Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҮЙДЕ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАНДА

ҮЙДЕ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАНДА

 

Барлығымыз әр елдің өз дәстүр-салты бар екенін білеміз. Ал жаңа жыл қарсаңының ең керемет дәстүрі – фильмдер көрсету. Әдетте әр жаңа жылдың алдында теледидарда «Один дома» фильмін ұсынады. Бұл фильм көпшіліктің сүйікті туындысына айналғаны сөзсіз. Ал сіз сүйікті филіміңіз жайлы қызықты деректер білесіз бе?
Бірде фильмнің режиссері Крис Коламбус жаңа жылдық мейрамды атап өтуге шетелге аттанады. Сонда оның ойына мынадай сұрақ келеді: егер менің бір балам үйде жалғыз қалса не болады?  Қызықтың барлығы осы бір болмашы ойдан басталды. Режиссер шын мәнінде фильмді түсіруге білек сыбана кіріседі. Арнайы сценарий жазып, оны Маколей Калкинге ұсынады. Жас актер барлық талаптарға сай келетін бірден-бір адам еді. Фильмдегі Кевиннің рөлін сомдау ол үшін қиындық тудырмады. Сонымен қатар бұл фильмде оның інісі Киран бой көрсетті. Сценарий бойынша екеуі ағайындылардың образына ену керек. Олар өмірде де ағайынды балалар еді. Ал оқиғаның ең қызық жері Кевиннің үйіне ұрлықшылардың түсуі болды. Қуақы бала оларға түрлі сынақтар әзірлеген. Бастарына үлкен ыдыстар лақтырды. Еденге шалқасымен тайып құлатты және өртеп те жіберді. Дәрігерлердің сөзінше, бұндай жағдай өмірде қайталанса адамның тіл тартпай кетуі ғажап емес. Фильмде өте көп әйнек сынды. Бірін баспен ұрып сындырды, ал бірін аяғымен басып кетті. Бірақ бұл шын әйнек емес. Шынылардың барлығы карамельден, яғни мұз кәмпиттен жасалған екен.  Фильмдегі өрмекшінің шын болғанын ешкім біле бермейді. Расында, улы өрмекші актердің бетіне қойған кездегі қатты айқай есіңізде болар. Шын мәнінде, ешқандай шусыз түсірілді. Өйткені айқайлаған жағдайда адамның бетіндегі өрмекші шошып, шағып жіберуі мүмкін еді. Бұл эпизодта актерлер өз кәсібилігін көрсетті. Ал айқайлаған дауыс фильмнен кейін арнайы жазылып қосылған.
Маккалистерлердің тұрған үйі бүгінгі күнде де бар және ол музей қызметін атқарады. Чикаго қаласының маңындағы Винника ауылында орналасқан. Ал басқа эпизодтардағы үйлер мен шіркеулер мектеп қабырғасында түсірілген.
Макалей Калкин фильмді сомдағаны үшін 100 000 доллар алған. Жалпы фильмнің бюджеті 18 000 000 долларды құрайды. Ал екінші бөліміне актерға 8 000 000 доллар ұсынылған. Бұндай қаражат сол кездегі кішкентай балалардың ешқайсысында болмаған еді.
Дамир АМАНГЕЛДІ
28 желтоқсан 2018 ж. 1 580 0