бірі шлакоблок шығару кәсібін бастаған. Сондай-ақ ауыл спорт кешеніне 12 адам тұрақты жұмысқа қабылданған.
Кеңесте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұсынған мәлімет бойынша, бүгінде аудан көлемінде 146 үйірме жұмыс істейді. Оған 1545 адам қамтылған. Оның ішінде жастарға арналған 30 шығармашылық үйірмеде 268 жас өнермен айналысады. Жыл басынан бері аудан көлемінде жастардың қатысуымен 245 мәдени шара өткізіліп, оған 14 мыңнан астам көрермен қатысқан.
Айта кетейік, мәдениет саласында жетістікке жеткен жастардың қатары артып келеді. Нартай өнер үйінің шәкірттері республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, аудан мерейін үстем етуде.
Басқосуда Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы тарапынан жастардың репродуктивті денсаулығы мен психологиялық саулығын нығайту бағытындағы жұмыстар да айтылды. Аудан бойынша жастар денсаулық кабинетіне 2025 жылдың алғашқы 5 айында 332 жас жүгінсе, биыл бұл көрсеткіш 400-ге жеткен. Мамандар мектептерде семинар-тренингтер өткізіп, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Мәлімет бойынша 2025-2026 жылдың алғашқы бес айында аудан бойынша кәмелетке толмағандар арасында суицид дерегі тіркелмеген.
Келелі кездесуде жастар саясатын жүзеге асыруда тек мемлекеттік қолдау ғана емес, қоғамның белсенділігі де маңызды екені айтылды. Жастарды білімге, еңбекке, кәсіпкерлікке, мәдениет пен спортқа баулу арқылы олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру – бүгінде басты міндеттерінің бірі екені кеңінен сөз болды.
Кеңес соңында аудан әкімі жауапты сала басшыларына жастармен жұмысты жүйелі жалғастырып, олардың бастамаларына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Айнұр ИБРАШЕВА








