Мамандық таңдауға бағыт берді
Кез келген мемлекет үшін білім мен ғылымды дамыту маңызды. Қазақ елі үшін де білімді буынның қатарын көбейту мемлекеттік саясаттың басты тетіктерінің бірі. Сондықтан, елімізде білім беру және ғылым саласын дамыту үшін қолға алынып жатқан шаралар едәуір. Елбасы: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп атап көрсетті.Мемлекет басшысының ұсынысымен биылғы жылды жастар жылына арнады. Сондықтан, жастарға бірінші білім, екінші мамандық, үшінші жұмыс керек. Материалдық жағынан толыққанды, бірақ рухани әлсіз адам қоғамға кесірін тигізетін болғандықтан, оларға бағыт-бағдар беріп, таразының екі басын тең ұстап, деңгейге сай дамудың маңыздылығын көрсетеді. Жастардың кешегі тарихымыз бен бүгінгі өркениетімізді терең біліп, таным көкжиегін арттырып, білімін шыңдау үшін мектептептегі алатын білімнің үлесі зор. Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие өзекті мәселе екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Жоғарғы сынып оқушыларын түрлі мамандықтармен таныстырып, бағыт беру үшін №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінде «Менің мамандық таңдаудағы алғашқы қадамым» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны 9-11 сынып мұғалімдері М.Асанова, М.Оразалиев, Г.Смайлова ұйымдастырды. Жиынға Тартоғай ауылының әкімі Д.Сүйіндік, теміржолшы Б.Сақбаев, дәрігер А.Ысқақова, жас кәсіпкер Н.Серікбай қатысты. Сонымен бірге, индустриялды-аграрлық колледжінің маман педагогтары Б.Дайрақұлов пен С.Асанова да болды.
Жиын барысында ауыл әкімі Д.Сүйіндік «Мамандық – әрбір адамның болашағы сондай-ақ, шаруашылық көзі болып табылатын сүйікті іс. Қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандайда бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Кез келген адам өз мамандығына құрметпен қарауы керек» деп ақылын айтты. Колледж ұстазы Б.Дайрақұлов 60 жылдық тарихы бар колледждің бүгінгі келбеті жайлы түсірілген видеороликпен таныстырды. Оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Мектеп бітіретін оқушылар колледжге келіп, түрлі мамандықтың материалдық базаларымен танысуға болатынын айтты. Ауылдың жас кәсіпкері Н.Серікбай әр жұмыстың қиындығына шыдаммен төзе білсең жемісі тәтті болады деді өз сөзінде. Мағыналы пікірлер айтылған бұл шараның соңында мектеп-лицей директоры Қанат Амзиев келген қонақтарға рақметін айтып, түлектерге сәттілік тіледі.
Болашақта жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Адамның қызметін роботтар алмастырады. Қазірде ғылым саласы генді инженерия мен биология бағытын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге адам миын компьютер алмастыра алмайды. Бірақ, келешекте жасанды интеллекттер басқаратын болады. Міне, сондықтан өз ісінің білгір маманы болу үшін қоғамға, адамға пайдасын тигізетін мамандық иесі болуға тілек білдірді.
Ж.Қауғанбаева.