Алпыс жыл өтсе де...

Сол жылдары ауданда «Райпотребсоюз», «Рабкооп», «Сельпо» атауларымен белгілі мекеме қызметкерлері халықты азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларымен қамтамасыз ететін. Осы кісілердің ішінде Иса ағамыздың анасы Нысанкүл Алдабергенқызы да бар еді.
Кейіпкеріміз 1928 жылы дүниеге келген. Әкесі Алдаберген мен анасы Күлжаннан тараған үш ұл, үш қыздың ортаншысы. 1936 жылы Қызылорда қаласындағы «1 Майда» мектеп табалдырығын аттап, сауатын ашады. Ұлы Отан соғысы басталып, Алғабастағы №158 мектебінде 7-сыныпты 1942 жылы бітіреді. 15 жасынан еңбек жолын бастап, 1950 жылдың 20 сәуіріне дейін Тартоғай сельпосының орталық дүкенінде көмекші ретінде жұмыс жасаған. 1950-1953 жылдар арасында отбасылы болып, екі ұлды дүние әкелді. 1953-1956 жылдары Шымкент қаласындағы кооперативтік техникумын бітіріп, 1975 жылға дейін Шиелі аудандық сельпосында үздіксіз жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шықты. Осы уақыт аралығында аудандық райпотребсоюздың, облыстық тұтынушылар одағының, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Сонымен қатар «Ұлы Октябрь социалистік революциясының» 50 жылдық мерейтойына арналған жарыстың жеңімпазы дипломымен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына» орай мерейтойлық медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.
Апамыздың екі ұлынан сегіз немере, он үш шөбере тарап, еліміздің халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп келеді.
1960 жылдары түсірілген суретте Нысанкүл апай екі құрбысының ортасында тұр. Артқы фонда сол кездегі Шиелідегі санаулы ресторандардың бірінің ғимараты. Кейінен бұл «Общепит» мекемесінің «Кукси» асханасы болды, ал қазір бұл жерде «Заман» мейрамханасы орналасқан.
Аудандық тұтынушылар одағында ұзақ жылдар бойы бас есепші қызметін атқарған Ғалия Сүлейменоваға хабарласқанымызда, бұл көне суреттен Н.Алдабергенқызының сол жағында енесі Қалампыр Оспанкұлова, ал оң жағында Қымбат Жүсіпова апаларымыз бейнеленгенін айтып өтті. Бұл кісілер де кезінде ауданымыздың сауда саласында халыққа мінсіз қызмет жасаған жандар.
Айдар Бақытжанұлы,
Сурет И.Шілмановтың
отбасылық альбомынан алынды
Сурет И.Шілмановтың
отбасылық альбомынан алынды