Бедерлі белес биігі
«Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулиелерді аралап, ақыры Райымбек батырдың басына кеп түнеген түні түс көреді… Түсінде ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді, жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мылтықты көтеріп алып, иығына салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады…
Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: “Құрсақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен”, – дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі» — деп жазады Мырзатай Жолдасбеков «Кемеңгер немесе Елбасы туралы тебіреніс» мақаласында.
Енді міне, бүгінде Н.Ә.Назарбаев бүкіл қазақ жұртының сан ғасырлар бойы тілегін жүзеге асырған, елін асқақ биіктен көрсеткен дара, дана тұлға ретінде дүние жүзіне танылып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді басқарған уақыт – тарихи оқиғаларға толы кезең. Бұл кезең еліміздің егемендігін жариялаған Декларациясын, Тәуелсіздігін, Қазақстанның жеке мемлекет екендігін көрсеткен Ата заңын, мемлекеттік рәміздерін қабылдап, елімізді егемен мемлекет ретінде көптеген шет мемлекеттердің таныған жасампаздық дәуірі болып отыр. Тәуелсіздік алғалы бас-аяғы жиырма тоғыз жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымға мүше болды. Қазақстан барлық елдермен достық қатынасын нығайтты, еліміздің экономикасы, мәдениеті, саяси жүйесі нығайды, демократия мен заңдылық, құқық тәртібі жетілді. Ұлттық валютамыз – төл теңгеміз қолданысқа енді. Еліміздің шекарасы бекітіліп, көршілес мемлекеттермен бұл тұрғыдағы құжаттарға қол қойылып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығайтылды.
Тәуелсіздік алған уақыттың ішінде елімізде, 1993 және 1995 жылдары, екі бірдей Конституция қабылданды. Еліміз Президенттік басқару жүйесіне өтті. Биліктің барлық салалары Конституцияға сай қызмет атқаруда. Мемлекетіміздің құқықтық қатынастарын реттейтін көптеген заңдар, кодекстер, заңнамалар қабылданып, мемлекеттік құрылыстың өркендеуіне сүбелі үлес қосылып, кең жол ашылды.
Елімізде халықтар достығы нығайды, дүние жүзіне үлгі болатын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының өркениетті қағидалары толық жүзеге асырылды.
Ғасырлар бойы шет жерде жүрген отандастарымыз, қандастарымыз өз ата-мекеніне орала бастады. Бұл әлі де жалғасуда. Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілінің, дінінің дамуына толық мүмкіндік жасалды. Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты, ядролық шикізат бейбіт өнім өндіру затына айналды. 1991 жылы 29 тамызда Тұңғыш Президент Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы тарихи шешімі қабылданды. Бұл күнді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы
2009 жылы желтоқсанда Қазақстанның ұсынысы бойынша Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы шешім шығарды. Қазір бүкіл әлем Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде де таниды. Қазақстан аумағының орталығында елдің, жердің тұтастығын сақтау мақсатында жаңа Астана дүниеге келді.
Осындай жетістіктер мен табыстар Қазақстанды әлемге танытты. Республикамыздың жедел өркендеу қарқынына дамыған елдердің қайраткерлері де оң бағасын беруде.
Жан-жақты жаңғырулар көшін түзеген тәуелсіз еліміздегі іргелі өзгерістерді бүгінде әлем жұртшылығы мойындап үлгерген. Тарих толқынында талай қилы кезеңдерді басынан өткерсе де, кемел келешекке керуен тартқан жас мемлекеттің жарқын жетістіктерінің бастауында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар.
Н.Назарбаев еліміздің егемендігін тұңғыш жариялап қана қоймай, ерлікті еңбекпен, даналықты әлемдік саясатпен ұштастырды, елдің ел болып өркен жаюына, өркениетті мемлекет дәрежесіне танылуына білімі мен билігін, ойы мен парасатын, күш-қуаты мен жігерін жұмсап отырған дара да дана, әрі ұлы қайраткер. Ол Мемлекет басшысы ретінде елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыттарын кемеңгерлікпен айқындап, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік жүргізу құқығын Қазақстан Республикасы Конституциясына сай жүзеге асырып келді.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың алдына қойған ең басты мақсаты да адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, бейбітшілікті, ел бірлігін сақтау, мемлекеттің экономикасын және саяси жүйесін дамыту, халықтар достығын нығайту, елімізді өркениетті елдер қатарына қосу екені баршаға аян.
1991 жылғы 1 желтоқсанда болған, ел азаматтарының 88,23 %-ы қатысқан Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы – Қазақстанның жаңа тарихының ұмытылмас кіріспесі, жалпықазақстандық бірліктің маңыз-ды тұғырларының бірі. Сайлауда Н.Ә.Назарбаевқа қазақстандықтардың 98,78 %-ы дауыс берді.
Сол кезде, дәуірлер тоғысқан тұста Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлы жауапкершілік жүктеп, ұлы міндеттер артты. Содан бергі жылдар ішінде ол осы тарихи миссияны Елбасыға тән даналықпен және өз халқына деген перзенттік сүйіспеншілікпен атқарып келді. Ол – идеяларынан үміт туындап, сенім нығая түсетін әрі азаматтарымыздың зияткерлік қуат-қажыры мен ізгі ниетін тарихи ұлы істерге, көпұлтты халықтың бірлігі жолына жұмылдыра білген Елбасы. Есімі мен мемлекеттік құрылысының моделі, саясаты бүгінгі күні әлемдік тарихтың жылнамасына жазылған көрнекті де прогресшіл басшыларының атқарар жүгі қашанда осындай болған.
Осыдан 29 жыл бұрын Н.Әбішұлы қазақ халқын ортақ тарихи тағдырмен біріккен он бес миллион адам үшін қолдан келмес шаруа жоқ екеніне, татулық пен келісімде өмір сүру, білім, жасампаз еңбек, өзіңе және өз халқыңа деген зор сенім ғана жақсы болашаққа бастар жол аша алатынына сендіре алды. Туған жерінің қадір-қасиеті сүйегіне сіңген нағыз Елбасы
ретінде ол осы істе өз халқының іргелі құндылықтарын – бейбітшілік сүйгіштік пен тағаттылықты, жаңа білім мен дағдыларға деген ашықтықты, дәстүрлі рухани жомарттықты, азаттық рухы мен ынтымақтастықты өзіне серік етті.
Бүгінде әлемді жалмаған аты жаман індет Елбасыны да айналып өтпеді. Н.Назарбаев коронавирус дертіне шалдықты дегенді естіген жұрт біраз абдырап қалғаны рас. Дегенмен рухы мықты, кемеңгер көшбасшы бұл сынақтан да сүрінбей өтті. Саналы ғұмырын халқы үшін сарп еткен Тұңғыш Президент бүгінгі күні 79 жасқа келіп отыр.
Қазіргі таңда Елбасы қалаған еліміздің сарабдал саясатын мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезеңде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дамытып және нығайтып келеді. Қазірдің өзінде Тарих таспасына Н.Назарбаев өшпестей етіп жазған парақтардың бар екені анық, оның саяси батыл көзқарастарын Қазақстан саясаткерлері мен азаматтары-ның әлі бірнеше ұрпағы өз бойына өлшем тұтатыны сөзсіз.
Гүлхан ЯХИЯ