2018 жылғы 5 сәуірге арналған күнтізбе
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1920 жылы Бурабай курорты ашылды.
1920 жылы Ғұбайдолла Әлібеков (1871-1923) Қазақстанның әділет министрлігінің бірінші комиссары, Қазревкомға мүше болып сайланып тарихта қалды. Ғұбайдулла Әлібеков Қазревкомдағы мүшелік міндеттерінен басқа тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, Ақмола, Ақтөбе, Адай уездеріндегі төтенше оқиғалардың тергеу жұмыстарында белсенді қоғамдық қызметтерді жүргізді.
1991 жылы «Жанубий Козогистон» газеті (аудармасы - «Оңтүстік Қазақстан») алғаш рет жарыққа шықты.
1996 жылы Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкіметі басшылары кеңесінің кезекті мәжілісінде жанармай, энергия және су ресурстарын пайдалану, Орталық Азия аумағында газ құбырларын салу және пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні ретінде бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. 1997 жылы Орал қаласында Алашорда қайраткерлері Жанша мен Халел Досмұхамедовтерге мемориалдық тақта орнатылды. 1999 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі академик Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай номиналы 20 теңгелік шақаны айналымға шығарды.
2006 жылы Алматыда «Халық қаһарманы», КСРО халық әртісі Роза Бағланованың шығармашылығына арналған «АҺ, Самара-қалашық» атты деректі фильм түсірілді. Фильмнің таныстырылымы басты кейіпкердің қатысуымен 7 сәуір күні «Цезарь» кинотеатрында өтті. Р.Бағланованың қазақ өнерін дамытуға қосқан үлесі және оның әні мен үні ел халқының құлағында, көз алдында. Әсіресе, аға ұрпақ оның майдан даласында, оқ пен оттың ортасында тұрып ән салғанын әрдайым еске алады. Демек, бұл Р. Бағланованың шығармашылығына деген құрметтен туған фильм. Картинада әншінің өміріне қатысты мұрағаттық материалдар мен тарихи бейнетаспалар пайдаланылған. Сондай-ақ мұнда оның өнердегі серіктестері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Майя Плисецкаяның лебіздері таспаға басылған.
2006 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Наз» халық биі ансамблі қазақ би өнерінің тарихында тұңғыш рет қазақ күйлері желісімен «Тұйғындар» би спектаклі қойылды. Биді қоюшылар өскелең жасқа бұл шығарма арқылы елдің тарихы мен мәдениетін түсіндіруге тырысқан. Биге Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Е. Брусиловскийдің «Желдірме», А. Жайымовтың «Шалқыма», М. Бердіғұловтың «Көк бөрі», Ә. Қазақбайдың «Жаппас қылыш домбыра», «Тілепалды», Б. Рыспанбеттің «Қыз елік», «Тұйғындар» секілді туындыларымен қатар, халық күйі «Кеңес» пен халық әні «Дедімай-ау» әуені пайдаланылған. 1999 жылы құрылған «Наз» халық биі ансамблі Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биінің ІІ-республикалық байқауының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» байқауының Бас жүлдесі мен Қытайда өткен байқаудың алтын жүлдесін иеленген. Бұл күнде құрамында 50 балет бишісі бар ұжым әр ұлттың 100-ден астам биін меңгеріп отыр. Түркия, Қытай, Корея және Ресей елдерінде өнер көрсетті. Алматыдағы қойылымның бас демеушісі - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және Астана қаласының мемлекеттік филармониясы. 2006 жылы Оралда «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жанынан «Ақ қалфақ» әйелдер клубы ашылды. Татар мәдени орталығы төрағасының орынбасары Светлана Тенишеваның айтуынша, клубтың басты мақсаты - қыз-келіншектер арасында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау. Орталықтың байырғы мүшесі Рауза Ахмедғалиева жетекшілік ететін клубтың бағдарламасы, іс-жоспары жасалып, мұнда қолөнер, ұлттық тағамдарды даярлау, ән-би және басқа үйірмелер жұмыс жасай бастады.
2006 жылы Ақтөбе облыстық өлкетану мұражайы ерекше экспонатпен толықты. Орск қаласының суретшісі Сергей Буркутбаев Ахмет Ясауидің портретін яшма, лазурит сынды асыл тастардан жасап шыққан. Портрет мұражайға Наурыз мерекесі кезінде табыс етілді.
2007 жылы Ресейде «Біздің мыңжылдықтағы адамдар» («Люди нашего тысячелетия») атты энциклопедия жарық көрді, оның бір беті «Қазақстан Алюминий» АҚ президенті Алмас Ибрагимовке арналған. Кітапта танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мәдениет және өнер қызметкерлерінің өмірбаяндары жарияланған. Алмас Ибрагимов «үшінші мыңжылдық адамдары» тізіміне Қазақстанның ең үздік кәсіпорнының басқарушысы ретінде кірді.
2008 жылы Петропавлда Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жастар кітапханасында Балалар кітабы апталығы аясында ресейлік жазушы Анатолий Ким аударған екі томдық «Абай жолы» кітабының таныстырылымы өтті. Қазақ әдебиеті классигі романының алғашқы аудармасын 1978 жылы бір топ ресейлік жазушылар жасаған болатын. Ал Анатолий Ким ұсынып отырған екі томдықтың жаңа нұсқасы Мұхтар Әуезовтің туғанына 110 жыл толуына орайластырылды. Тұсаукесер барысында атап өтілгендей, бірінші және екінші нұсқаның айырмашылығы жер мен көктей. Алғашқысында тапаралық тартысқа, ал екіншісінде Абай тұлғасының қалыптасуына баса назар аударылған.
2010 жылы ҚР Президенттік мәдени орталығының директоры Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа заманауи Қазақстан тарихының алғашқы 14 томын табыс етті.
2011 жылы Астанада ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Назарбаев - ядролық қаруға қарсы әлемнің лидері» кітабының таныстырылымы өтті. Оны белгілі ресейлік саясаттанушы Юрий Солозобов жазған. 2011 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде R&D-зертханасы салтанатты түрде ашылды.
2012 жылы «Қазақтелеком» ҰК» АҚ Павлодарда ТМД-дағы ірі дата-орталығының құрылысын бастады.
2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың China Daily белгілі басылымына сұхбат берді.
2016 жылы Алматыдағы А.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде «Виртуалды ландшафтылар» атты Дитер Зайттың (Германия) көрмесі ашылды.
2016 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты күнделікті саяси газетінде жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, іс-шара аясында өткен кездесулер қауіпті ядролық материалдар айналымын бақылау мәселесіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді, ал АҚШ Президенті Барак Обаманың осы саммиттерді шақырудағы көшбасшылығы ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне нақты үлес қосты.
2016 жылы Елордада вокзал аумағындағы алаңда «Астана қаласында тұрақ кеңістігін басқару» жобасы тестілік режімде жұмыс істей бастады. Вокзал аумағында көлік қозғалысын ұйымдастыруды өзгертудің мақсаты - кез келген көлік түрлерінен жолаушыларды отырғызуға және түсіруге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ вокзал маңында көлік жүйесін және көлік ағынын тәртіпке келтіру.
2016 жылы Алматыдағы 2017 жылғы қысқы Универсиада халықаралық студенттер ойынына қатысуға тіркелген елдер саны бойынша рекорд орнатты. 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиадаға 64 мемлекет қатысуға өтініш білдірген. 2016 жылы Алматыда Қазақстанның мұнай-сервистік компаниялары Одағы (KazService) мен малайзиялық «Hadid Engineering» мұнай компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. 1792 жылы Джордж Вашингтон АҚШ тарихындағы алғашқы президенттік вето қолданды.
1941 жылы фашистік Германия мен Италия тарапынан әскери қауіп төніп тұрған жағдайда Мәскеуде КСРО мен Югославия арасында достастық және шабуыл жасамау жөнінде келісімге қол қойды.