Астанада жасалған жүрек имплантациясын Украина мамандары жоғары бағалады
Астанада алғаш рет жасанды жүрек имплантациясы бойынша жасалған операцияны шетелдік білікті мамандар да жіті назарда ұстап, жоғары бағалап отыр. Украинаның осы саладағы мықты мамандары: «Мұндай күрделі операция жасау Қазақстан медицинасының қауқарын көрсетті» деп мәлімдеді. Еске сала кетейік, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы базасында Юрий Пя бастаған мамандар 60 жастағы Абраев Құнанбайға жасанды жүрек имплантациясы бойынша операция жасап, өмірін ұзартқан еді. Науқасқа ұзақ жылдар бойы донор жетіспей, зардап шегіп жүрген. Владимир Жовнир, Украинадағы кардиология және кардиохирургия орталығының бас дәрігері: - Жасанды жүрек имплантациясын жасаудың әдіс-тәсілін шебер меңгерген қазақстандық әріптестерімді құттықтағым келеді. Бұл – елдегі медицина саласының жоғарғы көрсеткіші. Астанадағы ұлттық кардиология орталығы осындай отаның түрін жасау арқылы саланың әрі қарай дамуына себепкер болады. Мемлекет өз науқастарына әлемдегі ең озық операцияның жасауына жол ашып отырғаны қуантады. Андрей Высоцкий, реаниматолог: - Бұл жаңалық әлбетте, осы саладағы ғылымның дамуына сөзсіз әсер етеді. Негізі толығымен жасанды жүрек жасаудың операциясы Еуропаның дамыған елдерінде жүргізіледі. Өйткені мұндай ота мемлекет үшін арзанға түспейді. Енді міне отаның Қазақстанда жасалғаны – қызықтырмай қоймайтын факт. Бұл әрине, медицинаның қауқарын, оның бір орында тұрмай, дамып келе жатқанын әлемге танытты. Енді ер адамның отадан кейінгі жағдайын басты назарда ұстау керек.
24.kz