ЫНТЫМАҚТЫҢ СИМВОЛЫ БОЛҒАН ЕЛБАСЫ
Елімізде тұңғыш Президент күні биыл жетінші рет тойлануда. Әлемдік аренада татулық пен бірліктің, ынтымақтың символына айналған Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған уақыттың ішінде көптеген игі істердің бастамашысы бола білді. Оның көрегенділігін, болашақты болжай отырып дұрыс шешім қабылдай білетіндігін бүгінгі күні тек қазақ халқы емес, бүкіл дүниежүзі мойындап келеді.
Елбасы үлкен арман-тілекпен дүниеге келген бала. Әкесі Әбіш пен анасы Әлжан шаңырақ көтергеннен кейін бес жыл бойы перзент сүйе алмайды. Сәби иісін аңсаған жұбайлар Алладан бала сұрап, Райымбек атаның зиратына түнеуге барғанда, анасы түс көріпті. Түсінде мылтықпен өзенді кешіп өтеді екен. Таңертең шырақшыға айтса, шырақшы ұл табасың, ұлың ел басқарады деп жориды. Тағы бірде бала Нұрсұлтан түсінде таудың басына бір қап тұз арқалап шыққанын көріп анасына айтады, анасы несібең тұздай көп, мәртебең биік болады деп жақсылыққа балайды.
Мемлекет басшысы тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өзінде жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды. Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігінің арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Алып мемлекеттердің өзі елімізді мойындап, ақпарат құралдарында Елбасы жайлы жағымды пікірлерін білдіруде.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
– Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны. Бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын бұл қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді, жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? – деп ойлап тұрады.
Дональд Трамп, Америка Құрама Штаттарының Президенті:
– Мен Президент мырзаға «ЭКСПО-2017» арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жаһандық үнқатысуды ілгерілетудегі көрегендігі мен көшбасшылығы үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай нығая түсетініне үміттенемін.
Реджеп Тайып Эрдоған, Түрік Республикасының Президенті:
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев елдеріміздің достығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді.
Иә, бұл тәуелсіздіктің небәрі 27 жылдығы ішінде бағындырған белестеріміз. Алда алар асуларымыз одан да көп. Бүгінде еліміз дамудың даңғыл жолына түсе отырып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуға ұмтылған еді. Бұл белесті де, одан да зор асуларды да бағындыратынымыз сөзсіз. Оған Елбасымыздың бастамасымен қабылданған бағдарламалары мен мақалалары өз септігін тигізері сөзсіз.
Дайындаған
Г.ЯХИЯ.