Ескі үйлерді сүріп, жерді бизнеске беру керек – Назарбаев
Қазақстан Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде ескі үйлерді сүріп, жерлерді бизнесмендерге беруді тапсырды.
«Біз қолжетімді баспаналар туралы айтамыз. Адамдар сол жерге көшіп барсын деген ниетпен саламыз. Халық ескі үйлерінде тұрып, жаңаларын ақша табу үшін жалға береді. Бір қарағанда, бұл нәрсе дұрыс болып көрінетін шығар. Бірақ, бізге ескі үйлерді сүру қажет», - дейді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде.Елбасының айтуынша, бұл мәселеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті қолдану қажет.
«Мысалы, салынғанына 60-70 жыл өткен төртқабатты «хрущевкалар» тұр. Осы ескі үйлерді сүріп, жерді бизнесте пайдалануға беруіміз қажет. Бұл тиімді емес пе?! Бизнеске пайдасы бар. Әдетте мұндай үйлер қаланың ортасында жақсы жерде орналасқан. Оның үстіне бұл қаланы көріктендіре түсуге де пайдасын тигізеді. Сондай-ақ, халыққа жақсы жерге көшіп баруға мүмкіндік туады. Бұл халықтың денсаулығы мен көңіл-күйіне қатысты мәселелер», - дейді Назарбаев.