Еңбек қатынастары мәселелері кеңінен талқыланды

Кеше Шиелі және Жаңақорған аудандарында әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтіп, онда өңірдегі еңбек ахуалы жан-жақты қаралды.
Аталған жиынға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Досымов пен еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бас маманы – мемлекеттік еңбек инспекторы А.Ұзақбаев арнайы қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Комиссия барысында Еңбек тәуекелдер картасына сәйкес болжамды тәуекелі бар кәсіпорындардың жағдайы талқыланып, бірқатар мекеме басшыларының есептері тыңдалды. Бүгінде Шиелі ауданы бойынша жоғары және орта деңгейдегі тәуекел тобына 17 кәсіпорын енгізілсе, Жаңақорған ауданында 15 мекеме осы санатқа кіріп отыр.
Талдау нәтижесінде кәсіпорындардың басым бөлігінде тәуекелдің туындауына қаржылық қиындықтар мен міндетті төлемдердің уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отырғаны айтылды.
Сондай-ақ, жиында әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарының уақтылы төленуі, еңбек шарттарын заң талаптарына сай рәсімдеу, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелері көтерілді. Қатысушыларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, оларды сақтамаған жағдайда қарастырылатын жауапкершілік шаралары ескертілді.
Жиын қорытындысында еңбек заңнамасы талаптарын сақтау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және еңбек дауларының алдын алу бағытында нақты тапсырмалар берілді.
"Өскен өңір" ақпарат








